Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шуақты "Шаттық" бөбекжайы

Шуақты "Шаттық" бөбекжайы

Мемлекет басшысы биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялағаны баршамызға белгілі. Атаулы жыл басталысымен жоспарға сай іс-шаралар легі басталып та кетті. Осы ретте аудандық газеттің шығармашылық ұжымы балаларға алғашқы тәлім-тәрбиенің бастауы болған балабақшалар жұмысын оқырман қауымға ұсынуды жөн көрді. Бүгін Сіздерді Қоғалыкөл ауылын­да орналасқан «Шаттық» бөбекжайының жұмысымен таныс­тырамыз.

Әр бала бақытты болуға лайықты. Десек те балаға ата-ана тарапынан берілетін тәрбие басты құндылық болып табылатыны белгілі. Ал балабақша мен мектептен алар тәлімі баланы қоршаған ортамен байланыс­тырып, үлкен өмірге жетелейді. Бүгінгі күні үздіксіз білім беру жұмыстары өсіп келе жатқан балалардың білімінің тереңдігімен өлшенеді. Білімді, жан-жақты дамыған қабілетті ұрпақ – келешегіміздің айнасы, ұлтымыздың баға жетпес құндылығы. Бала бақша барлық тәрбие мен білімнің алғашқы баспалдағы іспеттес. Мұндағы тәрбие бүлдіршіндердің табиғи мінезін, қабілетін ерте жастан дамытады.

Білім берудің алғашқы сатысы бала бақшадан бас­тау алады. Бұл барлық білімнің бастауы балабақшада деген сөз. Қазіргі таңда мектепке дейінгі мекемелерде тәрбие мен білім саласында заманауи педагогикалық технологиялар қолданылып бүлдіршіндермен жұмыс жаңа жолға қойылған. Осындай заман талабына сай жұмыс атқарып отырған «Шаттық» бөбекжайының негізі 2015 жылы құрылған. Қос қабатты типтік балабақша қазіргі уақытта 125 баламен қамтылған. Қазіргі уақытта бала бақшада алты топ жұмыс жа­сау­да. Бала­бақшада бүлдіршіндердің тәлім-тәрбиесімен он алты педагог қызметкер айналысады. Тазалығы мен уақытылы ыстық тамақпен қамтылуы сияқты жұмыстармен жиырма алты техникалық қызметкер айналысады. Балабақшада жоспарға сай оқу барысы үздіксіз жүреді. Сонымен қатар мерекелерге сәйкес іс-шаралар ұйымдастыру дәстүрге айналған.

– Балабақшаға балалар қуанып келеді. Бүл­діршіндердің балабақшаға деген қызығушылығын арт­тыру біздің басты мақсатымыз. Бүлдіршіндерді тәрбиелеумен қатар олардың жан-жақты дамуына жол ашу үшін педагогтар бар күштерін салып бағуда. Кешегі наурыз мерекесіне орай өткен мерекеде бүлдіршіндер осы сөздерімді дәлелдегендей болды. Жыл басына арналған іс-шарада алты топ салт-дәстүрді насихаттау мақсатында жарыс ұйымдастырылды. Аталған алты топ бір-бірінен кем түспеді. Бірі «Шілдехана» дәстүрін көрсетсе, енді бірі ұмыт бола бастаған «Бастаңғыны» қайта жаңғыртқандай күй кештік. Жарыс қорытындысында біздің өнерлі бүлдіршіндеріміз жүлделі орындарды өзара бөлісті.

Сонымен қатар ата-аналармен жұмыс жасау бізде жақсы жолға қойылған. Ата-аналармен бірлесіп «Ертегілер елінде» атты сайыс өтіп тұрады. Онда бүл­дір­шіндердің әжелері немерелеріне ертегілер айтып беруден жарысқа түседі. Бұл бөбекжайда атқа­рылған жұмыстардың бір бөлігі ғана, – дейді бөбек­жай меңгерушісі Майра Жолымбетова.

Тәрбие мен білім – егіз ұғым демекші. Мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді дамыту мәселесі мемлекеттік саясаттың ажырамас бір бөлігі болып қала бермек. Балалардың жан-жақты дамуына үлесін қосып жүрген шуақты «Шаттық» бөбекжай ұжымына шығармашылық табыс тілейміз.

Айдана Қалиева
05 сәуір 2022 ж. 508 0