Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Тұлпар мініп, ту алған!»: Сырдария ауданы бойынша жеңімпаздар анықталды

«Тұлпар мініп, ту алған!»: Сырдария ауданы бойынша жеңімпаздар анықталды

«Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының Сырдария аудандық кезеңі мәресіне жетті. Тереңөзек кентіндегі аудандық мәдениет үйінде өткен байқауда аудан мектептері бойынша 50-ден астам оқушы «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан жарысып, бақ сынады.

Байқауды «Qazaq Epos» қоғамдық қоры «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы, облыстық білім басқармасы және «Дарын» қосымша білім беру орталығымен бірлесе отырып ұйымдастыруда.

Байқаудың ашылу салтанатында «Nur Otan» партиясы Сырдария аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркебұлан Жақып сөз сөйлеп, байқаудың маңыздылығына тоқталып, «Едіге батыр» жыры туралы тың тарихи деректер келтірді.

– Жырдың өн бойында Едігенің батырлығынан гөрі ақыл-парасаты кеңінен суреттеледі. Едіге мен Тоқтамыс, Әмір Темірдің заманын, негізінен олардың өзара қатынасын жыр еткен ауыз әдебиетінің көне мұрасы «Ер Едігенің» танымдық қасиетін, шыншылдық беделін толық бағалау үшін бүгінгі күннің де, келешек күндердің де зерттеушілері назар аударарлықтай құндылыққа ие, – деді Еркебұлан Жақып.

Сондай-ақ, «Дарын» қосымша білім беру орталығының директоры Айжан Қиянбекова талапкерлерге сәттілік тіледі.

– Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Nur Otan» партиясы, ҚР Білім және ғылым министрлігі және «Qazaq Epos» қоғамдық қоры бірлесе отырып «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын жариялаған болатын. Байқау өңірімізде де жоғары деңгейде өткізіліп жатыр. Облыста 25 қазаннан басталған байқаудың бүгінгі Сырдария аудандық кезеңіне 53 оқушы қатысуда. Барлығыңызға сәттілік тілейміз, – деді ол.

Байқауға «Nur Otan» партиясы Сырдария аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркебұлан Жақып, аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков, №137 мектеп-лицей директоры Бағдат Есназар, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Ақтөре Ибрагим, «Qazaq Epos» қоғамдық қорының өкілі Нұрсұлтан Қаражан қазылық етті.

Аудан мектептері бойынша жырға жаны құмар оқушылар «Едіге батыр» жырын жатқа, мәнерлеп, нақышына келтіре айтып шықты. Сайыста оқушылардың жырды жатқа айтқа айту барысында кідірмей, мүдірмей оқуы, жырды толық жаттауы ескерілді.

Нәтижесінде, қазылар шешімімен Сырдария ауданы бойынша келесі оқушылар жеңімпаз атанды:
1 орын(150 мың теңге) – №137 орта мектептің 9-сынып оқушысы Жәмила Әбсаттар, дайындаған мұғалімі Асылзат Тұрсынбаева;

2 орын(100 мың теңге) – №130 мектептің 8-сынып оқушысы Сағындық Балғабайұлы, дайындаған мұғалімі Роза Қараева;

3 орын(50 мың теңге) – №135 мектептің 7-сынып оқушысы Жанбике Асхатқызы, дайындаған мұғалімі Гүлнар Тәжімұратова.

Жеңімпаздарға жүлделерін «Nur Otan» партиясы Сырдария аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркебұлан Жақып пен «Дарын» қосымша білім беру орталығының директоры Айжан Киянбекова табыстады. Барлық қатысушылар дипломдармен марапатталып, үздік үштіктен көрінген қатысушылар байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Nur Otan» партиясы, ҚР Білім және ғылым министрлігі және «Qazaq Epos» қоғамдық қоры бірлесе отырып «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын жариялаған болатын.

Жобаның мақсаты – оқушылар арасында кітап оқуды, оның ішінде қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау, өскелең ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытуға жағдай жасау, оқушыларды халық поэзиясына, асыл мұраға деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерге баулу, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің беделін көтеру.

Байқау 6-10 сынып оқушылары арасында «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан өтеді. Қатысушылар қосымша Алтын Орда мемлекетінің тарихи оқиғаларына қатысты сұрақтарға жауап беруі тиіс.

Байқауға облыс бойынша 662 мұғалім дайындаған 713 оқушы қатысуда.

27 қазан 2021 ж. 377 0