Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№100 газет

21 желтоқсан 2024 ж.

№ 99 газет

14 желтоқсан 2024 ж.

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қандай кітап оқып жүрсіз?

Қандай кітап оқып жүрсіз?

«Кітап – ғылым – тілсіз мұғалім» екенін сан ғасыр бойы оқырманға дәлелдеп келеді. Шаң басқан архивтерден табылған құнды мұраның бағасын ақпараттық технология түсіре қойған жоқ. Ақын-жазушылар түрлі жанрда қалам тербеп, адам санасына сәуле құйғаны мәлім. «Әдебиет – ардың ісі» деген ұғымды берік ұстанған қаламгерлердің қаламы қуатты. Дәуір көшіне ілескен қазақ әдебиетінде соңғы жылдары жаңа құбылыс пайда болды. Бұл – мотивациялық кітаптардың жарық көруі. Өзгеше сарында жазылып жүрген кітаптардың көпшілігі – бизнес, психология, мотивация, денсаулық бағытында жазылады. Ендеше елді елең еткізген кітаптар мен қазақ әдебиеті хақында сөз қозғамақпыз.

Құнды жауһарлар қазақ әдебиетінде

Қазақтың алғашқы романы – Міржақып Дулатовтың «Бақыт­сыз Жамал» екені мәлім. Көрнекті жазушы мәңгі өлмейтін артынан із қал­дырды. Ежелгі ауыз әдебиетінен бастау алатын ұлттың рухани құн­дылығын жою үшін ішкі және сыртқы саясаттың салқындығы қай кезеңде де байқалған. Соған қарамастан ақын-жазушылар терең мағыналы шы­ғармаларды қағаз бетіне түсіре білді. Бүгінгі ұрпаққа жеткен проза мен поэзия жауһарлары кейінгі ұрпаққа мұра. Еселі еңбекпен келген құнды дүниелер ешуақытта өмір­шеңдігін жоғалтпайды.

Бірнеше жыл ұстаздық қызмет етіп, балаларға қазақ тілі мен қазақ әдебиетінен сабақ берген білікті педагог, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Нағыман Әйтенов кітапты ғұмыр бойы жанына серік еткен.

– Бала кезден кітап оқуға құштар болып өстік. Әдебиеттің қыр-сырына қанығып, кітаптағы кейіпкерлердің өміріне сан түрлі көзқараспен қарайтынбыз. Жағымсыз ке­йіп­­керлерден жиреніп, жағымдысынан үл­гі алатынбыз. Әдеби кітаптарды оқып оты­­рып, қазақтың сөздік қоры мол екенін аңғаруға болады. Бір ғана шығармада жүздеген сөз­дің бірнеше баламасы қолданылады. Міне, осыдан оқырманның ой-өрісі кеңейе түседі. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы, Спандияр Көбеевтің «Қалың малы», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» және «Ақиқат пен аңызы», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тері», Ілияс Есен­берлиннің «Көшпенділері» әрбір қазақ бала­сының пайым-парасатын молайтты. «Қалың елім, қазағым...» деген хәкім Абай, «Келер ғасырдың ақын-жазушылары қан­дай болады?» деумен өткен Мұқағали Мақатаев, қазақтың жастарына сенген Мағжан Жұ­мабаев, талай сұлуды ғашық еткен Сәкен Сейфуллин, жігерсіз адамға рух сыйлаған Мұхтар Шахановтар қазақ поэзия­­сын биікке шығарды. Осындай дара дарындардың шығар­масын жастанып оқып, өзімізге керек­ті ала білдік. Сондықтан олардың есімі санамызда әркез жаңғырып тұрады, – дейді Нағыман Әйтенов.


