Көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы талқыланды
Аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушевтың төрағалығымен 2022 жылдың вегетациялық кезеңіне және көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысына арналған мәжіліс өтті.
Жиынға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шаменов «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов, «Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ғалымы Камалдин Шермағанбетов, «Қазсушар» мекемесі Қызылорда филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров, «Байқоңыр» әлеуметтік - кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Тоқмырза, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы Қызылорда филиалы директорының орынбасары Нұрлан Нығметов және дербес бөлім мен шаруашылық басшылары қатысты.
Мәжілісті аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев ашып, күн тәртібіндегі мәселенің өте маңызды екенін атап өтті.
– Бүгінгі мәжілісте Сырдария өзеніндегі болжанып отырған су тапшылығы жағдайына байланысты ауылшаруашылығы дақылдарын орналастыру сызбасын нақтылап, вегетация кезінде дақылдарды суармалы сумен қамтамасыз ету мәселелері қаралатын болады. Өткен аптада ҚР Парламенті мәжілісі депутаты Балайым Тұрғанбайқызының іс-сапары барысында аталған мәселелер талқыланып, Үкімет деңгейінде көтерілетіндігін айтты.
Сырдария ауданы бойынша 2022 жылы орналастырылатын ауыл шаруашылығы дақылдарының бекітілетін сызбасына сәйкес жалпы 32743 гектарға егiс орналастыру межеленуде.
Бүгінгі мәжілістің күн тәртібінде Сырдария өзеніндегі болжанып отырған су тапшылығы жағдайында ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру сызбасын қайта қарап, вегетация кезінде дақылдарды суармалы сумен қамтамасыз ету мәселелері қаралатын болады.
Өздеріңіздің ұсыныстарыңызға сәйкес, ауданда «Вегетациялық кезеңде егістікті суармалы сумен қамтамасыз ету» жөнінде жұмысшы тобы құрылды. Өздеріңізбен бірлесіп, ең тиімді шешімдерді қабылдай отырып, барлық мәселелерді оңынан шешетін боламыз деп сенемін, – деді Димаш Серікбайұлы.
Күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов Сырдария өзені бойындағы су шаруашылығы жағдайы, «Қазсушар» мекемесі Қызылорда филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров ауыл шаруашылығы дақылдарын вегетация кезінде суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесі, «Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ғалымы Камалдин Шермағанбетов су тапшылығы жағдайында егін шаруашылығында су қорларын тиімді пайдалану, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы және ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру сызбасын қайта қарау бағытындағы жұмыстар жөнінде хабарлама жасап, бүгінгі таңдағы нақты жағдайды баяндады.
Мұнан соң кезек ұсыныс-пікірлерге беріліп, «Мағжан және К» ЖШС директоры, аудандық мәслихат депутаты Д.Ералиев, «Құндызды жер» ЖШС директоры Б.Рахметов, «Ақжарма-2» ЖШС директоры, аудандық мәслихат депутаты М.Бисенов, «Жарбол» ШҚ директоры, Ж. Ешмаханов, «Шуақ» ШҚ директоры, Ә.Маханбет күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты ойларын жеткізді.
Бұдан бөлек, егістікті әртараптандыру, субсидия төлеу, суарудың тиімділігі жөнінде мәселелер талқыланды.
Сондай-ақ, Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкерлері тарапынан шаруашылық басшыларына әртараптандыру бағытында суды аз тұтынатын, тұзды жерге төзімді құмай, түйежоңышқа және мақсары дақылдарын егу жөнінде ұсыныстар айтылды.
Жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев шаруашылық басшыларының сұрақтарына жауап беріп, өз ұсыныстарын да жеткізді.
@Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі.