Балабақша – білім баспалдағы
Балабақша, мектеп, жоғарғы оқу орны... Баланы сәби шағынан білім мен тәрбиеге үйретуде ата-анамен қатар орын алатын орта осылай жалғаса береді. Баланың ортасы, алған тәлімі қандай болса, болашақтағы бейнесі сондай болмақ. Кішкентай баланың өміріндегі ең алғашқы ұжымы, достары балабақшадан бастау алады.
2022 жылды Мемлекет басшысы «Балалар жылы» деп жариялап, балғындарға баса назар аударуды тапсырды. Осы ретте аудандық газет редакциясы аудан көлеміндегі бөбекжай мен балабақшалар туралы ақпаратты оқырман қауымға ұсынуды бастап кетті. Мақсат – тәрбиені тал бесіктен беретін орталық жұмысына қолдау көрсетіп, өнерлі балғындарды халыққа таныту. Бүгінгі сөз Нағи Ілиясов ауылында орналасқан «Балдырған» бөбекжай балабақшасы туралы болмақ.
«Бақыт деген – сенің бала күндерің...» Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың жырына арқау болған бақытты балалар бойында еселеп жүрген аталған балабақша 2005 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Бақытты балалық шақ... Ата-анасы қасында, дені сау әрбір бала бақытты. Ойында жаман мен жақсы деген алалау жоқ, арам пиғылы жоқ періште көңіл сәбилерді бақыт дейтін күрделі ұғыммен байланыстыратынымыз да содан шығар. Осыдан он жеті жыл бұрын тәрбиеленушілеріне айқара есік ашқан орталық әр жыл сайын жөндеуден өтіп, ел болашақтарына тиімді жағдай жасауға барын салып келеді.
Балабақшадағы тәрбие – өмірлік тәрбиенің бастамасы. Білім беру міндеттерінің бастысы – балаларды шынайы әлем жағдайындағы өмірге дайындау. Осы бағытта «Балдырған» бөбекжай балабақшасында білікті мамандар қызмет етуде. Бүгінгі күні балабақшада төрт топ бар, онда барлығы 90 бала тәрбиеленуде. Оның ішінде кіші «Балапан» және «Бүлдіршін» топтарында 20 баладан болса, ортаңғы «Балақай» тобында 25 және ересек «Ботақан» тобында 25 бала білікті тәрбиешілерден тәлім алуда. Аталған орталық бөбекжай балабақша болғандықтан, мұнда кіші және орта, ересек балалар арнайы топтастырылған.
«Балдырған» бөбекжай балабақшасын 2016 жылдан бастап Мирамкүл Мыңжасарова басқарып келеді. Білікті басшы әр баланы ел болашағы деп білетінін айтады.
– Балғындардың болашаққа деген алғашқы қадамдары, негізі балабақша қабырғасында қаланады. Жантану іліміне сүйенсек, адамның ойы, мінез-құлқы, әдеттерінің басым бөлігі оның кішкентай кезінде қалыптасады екен. Тіпті бұл көрсеткіш 80 пайызды құрайды. Осы ретте, бала өміріндегі алғашқы орта – балабақша. Біз ел болашағын дайындап жатырмыз. Мұны тәрбиешілер мен қызметкерлерге әрдайым ескертіп отырамын. Еліміздің жарқын болашағы – бүгінгі балалардың қолында. Балабақша ұжымы ауылымыздағы өткен сайыстарға қатысып, жүлделі орындар алуда. Алдағы уақытта да тәрбиелі, жан-жақты балалардың қанатын қатайту жолында күш-жігерімізді аямаймыз, – дейді Мирамкүл Әнуарбекқызы.
Бүгінгі таңда балабақшада барлығы 31 қызметкер жұмыспен қамтылған болса, олардың 15-і педагог, қалғаны – техникалық қызметкерлер. Балаларды ән айтып, би билеуге, сурет салып, әріп үйретуде аянбай тер төгіп жүрген ұстаздардың барлығы жоғары білімді. Оның ішінде қазіргі білім беру жүйесіне сәйкес, 3 тәрбиеші педагог-модератор санатына өтсе, 1 тәрбиеші педагог-сарапшы санатында. Бұл да өз кезегінде балабақша ұстаздарының біліктілігінен хабар береді. Яғни балабақша ұстаздары өз біліктіліктерін ұдайы жетілдіріп отырады. Сөзімізге дәлелді Педагогикалық шеберлік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің біліктілігін арттыру білім беру бағдарламасы» бойынша 235 академиялық сағат оқу курсын 3 тәрбиеші оқып, арнайы сертификатын алғанынан аңғара аламыз. Сондай-ақ Педагогикалық шеберлік орталығының «Инклюзивті білім беру жүйесінде психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету» курсын балабақша психологы, логопед маманы және тәрбиешілер оқып, біліктілігін арттырған. Балабақша ұстаздарының ҚР Білім және ғылым министрлігі «Өрлеу» біліктілік арттыру ұлттық орталығының арнайы курстарын оқып, арнайы сертификаттар алғанын да айта кеткеніміз жөн. Білім алуға, білімді жетілдіруге ешқашан кеш емес. «Бүгінгі білім ертең қызмет етпеуі мүмкін. Сондықтан ұдайы даму үстінде болуымыз қажет» деп білетін білікті мамандар әркез тәжірибе алмасып, біліктіліктерін арттырып отырады.
