Тәрбие – тал бесіктен басталады
Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік қасиетте тәрбиелеу – қазіргі замандағы өзекті мәселенің бірі. Біздің келешегіміз жас ұрпақ, ал жас ұрпақ тәрбиесі адамзаттың мәңгілік тақырыбы.
Күллі ғажайыптың ішіндегі ең тамашасы – жақсы тәрбиеленген ұрпақ, ендеше жақсы тәрбие ең алдымен балабақшада басталады емес пе? Әр үйдің кішкентай бөбектері мектепке дейін ата-анасының тәрбиесімен қатар өнер мен білімге баулитын балабақшада өсіп, тәрбиеленетіні анық. Бүлдіршіндер үшін балабақшадағы тәрбие ата-ана берген тәлім-тәрбиені жалғастырып, жандандыратыны сөзсіз. Біз қанша дамып басқа өмір саласындағы жетістіктерге жетсек те, бала тәрбиесі бір сәтте назардан тыс қалмауы тиіс. Бала жас тал болса, ал ересектерге оған бағбан болуы ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан іс.
Сәби жанын жақсылық нәрімен сусындату – тәрбиешінің міндеті. Бүлдіршіндердің сезімдері өте нәзік, әсершіл келеді. Оларға айтқан, көрсеткен нәрселердің бәрі – шындық, сұлу, әсем, жарасымды болуы керек. Тәрбие қалып тәрізді, егер қалып қисық, олқы болса, сол қалыпқа салынған зат та оңды болмайды. Бала тәрбиесі де сол сияқты. Сондықтан да бала бойына жас кезінен бастап рухани құндылықтар, мейірімділік, инабаттылық, жақсылық пен еркіндік сияқты қасиеттерді қалыптастыру тәрбиешінің міндеті. Сонда ғана бала бой көтеріп, бәйтерекке айналады.
Біздің №14 «Алтын сақа Шаған» балабақшамызда білім мен тәрбие жұмыстары «Алғашқы қадам», «Зерек бала», «Біз мектепке барамыз» бағдарламалары негізінде жүзеге асады. Мектепке дейінгі тәрбие бағдарламасы балалардың жан-жақты дамуын, олардың білім ұясына деген ынтасын қарастырады. Адамгершілікке, еңбекке тәрбиелеу күнделікті ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінде, ашық іс-шараларда қамтылады. Жасы үшке толар толмастан тілі былдырап, томпаңдап келген баланы бауырына қысып, еркелету, ойнату, қандай қызық. Әрбір сәбидің жүзін көргенде бақыттың базарында жүргендей күй кешесің. Осы сезімдер біздің қызметте рухани күш пен жұмысқа ынта береді.
Сөзімді «Тәрбие – тал бесіктен басталады» деген халқымыздың дана сөзімен қорытындылағым келеді. Тал бесіктен бастау алған тәрбие ғана жемісті болмақ. Демек жас ұрпақтың тәрбиелі болып жетілуіне бірден-бір ықпал ететін орын – балабақша. Ал бала тәрбиесі – біздің міндетіміздің ең маңыздысы.
Жанат МАХАНОВА,
№14 «Алтын сақа Шаған» балабақшасының тәрбиешісі