Аудан әкімінің құттықтауы
Баршаңызды татулық пен бірліктің, еңбек пен ырыстың жарқын мейрамы, Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Наурыз – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, өткен мен бүгінді сабақтастырып келе жатқан, сан ғасырлық тарихы бар халқымыздың төл мерекесі. Бұл күні жұртымыз «Наурыз келді, Самарқанның көк тасы еріді» деп қуанған. Диқандар жерін жыртып, дән ексе, ел іші бұлақ көзін ашып, ағаш еккен. Ауласын тазартып, ауылын абаттандырып, жақсы іс бастаған.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін халқымыз салтанатты түрде тойлаған. Осы қасиетті күнде адамдар бір-біріне деген реніштерін кешіріп, ырыс-береке тілеген. Бұл халқымыздың дархан, кең пейіл, достыққа берік екенінің белгісі.
Ардақты ағайын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев дамудың жаңа бағытын айқындап, жарқын бастамаларды жүзеге асыруда. Жаңа Жолдауда нақты міндеттер айқындалды. Оны іске асыруда ел-халықтың бірлігі аса маңызды.
Сырдария ауданының халқы жылдағы дәстүр бойынша Наурыз мерекесін көтеріңкі көңілмен қарсы алып отыр. Былтырғы жыл пандемияға қарамастан аудан үшін табысты жыл болды. Аудан диқандары судың тапшылығы орын алса да мол өнім жинады. Басқа салалар бойынша да нәтижелі жетістіктерге қол жеткіздік. Биыл да аудан экономикасын дамытып, әлеуметтік қорғау салаларына тиісті қолдау шараларын жасаймыз. Әсіресе, кәсіпкерлікті қолдауға ерекше көңіл бөлінетін болады.
«Ұлыстың ұлы күнінде айтылған барлық тілек қабыл болады» дейді ата-бабаларымыз. Олай болса, Наурыз мерекесі құтты болып, әрбір шаңыраққа бақыт, ырыс-береке әкелсін! Бар тілектеріңіз қабыл болып, жерімізде тыныштық, елімізде молшылық болғай!
Наурыз мейрамы құтты болсын!
Құрметпен,
Мұрат ЕРГЕШБАЕВ,
Сырдария ауданының әкімі