Нағыз әдеби туындылардың жарыққа шығуы көп ізденестің нәтижесінде келеді. Көп ізденіп, қайталанбас туынды қалдырған шын таланттардың шығармалары қолдан-қолға өтіп жүріп оқылады. Ал кейде әде­биетке тыңнан түрен салған мықтыларды тасада қалдырып жататын тұс та аз емес. Десе де әр ғасырдың өзіне тән қайталанбас тұлғасы бар. Олардың шоқтығы биік шы­ғар­­малары сол кезеңдегі қоғам өмірін, қа­зақ тарихын, тұрмыс-тіршілігін айнытпай көрсетті. Қазаққа сол шығармалары ар­­­қы­лы өркениетті танытуға тырысқан ақын-жа­зушылар репрессия құрбаны болды, қу­далауға ұшырады. Дегенмен олар әдебиет, өркениет жолында өздері құрбан болса да, көздеген мақсаттарына жетті. Сонысы­мен де қазақ ақын-жазушыларының әдеби шығармалары құнды. Қазақ жазушысы Ғабиден Мұстафин «Әдебиеттің түпкі мақсаты – адам жанын тәрбиелеу». Кезін­де қуғын-сүргінге ұшыраған ақын-жазу­шы­лар ұлттың ұлылығын мойындатар шы­ғармаларды жарыққа шығарды. Расында, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиетті еш­кім мақтаныш үшін жазбайды, ол мінезден туады, ұлтының қажетін өтейді» деп бекер айтпаса керек-ті.

Мотивация: адам ойын басқару психологиямен байланысты ма?

Қазір әдебиетке жаңа толқын келді. Жаңа толқын жаңаша леп әкелді. Статистикаға сүйенсек, «Әдебиет» порталы 2278 кітапты электронды түрде жүктеп қойса, «Kitap.kz» порталы 5000-нан аса кітаптың оқу және тыңдау платформасын жасап шығарған.


Қоғам жаңа бағытта өркендегенімен кітап шығару үдерісі ешуақытта тоқтаған емес. Жаңа толқынның кітабын шығаруға мем­лекеттік тапсырыс негізінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мүдделі. Сонымен бірге демеуші және жеке қаражаты есебінен шығатын кітаптар қоры да жеткілікті. Десе де қандай кітаптар шығып жатқанына аса мән беру керек. Өйткені соңғы жылдары кітап шығару бизнеске айналып кетті. Оның ішінде көпшілікке мотивациялық бағыт-бағдар беруге арналған кітап шығару сәнге айналған. Соның үш-төртеуіне тоқталып өтсек.

Қолымызға түскен алғашқы кітап адам­дардың қарыздан құтылу жолдарына ар­налған екен. «Қарыз және одан құтылу жолдары» деген кітаптың шығармаларын С.Ибадуллаев жинақтаған. Кітаптың бі­рінші бетінде «Қарыз – адамдар арасында жиі кездесетін қарым-қатынас түрі. Осы кітапта қарыз біреудің және оны қай­тарудың шариғаттағы қағида-шарттары тал­қыланады. Сонымен бірге қарыз қыспа­ғынан құтылу­дың жолдары да көрсетілген» деп жа­зылған. Бұл кітап 39 беттен ғана тұрады. Яғни бұрынғыдай 250 беттен асатын кітаптар қазір «трендте» емес. Бүгінгі күні қоғам мәселесін «жұқа» кітаппен-ақ қаузауға болады.


Екінші кітаптың атауы – «Сен неге ке­дейсің? Сен неге қарыздарсың?» деп аталады. Кітапты құрастыру барысында эко­номикалық география ғылымдарының докторы Қастер Сарқытқанұлы редакциялық құрамға басшылық жасаған. 13 бөлімнен тұратын кітапта адам өмірінде орын алатын қаражатқа байланысты келеңсіздіктерді, табысты жұмсау жолдары, ақша басқару тетігі секілді бірнеше тақырып қозғалады. Байқап отырсақ, бұрынғыша кітаптар көркем әде­биет тілінде жазылмайды. Тек шолу, сараптау және ғылыми тілде ғана жазылуымен шектелуде.

Ендігі шығарма адамға мотивация бе­ретін тұжырымдардан жинақталған кітап жөнінде. Шағын және орта бизнесті дамыта отырып, жоғары табысқа қол жеткізген азаматтар өмірдегі тәжірибелерін кітап ретінде шығаруда. Оқырмандар арасында өте сұранысқа ие кітаптардың бірі – Қуаныш Шоңбайдың «Екінші болма!» туын­дысы. Қуаныш Шоңбай кітапты жазу барысында бизнесті құру тетіктерін, негізгі алғышарттарын кәсіп бастаушыларға әдіс­темелік-құрал ретінде көрсетеді. «Жетіс­тікке жетудің жолдары» кітабын қолға алған оқырман адамның жан дүниесіне, психологиялық мінез-құлқына берілген ғылыми еңбектермен таныса алады. Нөлден бастап, ерекше тәсілдермен өзі-өзі қолдан жа­саған адам ретінде танымал болған Джон Кехо «Түйсігіңмен ойлай біл» кітабында адамның ойлау қабілетін дамытуға айрықша мән береді.


