Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Барлық бақыт – балаларға

Барлық бақыт – балаларға

Үлкен-кіші қызыға қарайтын Нағи Ілиясов ауылынан тағы да бір қуанышты хабар жетті. Бұл жолы «Абзал және К» толық серіктестігінің демеушілігімен балаларға арналған ойын алаңы пайдалануға берілді. Жағымды жаңалыққа ауыл халқы, оның ішінде көңілі ақ, ниеті пәк бүлдіршіндер дән риза.

Жаттығу мен ойын алаңының ашылу салтанаты карантиндік талаптар сақтала отырып жоғары деңгейде ұйымдастырылды. "Сырдария ауданның Құрметті азаматы", Н.Ілиясов ауылдық Қоғамдық кеңес төрағасы Нұрмағанбет Қуандықов, Сырдария аудандық мәслихатының депутаты, «Мағжан және К» серіктестігінің директоры Дархан Ералиев, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, «Сыр үміті» қауымдастығының төрағасы Мағжан Ералиев бастаған азаматтар ойын алаңының лентасын қиды.

Балалар ойын алаңы заманауи үлгіде жабдықталған. Бұл жерде балалар ойын ойнаумен қатар спортпен де шұғылдана алады. Сонымен бірге, сырғанайтын шағын жабдықтар мен әткеншектер қойылған. Ең бастысы ойын алаңы ауылдың барлық тұрғындары үшін қолжетімді.

– Бала күнімізде ауылымызда да қаладағыдай ойын алаңдары болса деп армандайтынбыз. Сол арманды биылғы Рамазан айында іске асырып, ауылдағы бүлдіршіндерге қуаныш сыйлағымыз келді. Балалардың жүзіндегі күлкіні, қуанышты көріп өзіміз де шынайы қуанып тұрмыз. Ауылымыз дами берсін! Барлық бала бақытқа лайықты, – дейді Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, «Сыр үміті» қауымдастығының төрағасы Мағжан Ералиев.

Айта кету керек, кешелі бері Нағи Ілиясов ауылына көршілес елді мекен тұрғындары да келіп, балалар ойын алаңының игілігін көруде. Бұл серіктестіктің демеушілігімен жүзеге асқан игі істің бір ауылға ғана емес, бүтін бір ауданға ерекше қуаныш сыйлағанын аңғартады. Ендеше, үлкен-кіші қызыға қарайтын еңселі елді мекенде мемлекеттің және Ералиевтер әулетінің қолдауымен жүйелі жұмыстар жүзеге аса беруіне біз де тілектеспіз!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ


26 сәуір 2021 ж. 581 0