Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұхаңның «Оқулығы» мен «Жеткіншегі»

Мұхаңның «Оқулығы» мен «Жеткіншегі»

Ұлы Мұхтар Әуезовтің балалар әдебиетіне қатысты көркем туындылары бар ма, бар болса олар қайсысы деген мәселеге келген кезде, әдебиеттанушы қауымның ойлары көбінесе бір жерден тоғысады. Оның нақты дәлелі – мектеп оқулықтарына, хрестоматиялар мен балаларға арналған жинақтарға енгізіліп келген жекелеген шығармалары. Атап айтқанда, бірінші кезекте «Көксерек» повесі болса, одан кейінгі кезекте «Бүркітші», «Жетім» және бірер санаулы әңгімелері аталады. Әдебиет зерттеушілерімен бірге педагог ғалымдар да бұл айтылған шығармаларды Мұхтар Әуезовтің балаларға лайықты дүниелері деп тұжырымдауға бейім.

Қазақ әдебиетіндегі классикалық туындылардың бірі – «Көксерек». Бұл – балалар да, үлкендер де қызығып оқитын, астары терең, қанық бояулы көркем шығарма. Қолға түскен бөлті­рікке «Көксерек» деп ат қойып, шын ықыласымен бағып-қағып өсірген кішкентай Құрмаштың ақыры сол өзі асыраған жыртқыштан өлім құшады. Повесте реалистік сипатта баяндалатын соқталы ой – қасқырды қанша асырасаң да, орманға қарап ұлитындығы, сөйтіп, ешқашан қолға үйренбейтіндігі және ең бастысы адам баласының өзіне жасаған жақсылығын ұмытып кететіндігі.
Сараптай келгенде, М.Әуезовтің оқулықтарға еніп жүрген шығармала­ры­ның бәрін тұтасымен балалар әдебиетіне жатқыза салу асығыстық болар еді. Олар­дың қатарын тізбелеп көбейту ұлы жазушы балалар әдебиетіне атсалысқан деген пікірді тиянақтау үшін ғана керек сияқты. Мысалы, «Жетім» әңгімесінде ұлы жазушы әлеуметтік және таптық теңсіздікті көтере отырып, ересектерге ой салатын қадау-қадау мәселелерді қозғаған. Әңгіменің түпкі идеялық қазы­ғы бала тағдыры үшін жауапты жан­дар­дың, ең алдымен үлкен кісілер болып табылатындығында, соған орай негізгі көркемдік идеясы ересектерге бағытталған тиянақты тұжырымдарды көлденең тартуында жатыр. Сондықтан да жазушының Қасым деген жетім жеткіншек туралы бұл шығармасын балалар әдебиетіне жатқызу шарт емес деп білеміз.

Оның әдебиеттің бұл саласына жатқызылуына басты себеп – бас кейіп­кердің бала болып келуі ғана. Ал бас кейіпкері бала болып келген туын­дылардың баршасының балалар әдебиетіне жатуы шарт емес. Немесе керісінше, тек кейіпкерлері ересек адамдардан тұратын шығармаларды тек үлкендерге арналған туынды деп кесіп-пішуге тағы болмайды. Мәселен, атақты «Робинзон Крузо» авантюралық романының бас қаһарманы ересек адам болғанымен, балалар әдебиетінің көрнекті туындысы деп саналып келеді.
Сонымен бірге айтылмай келе жат­қан бір мәселе – Мұхтар Әуезовтің тек бірыңғай балаларға бағыттап арнайы шығармалар жазғандығы. Оған дәлел бола алатын тиянақ нысаны – 1929 жылы жарық көрген «Оқулық» және «Жеткіншек» деп аталатын оқулығы. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарын­да мектеп оқулықтарының жетісе бер­мегені, оларды жазатын авторлардың да тапшы болғаны бәрімізге мәлім. Қалам ұстаған белгілі тұлғаларымыз С.Сей­фуллиннің, С.Мұқановтың және басқаларының оқулық жазуға мәжбүр болғандығы да сондықтан. Жаңағыдай кадр тапшылығы салдарынан ұлы Мұхаң да сол қатардан табылған көрінеді.

Аталған оқулық – М.Әуезовтің сол кездегі педагогикалық бағытта жасаған жұмыстарының нақты бір көрінісі. Қазақ мектептеріне арналған орыс тіліндегі бұл оқулықты Мұхаң Д.Ысқақов деген педагог екеуі жазып, құрастырған. Онда орыстың ақындарынан енгізілген жекелеген өлеңдерімен бірге Мұхаңның өзі қазақ тұрмысын бейнелеп жазған бірсыпыра шығармасы бар.
Ұлы жазушының жазу стилі қан­дай болып келетіні әдебиет зерттеуші­леріне ғана емес, кітапсүйер қауымның өкілдеріне де жақсы таныс. Ол кісі­нің көркем тіркестер мен айтар ойын айшықтандырып, күрделендіріп бере­тіндігі, кейде тіпті құрмалас сөйлемдерді үсті-үстіне қабаттастыра отырып, тым салмақты пайымдауларға ден қоятын­дығы жақсы мәлім. Мұхаңның көркем оралымдарының арасынан бұрын айтылмаған көптеген сәулелі сөздерді, бейнелі де соны тіркестерді тауып алуға әбден болады.
Ал аталған оқулықтардың жазылу стилі олай емес, балалардың түсінігіне лайықталғаны көрініп тұр. 1929 жылы жарық көрген оқулықтың ішіндегі көптеген әңгімелердің жеңіл стильмен жазылу себебі – жазушының оларды балалар түсінігіне лайықтауды мақсат еткендігінен. Сөйлемдері қысқа да түсінікті болып келген әңгімелердің көлемдері де шағын.

