Бүгін Әбділда Тәжібавтың туған күні
Бүгін ақын, драматург, әдебиет зерттеуші ғалым, Қазақстанның халық жазушысы Әбділдә Тәжібаевтың туған күні. Ол 1909 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген.
Белгілі ақын еңбек жолын 1926-1928 жылдар аралығында «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде пошта тасушы, содан кейін корректор болып бастаған. 1927 жылы «Жұмысшының гудогі» атты тұңғыш өлеңі «Жұмысшы» газетінде басылады. 1932-1934 жылдары Қарсақбайдағы «Қызыл кенші», «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газеттерінде редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. Жиырма бес жастағы Ә.Тәжібаев 1934 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының хатшылығына, ал 1939 жылы оның төрағалығына сайланған.
1945-1948 жылдары Қазақ ҚСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының Жамбылтану бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1948-1958 жылдары шығармашылықпен айналысып, 1958-1960 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, 1960-1962 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының екінші хатшысы, 1962-1984 жылдары М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты театртану бөлімінің аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1963 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Қазақ ҚСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі болып сайланған. «Октябрь Революциясы», 2 мәрте Еңбек Қызыл Ту, Ленин, «Құрмет Белгісі» орденімен, бірнеше медальмен марапатталған.
30-жылдары ақынның «Жаңа ырғақ», «Лирикалар» деп аталған тұңғыш жинақтары жарық көреді. Белгілі «Оркестр», «Абыл», «Толағай» сынды романтикалық поэмалары мен М.Әуезовпен бірігіп жазған «Ақ қайың» деп аталатын тұңғыш пьесасы да сол жылдардың жемісі. Ә.Тәжібаев халықтық аңыздар мен сюжеттер негізінде жазылған «Мерген», «Кілемшілер туралы ертегі», «Аққу» «Күй атасы», тағы басқа біршама поэманы дүниеге әкелген. Ол «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты зерттеу еңбекті құрастыруға қатысып, соңғы басылымының редакциясын басқарған.
Ә.Тәжібаевтің сценарийі бойынша (Н.Погодинмен бірге) «Жамбыл» кинофильмі түсірілген. А.Пушкин, Т.Шевченко, А.Островский, Г.Гейне, тағы басқа қаламгерлердің бірқатар шығармасын қазақ тіліне тәржімалаған. Ә.Тәжібаевтің көптеген шығармалары шетел тілдеріне аударылған.
Қызылорда қаласында көрнекті жазушыға ескерткіш орнатылған. Қызылорда облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы ақын есімімен аталады. Сондай-ақ Сырдария ауданында мектеп-лицей мен кенттің бір көшесі халық жазушысының құрметіне берілген.