Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қызылорданың қызанағы мен қияры

Қызылорданың қызанағы мен қияры


Қызылорда қаласының Қарауылтөбе ауылдық округінде қарқынды тірлік байқалады. Ауыл әкімі Елмұрат Рахматуллаевтың сөзіне сенсек, елді мекенде жұмыссыз жүрген жан жоқ. Басым бөлігі сондағы шаруашылықта еңбек етеді. Кәсіпкерлер мен тұрғындар тізе қоса қимылдап, ілкімді істерді қолға алған. Жақында ғана тақтайдай тегіс жол төселген. Кәсіпкерлердің көмегімен әлеуметтік нысандар бой көтерген. Жоқ-жітікке жәрдемдесіп тұру да назардан тыс қалмаған. Қысқасы, ынтымағы жарасқан жұрттың жұмыла жасаған жұмысын сіздерге жеткізсек дейміз...
Осыдан біршама жыл бұрын Қарауылтөбеде «Натишаева» жеке кәсіпкерлігі құрылды. Аталмыш шаруашылық тұрғындарға соны серпіліс әкеліп отыр. Онда тұрақты түрде 300, маусымында 2 мыңнан аса адам еңбек етеді. Енді есептей беріңіз... Жалақысы – 70 мың теңге. Әрине ауылдағы ағайын үшін аз емес.
Батылдық – бизнесмендерге қажет қасиет. Есеп пен ептілік – егіз ұғым. Бөліп-жарып қарауға болмайды. Осы дүниелер қаныңызға сіңбей, миллионер атану мүмкін емес. Бұл – біз барған шаруашылықтың басы-қасында жүрген жігіт ағасының айтқаны. Енді «Натишаева» жеке кәсіпкерлігінің айналыспайтын саласы жоқ.
Қарақұрым жұрт. БАҚ өкілдерін сол істің басы-қасында жүрген Ғалым Төлегенов күтіп алды. Сөйтіп, ол кешеннің тіршілік-тынысымен таныстырды. Әуелі жылыжай кешеніне бас сұқтық. Шыны керек, бұрын-соңды аймақтағы жылыжайларда қияр өседі дегенді естімеппіз. Ат шаптырым аумақта қиярдың голландық санганта тұқымы егіледі. Бүгінде 13 тұқым отырғызылуға дайын тұр. Жоспар бойынша алдағы маусымда 40 тонна өнім жинау межеленіп отыр.
– Жалпы, кешен 2014 жылы салынған. Жылыжайда 19 адам еңбек етеді. Барлығын да арнайы оқыттық. Республикалық семинар-тренингтерге жібердік. Көршілес Оңтүстік Қазақстан облысындағы әріптестерімізбен тәжірибе алмастық. Ақырындап осы саланы игере бастадық. Тұтынушылардан сұраныс өте жоғары. Қызылордалықтарды толықтай жергілікті өніммен қамтамасыз етсек дейміз. Осы мақсатта тынбай тер төгудеміз, - дейді жылыжай кешенінің жетекшісі Ғалым Төлегенов.
Сондай-ақ, кешен аумағында мал бордақылау алаңы жұмысына кіріспек. Сойылған мүйізді ірі қара еті қаладағы базарларға жіберілмек.
Осыдан кейін «Орда» шаруа қожалығының 10 гектар жерге орналасқан жылыжай кешеніне ат басын бұрдық. Айта кетейік, бұл кешен біраз уақыттан бері тұралап тұрған. Қазіргі таңда аталмыш жылыжайды «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ лизингке беріп отыр. Мамандардың сөзінше, 70 жылыжайдың 50-інде қызанақ өсірілуде. Өнімділігі өте жақсы. Шамамен, әр жылыжайдан 3-4 тонна өнім алуға болатын көрінеді. Мұнда 17 адам тұрақты түрде еңбек етеді.
Алдағы уақытта жергілікті базарларда Қызылорданың қызанағы мен қияры сатылымға шықпақ. Экологиялық тұрғыдан таза, әрі табиғи өнім. Ең бастысы, химиялық қоспалардан ада.
"Халық" газеті
07 желтоқсан 2017 ж. 1 691 0