Ұстаз мерейі шәкіртінің қандай да бір жетістігімен өлшенеді. Тәрбиешілердің еңбегі еленіп, балғындар түрлі сайыстарда жетістіктерге жетіп жүр. Атап айтар болсақ, 2021 жылы «Ата Заңым – айбарым» аудандық мектепке дейінгі мекемелер арасында өткен ән айту сайысынан Раяна Жалғасбай есімді бүлдіршін жүлделі 3-орынды жеңіп алып, ата-анасы мен ұстаздарының үмітін ақтаған.
Балабақша түрлі іс-шараларда белсенділік танытқанымен қоса, әртүрлі жобаларды да ұйымдастырып отырады. Солардың бірі – «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік» тақырыбындағы аймақтық семинар. Семинарда әр топ өзінің күнделікті жоспары бойынша ашық оқу қызметін көрсетіп, тәжірибе алмасқан. Сондай-ақ наурыз мерекесіне орай мекемелер арасында өткен театрландырылған қойылым қою сайысынан ауызбіршіліктің жарқын үлгісін көрсеткен ұжым бесікке салу рәсімін көрсетіп, бірінші орынды жеңіп алған.
Жоғарыда атап өткеніміздей, балабақшада балаларға жайлы жағдай жасалған. Қолы ашық ел ағалары да орталыққа ұдайы көңіл бөліп келеді. 2014 жылы жергілікті басшылық пен «Абзал және К» ЖШС қолдауымен бөбекжай балабақша күрделі жөндеуден өткенін айта кеткеніміз жөн. Нәтижесінде орталық балаларға қажетті қосымша құралдармен толықтырылып, заманауи талапқа сай жабдықталған. Ал 2021 жылы «Мағжан және К» ЖШС демеушілік жасап, балабақшаға 90 орындық, 25 үстел, 4 топқа жылжымалы тақта, 40 балаға арнайы сөре, 2 теледидар алып берген. Бұл ретте ел ағаларына балабақша ұжымы мен ата-аналар шексіз ризашылығын білдіріп, алғыстарын айтады.
Балабақша бүгінгі қоғамда ата-ана үшін де үлкен көмек. Жұмысбасты, көпбалалы ата-аналар балаларының болашағын аталған балабақшаға сеніп тапсырған. Солардың бірі – Жанар Серікбайқызы.
– Қызым Сәния осы балабақшада тәрбиеленуде. Бауыр етің балаңды қазіргі кезде біреуге сеніп тапсыру қиын. Осы ретте өз жұмыстарын жоғары дәрежеде атқарып, адал еңбек етіп жүрген жандарға табыс тілейміз. Бөбекжай балабақшаның басшысы әрдайым қайырымдылық шараларын өткізіп отырады. Аз қамтамасыз етілген отбасыларға жағдай жасап, қолынан келгенше жыл сайын бірнеше баланы тегін қабылдайды. Көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларға да азық-түлік, киім-кешек үлестіреді. «Қайырымдылық қылсаң, қайырын өзің көресің» дейді ғой. Ел болашағы, ел ертеңдерінің түзу тәрбиесі үшін еңбек етіп отырған жандарға алғысымыз шексіз, – дейді ауыл тұрғыны.
Балабақша барлық тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағы іспеттес. Түзу тәрбие, саналы білім, күнделікті жайлы орта, шынайы көңіл, алаңсыз күліп-ойнап балалық шақтың шынайы бақытын сезіну. Бұның бәрі «Балдырған» балабақшасының тәрбиеленушілері үшін күнделікті тіршілік. Баланың шексіз қуанышы мен риясыз күлкісі ұстаздарға да шабыт сыйлайды. Расында да, балабақша – бақыт мекені.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