Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «11-ШІ АЙМАҚ ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШЕДІ»

«11-ШІ АЙМАҚ ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШЕДІ»


Қызылорда қаласындағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «11-ші аймақ латын әліпбиіне көшеді» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Әрбір халық пен мемлекет уақыт шеңберінде рухани жаңғырып, жаңарып отырады. Ал рухани жаңғыру мен жаңаруда білімнің маңызы зор. Біз өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай отырып, заман көшінен қалмауға, ілесуге, жаңалыққа ұмтылуымыз қажет. Жаңа заманда бірнеше тілді білген адам оқ бойы озық болатыны сөзсіз. Мұхтар Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген сөзі үнемі жадымызды тұруы тиіс. Әрбір білімге құштар адам өз елі мен жерінің иесі болу үшін жаңа технологияларды меңгеріп, жаңаша өмір сүруді үйренуі тиіс. Қоғам дамуының басты кілті де – білімі бар азамат. Жаңалыққа ұмтылғандар ғана, оған қол жеткізген болады.
Ұлттық кодтың тірегі болып табылатын тіл тақырыбы қашан да күн тәртібінен түскен емес. Елбасы көтерген рухани жаңғыру мәселесінің түпқазығы да осы тіл тақырыбынан бастау алады. Латынға көші мәселесі 2011жылы биік мінберден айтылды. Міне, енді латын қарпіне көшу сол кезде арман болса, бұл күнде шындыққа айналды.
Көрменің түпкі мақсаты – оқырмандарды Елбасының болашаққа деген нығыз, әрі негізгі қадамдарының бірімен таныстырып, оның маңыздылығы мен қажеттілігін айқындау, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын сақтау үшін қажеттілігі туралы, жастарды қазақ әліпбиінің латын графикасына негізделген жаңа үлгісімен таныстыру, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және келешегін қамтамасыз ету жөнінде ақпарат беру.
Көрмеге 1929-1940 ж.ж. аралығында жарияланған латын тіліндегі кітаптар мен мерзімді басылымдар, латын әліпбиі жайындағы газет-журналдарға шыққан материалдар ұсынылды. Ұсынылған кітаптардың арасында 1933 жылы шыққан ұлы ақын Абай Құнанбайұлының таңдамалы өлеңдері, осы жылы шыққан С.Торайғыровтың шығармалар жинағы, А.Тоқмағамбетовтың 1935 жылы жарияланған жинағы, жазушы Қ.Әбдіқадырдың «Тәтті қауын» әңгімелер жинағы, Мұхтар Әуезұлының 1935 жылғы «Тас түлек» секілді кітаптары бар. Сирек кітаптар қорынан 1929-1940 жылдар аралығында латын әліпбиімен басылып шыққан қазақ зиялыларының шығармалары, көркем әдебиеттер мен балаларға арналған кітаптар қойылған. Онда Абайдың аудармалары мен қара сөздері, өлеңдері, сондай-ақ Ілияс Жансүгіров, М.Өтемісовтың өлеңдері, Батырлар жыры, Қазақ ертегілері, 1941-1943 жылғы латын қарпімен жазылған мақалалар жарияланған «Күрішшілер», «Стахановшы», «Қызыл ту» газеттері қамтылған. Сонымен қатар, латын әліпбиіне көшудегі қазақ тілінің рөлі туралы кітаптар, сөздіктер мен мерзімді басылымдар беттерінде жарияланған материалдар, түрлі жылдары басылып шыққан қазақ тілінің ережелері қойылды.
Шараға жастар, «Кездесу» клубының мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты. Көрмеге 130 кітап және мерзімді баспасөз бетінде жарияланған мақалалар қойылды.
07 маусым 2018 ж. 1 159 0