Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БИІК МІНБЕДЕГІ ИДЕОЛОГ

БИІК МІНБЕДЕГІ ИДЕОЛОГ


Партияның ХVIII съезі атындағы колхоздың тумасы Әбдірәсіл Әбдірахманұлы өзі туып өскен ауылдың өсіп өркендеуіне үлесін қосқан азамат. Ол көп жыл саяси хабарламашы (идеолог) болып абыройлы еңбек етеді. «Партияның ХVIII съезі атындағы совхоз адамдарының ынтымағы жарасқан, дәулеті жыл санап өсіп келе жатқан шаруашылық. Көптеген коммунистер өздерінің тікелей жұмысына қоса партия ұйымы тарапынан тапсырылған саяси мәні бар қоғамдық жұмыстар атқарады. Сондай коммунистердің бірі совхоздың бас агрономы Әбдірәсіл Ахметов. Ол бірнеше жыл бойы үгітшілік қызметін атқарса, есеп беру сайлау жиналысынан кейін оған саяси хабарламашының жұмысы сеніп тапсырылды. Сол уақыттан бері еңбекшілер арасында жиі-жиі болып, маманданған техникалық прогресті жеделдету, еңбек өнімділігін өсіру, өнім сапасын арттыру, яғни қазіргі уақыттағы партияның еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету жөніндегі старатегиялық бағытын жүзеге асыруда анықтаушы болып табылатын мәселелерге көбірек тоқталады. Сонымен бірге съезд шешімдерін еңбеккерлерге түсіндіру кезінде аудан өмірінен нақты мысалдар келтіріп, әңгімесінің нәтижелі болуын қадағалап отырады», деп көкірегі ояу, саяси сауатты идеолог туралы жазылады.
Ауыл азаматының өмірдерегі былайша өріледі. Әбдірәсіл Ахметов 1950 жылы дүниеге келген. 1967 жылы аудан орталығындағы №35 қазақ орта мектебін бітіріп, ауылда еңбек жолын бастайды. Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтеп келгеннен кейін 1971 жылы Сарығаштағы ауылшаруашылық техникумына оқуға түсіп, 1974 жылы агроном мамандығы бойын­ша үздік бітіреді. Жас маман ауылға келіп, жастардан күрішшілер звеносын құрып, оған жетекшілік етеді. Ауданда алғашқылардың бірі болған звено мүшелері өздері механизатор, әрі күрішші, сушы, яғни егінді егуден бастап оруға дейін жұмыстың барлығын өздері атқарады. Осындай ерекшелігі бар звено көрсеткіші де аудан бойынша жоғары болып, облыстық, аудандық комсомол комитеттерінің Мақтау грамоталарымен марапатталады. Тәжірибе жинақтап, егіншіліктің қыр-сырын меңгерген Әбдірәсіл аға ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында бригадир болады. Өндірістен қол үзбей Алматыдағы ауылшаруашылық институтын 1981 жылы агроном мамандығы бойы­н­­­ша бітіріп шығады. Совхоздың бас агрономы қызметін атқарғанда ғылым мен жаңа технологияларды батыл пайдаланды. Ауыспалы егіс танаптарының ретін бір жүйеге түсіріп, оның қатаң сақталуына зор мән берді. Нәтижесінде жердің құнарлығын қалпына келтіріп, аздыруға тосқауыл болды.
Білікті маман совхоз тарап «Шапағат – Лимитед» болып қайта құрылғанда да шаруашылықта бас агроном болып, өмірінің соңына дейін абыройлы қызмет етті. Биыл ардақты азаматтың өмірден озғанына 10 жыл болды. Небәрі 57 жыл ғұмыр кешкен азаматтың артында ізін жалғастыратын ұрпақтары қалды. Өмірлік жары Күлте апамен ұл-қыз өсіріп, немере сүйді. Бүгінде шаңырақтың үлкені Жадыра Оңтүстік Қазақстан облысында, ұлы Руслан – Қызылордада жеке кәсіпкер, екінші ұлы Дастан – ауылдағы шаруашылықта шебер, қарашаңырақ иесі. Кенже қыздар Фарида мен Айдана тұрмыс құрып, бір-бір отбасының тірегі. Әбдірәсіл ағаның ұрпақтары әке аманатына адал, әрі туған елдің дамуына үлес қосып жүрген азаматтар екенін ел біледі. Олар адамгершіліктің биік тұлғасы болған әкелерінің есімін ұлықтауда түрлі еске алу шараларын ұйымдастыруда. Әкелерінің көзі тірісінде алған наградаларын көздерінің қарашығындай сақтап келеді. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ата-баба салтымен ас беріп, елдің батасын алуда.
Б.Жанәлі
28 қараша 2017 ж. 1 310 2