Оның үстіне оқулықтағы шығарма­лары түгелімен орыс тілінде жазылғанын ескеру керек. Мұхтар Әуезовтің орысшасы осал болмаған. Ол – сонау Семейде оқыған кезінен бастап Ленинградтағы студенттік күндерінде де орыс тіліне аса ден қойып, оның әдеби нормасын жете игерген саналы қазақтардың бірі.

Тіпті өзінің «Абай жолы» шығар­масын аудартқан кезде жолма-жол аудармашыларды түзеп, қайта-қайта оларды мазалап отырғандығы туралы мұхтартанушы Талатбек Әкімов тарата жазған болатын.

«Оқулық» кітабындағы тақырыптар бірнешеу. Негізінен сол уақыттардағы елдің тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстү­рінің жекелеген көріністерін көлденең тарта отырып, жалпы, ескі қазақ өмірінен хабар беретін көркем шығармалар шоғыры десек те болады. Басым бөлігі – көшпелі өмір сүрген қазақ халқының көшіп-қонуына, жайылымы мен малдарды бағып күтулеріне, денсаулық сақтау мәселесіне қатысты шағын тәмсілдер.
«Лошадь спасла» әңгімесінің айтары – жылқы жануарының ақылдылығы. Сиырын іздеп шыққан бозбала орта жолда боранға ұрынады да, қарлы да­уыл дендеп әкетіп бара жатқан соң, амалсыздан кейін қайтуға мәжбүр болады. Оның ендігі бар мақсаты – қалайда өз басына төнген қауіптен аман қалу. Бірақ боранды күнде өзінің шыққан ауылын табу оңай емес. Қайта-қайта қамшылап көздеген жағына бұрғанымен, жылқы жарықтық оған көнгісі келмейді. Оның үстіне аласатып тұрған суық боран бет қаратар емес. Ымырт үйіріліп, қараңғы түсіп кеткен. Шаршаған жолаушы ақыры аттың басын еркіне жіберуге мәжбүр. Өз билігі өзіне тигеннен кейін жылқы баласы жүріп отырып, ауылға алып келеді. Сол арқылы жылқының ақылдылығы көрінеді. Егер ол болмаған жағдайда, сиыр іздеген бозбаланың өзі боранда үсіп қалуы кәдік болатын.

Қысы-жазы мал бағу, оған тіпті көз шырымын алмастан да, кірпік қақпай, ие болу – қазақы тіршіліктің әбден үйреншікті көрінісі. Сондай жағдайдың бірі жазушының осы оқулыққа енген «Нападение волка на стадо» деп аталатын әңгімесінде баяндалады. Онда Қасым мен Оспан деген балалардың түнгі қой күзетінде жүрген сәті суреттелген. Кенет бұларға серік болып жүрген Жолдыаяқ деген ит шабаланып үріп, ауылды айнала жүгіріп кетеді. Бір отар қойдың қасқырдан аман-есен қалуы – екі бала мен оларға бас-көз болып жүрген Қаратай отағасының қайрат көрсеткендігінің арқасы. Бірақ соның өзінде аш жыртқыш отардан бірнеше қой мен бірер қозыны жаралап кеткен екен. Және бір қызығы бұлардың майлы құйрықтарын жұлып алып, асап жібергендігі айтылады. Негізінде бұл да өмір шындығынан алынған нәрсе екені сөзсіз. Әңгімеде алдыңғы планға шығатын – қасқыр деген жыртқыш хайуанның ақылдылығы, өжеттілігі мен өте ептілігі.

Автордың келесі бір әңгімесі жұт туралы. Кішкентай қыз анасынан «Жұт неге болады? Неліктен болады?» деп сұрағанда, анасының түсіндіретіні – мал шаруашылығының табиғатқа тікелей тәуелді болып келетіндігі. Ал қазақ болса, – ең алдымен малмен күнелткен халық. Қыз бала сұрақ үстіне сұрақ қойып, бас­­тырмалата отырып, табиғаттың орта­сында өмір сүрген халықтың мал үшін күресу қажет екенін түсінеді. Ең қиналған жағдайда қаладан барып жем сатып алуға тура келетінін де жасырмайды. Сөйтіп, бірден ашып айтылатын нәрсе – көшпелі тіршіліктегі негізгі кемшіліктердің қандай болатындығы.

