Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕЙРІМДІ ЖҮРЕК: БАЛАЛАР ЖАЗУШЫСЫ НӘСІРЕДДИН СЕРӘЛИЕВ

МЕЙРІМДІ ЖҮРЕК: БАЛАЛАР ЖАЗУШЫСЫ НӘСІРЕДДИН СЕРӘЛИЕВ


Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы еліміздің рухани дамуына өзгеше серпін берді. Бағдарламалық мақалада «Ақын-жазушыларымыздың шығармалары мен халқымыздың ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз, музыкамыз бен жоралғыларымыз бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс» - делінген. Осы орайда бүгінгі жас ұрпаққа қазақ әбедиетінің дамуына өзіндік үлес қосқан ақын-жазушыларымызды, олардың шығармашылығын насихаттаған жөн.
Оқырман қауым, әсіресе жастар жағы қазақ балар әдебиетінің дамуына үлес қосқан жерлесміз Нәсіредин Серәлиевті біле ме екен? Аға буын өкілдеріне бұл есім таныс болғанымен бүгінгі өскелең ұрпақ үшін ол қаншалықты таныс екенін бізге беймәлім. Енді жазушы жайлы, оның шығармашылығы туралы мәлімет берсек.
Насреддин Серәлиев 1930 жылы 25 қазанда Қызылорда облысы, Қармақшы ауданына қарасты Қашқансу ауылында дүниеге келген. Жас талап мектеп қабырғасында жүргенде-ақ қабырға газетіне өлең жаза бастайды. Жасынан Сыр сүлейлері Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет сынды даңғайыр ақындардың өлең-жырларын жаттап өскен бала Насредин он үш жасында аудандық ақындар айтысына да қатысқан. Ауыл мектебін бітірген жылы ата-анасының ұйғарымымен отбасымен бірге Қызылорда қаласына көшіп келеді. Бұл кезде Сырдария өзені бойынан Тасбөгет плотинасы салынып жатқан еді.
Бозбала жігіт Қызылорда қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. Ал, оны тәмамдағаннан соң Сырдария ауданына қарасты Калинин атындағы колхозда бастауыш мектепте қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастайды.
Жазушы болсам деген асқақ арманы озық ойлы жасты облыс орталығындағы Н.Гоголь атындағы педагогогикалық институттың (қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті) тіл және әдебиет факультетіне әкелді. Осылайша, студенттік жылдарда ол әбеди ортамен араласа бастайды. Осы кезде жас талаптың әдебиетке деген құштарлығы арта түседі. Жоғары оқу орнын бітірген 1952 жылы облыстық «Ленин жолы» газетіне (қазіргі «Сыр бойы») тілші болып қабылданып, 1958 жылға дейін осында еңбек етеді. 1958-1962 жылдары «Үгітші блокноты», «Пионер» («Ақ желкен») және «Балдырған» журналдарында әдеби қызметкер болып қызмет етеді.
Ал 1962-1965 жылдары өлкелік «Оңтүстік Қазақстан» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі ретінде аймақтың тыныс-тіршілігі жайлы жаңалықтар жаршысы болады. Елімізге белгілі қаламгерлермен, атап айтқанда Тәкен Әлімқұлов сынды талантты жазушымен сыйластық қатынаста болып, шығармашылығын дамытады. 1965 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент облысаралық бөлімшесінде кеңесші, ал 1968 жылдан осы бөлімшенің жауапты хатшысы болды. Шығармалары 1952 жылдан жариялана бастады.
1956 жылы «Ұшталмаған қарандаш» атты әңгімелер жинағы оқырманға жол тартты. Жалпы, өткен ғасырдың 50-60 жылдары жазушының «Намыс», «Ақ лақпен қара лақ», «Әңгелек», «Ақбөпе», «Ақ қайың», «Ыстық күлше» және «Қаңтар» сынды жинақтары жарық көріп, қалың оқырманның жылы ықыласына бөленді. Ол қазақ әдебиетіне аудармашы ретінде де үлес қосты.
Жазушы Н.Серәлиев И.Котляровскийдің, А.Гайдардың, С.А. Баруздиннің бірқатар шығармаларын қазақ тіліне аударған. Сондай-ақ, «Еңлікгүл» (1974) көркем фильмі сценарийінің авторы.
Әдебиет саласына қосқан үлесі үшін бірқатармарапатқа ие болды. Атап айтқанда ол Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен , медальдармен марапатталды.
Қаламы қарымды қаламгердің жоғарыда аталған кітаптарынан кейін қазақ әдебиетінің ең бір шұрайлы жинақтары саналатын бірнеше повесі оқырмандардан үлкен қолдау тапты. Сондай-ақ, өзінің балалық өмірін суреттеген «Әпенді», «Қанат», «Махаббат туралы хикая», «Жансая», «Аптап» және «Зеңгір аспан» повестері мен «Қоңыр қаз», «Құм адамдары», «Ақсақ киік», «Тымырсық кеш» атты әңгімелері оқырман қауымнан жоғары бағасын алады. 1975 жылы «Алтын ғұмыр, алғашқы махаббат» таңдамалы жинағы, ал 1978 жылы «Дәукен атаның немерелері» (повестер мен әңгімелер) атты кітабы жарық көрді.
Жазушы Н.Серәлиев отыз жыл бойы сырқат сарсаңымен алыса жүріп, талмастан қалам тербеді. Оның мейірімді жүрегінен туған көркем әңгімелері мен повестері қанаттас қаламгерлер қауымынан да, қалың оқырмандардан лайықты бағасын алып, дүркін-дүркін жарыққа шықты.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Н. Сералиев қазақ балалар әдебиетінде өздері өмір сүрген кезеңнің шындығын көрсетіп, балалар мен жасөспірімдердің қайталанбас характерлерін жасаған жазушы.
Талантты жазушы Нәсіреддин Серәлиев 1984 жылы 54 жасында өмірден озды. Жазушының бейіті Шымкент қаласы маңындағы зиратта.
Тәуелсіздік алып, азаттықтық самал лебімен тыныстағаннан кейін еліміздегі көше атаулары өзгертіле бастағаны мәлім. 1994 жылдың 30-қарашасында Қармақшы ауданның сол кездегі әкімі Жақай Бодықбаевтың Жосалы кенті мен аудандағы елді мекендердің жер және көше аталарына өзгеріс енгізу мақсатындағы №278 шешімімен Водопроводная көшесі балалар жазушысы, белгілі қаламгер Нәісреддин Серәлиев көшесі болып өзгертілді. Қазір кенттегі Тұрмағамабет Ізтілеуов көшесінен басталып, Сүлейменов көшесімен шектелетін бұл көше аудан орталығы – Жосалы қыстағындағы жасыл желекке бөленген көшелердің бірі.




20 шілде 2018 ж. 2 551 0