Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдық 135 оқушы «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан жарысуда

Аралдық 135 оқушы «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан жарысуда

Аралдық 135 оқушы «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан жарысуда

«Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының Арал аудандық кезеңі басталды. Аудандық мәдениет үйінде өтіп жатқан байқауда аудан мектептері бойынша 135 оқушы «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан жарысып, бақ сынауда.

Байқауды «Qazaq Epos» қоғамдық қоры «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы, облыстық білім басқармасы және «Дарын» қосымша білім беру орталығымен бірлесе отырып ұйымдастыруда.

Байқаудың ашылу салтанатында «Дарын» қосымша білім беру орталығы директорының орынбасары Гүлжахан Сағындыққызы құттықтау сөз сөйлеп, талапкерлерге сәттілік тіледі.

– Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Nur Otan» партиясы, ҚР Білім және ғылым министрлігі және «Qazaq Epos» қоғамдық қоры бірлесе отырып «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын жариялаған болатын. Байқау өңірімізде де жоғары деңгейде өткізіліп жатыр. Облыста 25 қазаннан басталған байқаудың 713 оқушы, бүгінгі Арал аудандық кезеңіне 135 оқушы қатысуда. Барлығыңызға сәттілік тілейміз, – деді ол.

Байқауға «Nur Otan» партиясы Арал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Қанатов, аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Ғайни Кенжебекқызы, «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Жанар Әлішева, филолог Ерғали Абдулла, аудандық «Толқын» газетінің редакторы Абай Елеш, аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы Сая Ералиева, «Qazaq Epos» қоғамдық қорының өкілі Нұрсұлтан Қаражан қазылық етуде.

Аудан мектептері бойынша жырға жаны құмар оқушылар «Едіге батыр» жырын жатқа, мәнерлеп, нақышына келтіре айтып шығу тиіс. Сайыста оқушылардың жырды жатқа айтқа айту барысында кідірмей, мүдірмей оқуы, жырды толық жаттауы ескеріледі.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Nur Otan» партиясы, ҚР Білім және ғылым министрлігі және «Qazaq Epos» қоғамдық қоры бірлесе отырып «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын жариялаған болатын.

Жобаның мақсаты – оқушылар арасында кітап оқуды, оның ішінде қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау, өскелең ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытуға жағдай жасау, оқушыларды халық поэзиясына, асыл мұраға деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерге баулу, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің беделін көтеру.

Байқау 6-10 сынып оқушылары арасында «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан өтеді. Қатысушылар қосымша Алтын Орда мемлекетінің тарихи оқиғаларына қатысты сұрақтарға жауап беруі тиіс.

Байқауға облыс бойынша 662 мұғалім дайындаған 713 оқушы қатысуда.

28 қазан 2021 ж. 330 0