Қазақтардың жылқы етін қалай кәдеге асыратынын білдіретін «Заго­товка мяса» деген әңгімесі екі тарау­дан тұрады. Біріншісінде сиырдың қалай сойылғаны айтылса, екіншісінде жылқыдан қазы мен шұжықтың жасалу мәнісіне тоқталады. «Табун вернулся с зимнего пастбища» деген әңгіменің өзегі – Қасен деген кісінің елу жылқысы бар екені және оларды бағып-қағудың ерекшеліктері. Және мұнда бір назар аударатын нәрсе – жылқының қылынан арқанды қалай жасауға болатындығы.
Басқа ұлт өкілдерінде қазақтар жыл он екі ай киізүйдің ішінде тұрып келді деген түсінік бар. Бірақ үнемі олай бола бермегені Әуезовтің осы әңгімелерінен де байқалып қалады. Мәселен, «Ауыл» аталатын әңгімесінде қазақтардың күн жылына киізүйге көшетіндігі айтыла келіп, шаруашылықтың бөлінісі туралы да сөз болады. Ұйымдасып, ұжымдаса еңбек еткен ауыл адамдарының біразы қой бағумен айналысса, екіншілері жылқы бағымына қарайды, үшінші бір тобы бие сауып, төртіншілері ауыл маңындағы су­дың көзін аршып, жер қойнауынан ауыз су шығарумен шұғылданады. Кеңес дәуі­ріндегі кәдімгі ұжымшар десек те болады.

Аталған оқулықта М.Әуезовтің сиыр малына қатысты екі әңгімесі бар екен. Оның бірінде Айша деген қыздың әкесі «Қара сиырымыз бұзаулағалы жүр» деп алдын ала ескертіп қояды. Сондықтан далаға жібермей, қораның ішінде жем-шөппен бағады. Бірақ бір күні сиыр ашық қалған есіктен шығып, далаға кетіп қалыпты. Әкесі іздеп жүріп, кеш батқан кезде оны әрең табады. Сөйтсе, сиырдың қа­сында кіп-кішкентай қара түсті бұзауы тәлтіректеп тұр екен. Оның қасында айнал­шықтап сұр қасқыр жүр. Егер иесі кел­ме­ген жағдайда қасқырдың бұзауды жеп қоятыны анық еді. Айшаның әкесі араша түсіп, сиыры мен бұзауын аман-есен алып қалады.
Ал екінші әңгімеде басқа бір қара сиырдың қашан бұзаулайтынын үйдегі әжей біліп отырады. Оны анықтау үшін әлсін әлі сиырдың сүтін сауып, тексеріп отыру керек екен. Сиырдың сүті қошқыл түсті болса, бұзаулайтын уақыты әлі ерте деген сөз. Сүт ағара бастаған кезде барып қана әжей сиырдың бүгін бұзаулайтынын айтады. Жазушының осылайша ұтымды пайдаланатыны – күн көрісі тікелей малға байланысты болған қазақ тұрмысынан хабардар ететін керекті детальдар.

Балаларға арналған әңгімелерінде жазушының тағы бір қозғайтыны –денсаулыққа қатысты мәселелер. Бір үйге емші-құшынаш келіп, ауырған әйелдің ісігін емдейді. Жазушының акцент сала отырып баяндайтыны – ешқандай дезинфекция жасамастан, кеселді жерге пышақты тығып алғаны, одан кейін ісіктің одан әрмен күп болып ісіп кеткендігі. Бұған куәгер болған кісі шыдай алмай, ақыры дәрігер шақыртады, Бірақ аурудың уақыты өтіп кеткеннен кейін, қанына басқа нәрсе араласып, науқас әйел гангренадан қайтыс болады. Міне, осындай жағдайда ауыл мұғалімі қарап жатпай, жаңағы құшынашты жауапқа тартуы да заңды. Әңгіменің түпкі идеясы – ескі қазақы өмірдегі медицинаның негізін білместен, ем жасайтын кейбір дүмшелерді сын садағына ілу.
Сонымен бірге тағы бір негізгі тақырыбы – сахарада жайылып жатқан көшпелі жұрттың жеріне дендеп ене бастаған өркениет факторларының көріністері. Мәселен, «Поселок в нашей волости» деген әңгіменің мазмұны «Біздің болысымызда бұрын тұрақты елді мекендер болмаған. Жұртшылық тек көшіп-қонып жүрді. Болысымызда поселок өткен жылы ғана салынды» деген сыңайда болып келеді.
«Жеткіншек» атты оқулығына енгендердің басым бөлігі – танымдық әңгімелер. Ішінде үйреншікті мініс көліктерін заманауи техникалық көліктермен салыстыра отырып сюжет өрбітетін ертегісі де бар.
Бір ауыз сөзбен айтқанда, ұлы жазу­шының оқушы балаларға арналып, орыс тілде жазылған шағын әңгіме­лерінің негізгі бөлігі 1929 жылы жарық көрген оқулыққа енген. Осы аталған шығармаларды дәлелге келтіре отырып, Мұхаңды «Балалар әдебиетіне араласқан, бірақ бұл саладағы шығармаларының біразын орыс тілінде жазған» деп тұжырымдағанымыз дұрыс.
 
Нұрдәулет АҚЫШ,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері,
10 сәуір 2022 ж. 487 0