– Өзім кітапханада қызмет ететін болған­дықтан сан алуан кітаптардың мазмұнына аса мән береміз. Бүгінде мотивациялық кітаптар жазу өнері елімізде жақсы жолға қойылып келеді. Психологиялық, философиялық, мо­ральдық шығармалардың көтерер жүгі басым. Ғылыми негіздер мен терминдерден құралатын кітаптың тілі кейде ауыр, кейде қарапайым тілде жазылып жатады. Әдеби тұрғыдан жазуға машықтанған авторлар ты­ғырыққа тіреліп, кедергіге тап болған жекелеген жандарға щығар жолды көрсетуге тырысады. Міне, осының нәтижесінде адамтану ғылымы басқаша көзқараста дами бас­тағандай. Мысалы, «Түйсігіңмен ойлай біл» кітабын жарыққа шығарған Джон Кехо өз күшімен миды жұмыс істетудің методикасын ойлап тапқан. Осындай шығармаларды оқу арқылы көпшілік санасында «Мотивациялық кітап оқу арқылы өмірді өзгертуге болады» деген пікір қалыптасқан. Соның салдарынан кітап бизнеске айналып кетті. Менің айтқым келгені, адамның ой жетік болуы үшін көркем әдебиетті көп оқуы керек. Ал мотивациялық кітаптар тек пайда үшін ғана жазылады, – дейді кітапханашы Д.Пазылбекова.

Нәзік жандылардың сырын әйел ғана түсінеді

Психологиялық тақырыптарды қаузайтын авторлар қыз-келіншектерге арналған кі­тап­тарды да шығаруға әуестеніп алған. Осы күні Айнұр Тұрсынбаеваның «Түпсана», Құ­ралай Ошақбаеваның «Құралай ханым жазбалары», Ләйла Сұлтанқызының «Әйел» се­кілді кітаптары нәзік жандылар арасында сұранысқа ие. «Әйелдерге байланыс­ты жазылған кітаптар нәзік жандылардың от­басылық өмірге бейімделуіне көмек­теседі» дейді көпшілік қыз-келіншектер.
Мысалы, «Әйел» кітабының авторы» – Ләй­ла Сұлтанқызы «Әлемдегі миллиард әйел­дің көз жасын жинаса, бесінші мұхит пайда болар еді» депті. Әйел жанын түсінуге тырысқан автор әпке-сіңілілеріне сан түрлі тақырыпта кеңес береді. Ал жергілікті журналист, жас қаламгер Асия Нұрлыбаева өткен жылы «Әйел бақыты. Әсияның әң­гімелері» кітабын жарыққа шығарды. Бұл – кітап ана мен бала денсаулығына байланыс­ты.


– Кітапты алған күні бір деммен оқып шық­тым. Жақсы жазылыпты. Ана мен бала­ға бай­ланысты көптеген ақпарат ала білдім. Кітап авторының ізденімпаздығы тәнті етті. Сауатты әрі салмақты түрде ана мен бала денсаулығын сараптай білген. Шынымды айтсам, туындыдан мотивация алып, өзіме сенімділік оянды, – дейді оқырман Ақжарқын Нұрқасымқызы.

Дұрыс-ақ дейміз. Алайда «Қазір отбасын­дағы тәрбиені мотивациялық кітаптар бе­реді» дегенге келісу қиын. Өйткені ықы­лым заманнан отбасындағы тәрбиеде ата-ана­ның, ененің рөлі зор екеніне ешкім шүбә келтірмейді. Сондықтан мотивациялық кі­тап­тар белгілі бір салада ғана жазылып, сол бағытты ғана қамтиды. Ал көркем шы­ғарма, әдеби кітаптар адамның ой-өрісін ке­ңейтетіні айқын.

Түйін. Адамға мотивация қай кезде де керек шығар. Дегенмен жер бетінде мил­лиондаған адамның өз тағдыры бар. Олар өзінше әрекет етуде. Шын мәнінде, адам жанының шырақшысы атанған білімнің қай­нар көзі – кітапта. Қандай жағдай болмасын кітаптан қол үзбеген дұрыс.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
12 сәуір 2022 ж. 798 0