Ұлылық пен жылылық
Ақжарма ауылының тұрғыны Гүлнәр Тұрғанбаева – өмірін ұстаздыққа арнаған, жүрегі мейірім мен сүйіспеншілікке толы асыл жан. Ұлағатты ұстаздың өмірден алғаны да, түйгені де – шәкірттерінің жүрегіне ұлттық құндылықтарды, қайырымдылық пен ізгіліктің нәрін себу. Ұстаздың өнегелі жолын, мамандығына деген махаббатын әлеуметтік желіде жариялаған жазбаларынан көріп, көңіліңіз толқиды. Ұстаздың жасаған жақсылығын, алған алғысын тізбектеп тауысу мүмкін емес.
Бірде әлеуметтік желіде сәбилер үйіне асыққан бір топ оқушылардың ортасында жүзі жарқын ұстаз Гүлнәр Ғанибайқызын көрдім. Облыс орталығындағы сәбилер үйінің қызметкерлері оларды бұрынғы таныстарындай құрақ ұша қарсы алды. Ақжармалық оқушылардың қолында сәбилерге әкелген сыйлықтары бар. Олардың өмірден тумай жатып теперіш көрген бөбектерге деген шынайы көңіліне ризашылық білдірмеген жан қалмады. Бұл Гүлнар Ғанибайқызының бастамасымен соңғы 7 жылдан бері дәстүрге айналдырған ерікті түрде қолға алған қайырымдылық іс-шарасының көрінісі екен.
– Қазіргі білім беру мазмұны ұстаздардан өзгеруін талап етеді. Ескі түсініктен арылу қажет. Ол үшін рухани құндылықтарға мән беріп, сүйіспеншілік пен қайырымдылықты үйренуіміз керек. Мұндай қасиет арқылы баланың ішкі жан дүниесіне үңіліп, рухани жаңғыруына негіз қалайсыз. Мұғалімнің алдында рухани-адамгершілік құндылықтарға негізделген ойы, сөзі, ісі бірлікте болатын кемел тұлға тәрбиелеу мақсаты тұр, – деген ұлағатты ұстаз өмір арнасында кезіккен естен кетпес оқиғаны баяндады.
2015 жылы «Өрлеу» мұғалімдердің біліктілігін арттыру институтына үш айлық деңгейлік курсқа оқуға келген ұлағат иесі тренерінің жетекшілігімен Қызылорда қаласындағы сәбилер үйіне барған. Мекеменің тәртібі бойынша барлық ұстаз сәбилермен жолыға алмаған. Дегенмен бүлдіршіндермен кездескен 2-3 әріптестерінің айтуымен ондағы мән-жайды ұғынады. Сол күннен бастап 30 бөбектің өмірін бір сәтке болса да қуанышқа кенелту керек деген алдына мақсат қояды. 30 бала, 30 тағдыр. Елжіреген жүрек, «қандай көмек көрсетсем екен» деген сұрақ маза бермей, құлағында жаңғырып тұрды. Жақсылықты сөзбен емес, іспен көрсетуге бекінді. Себебі «Бір жетім баланың басынан сипап, қайырымдылық көмек көрсетсең, жылы сөз сөйлеп мейірімділік жасасаң, сол жасаған ісіңнің жақсылығы еселеп екі дүниеде де міндетті түрде қайтады» деген ата-бабадан қалған өсиет бар. Оқушыларға әрбір сабақ сайын өмірде ақ пен қараны, мәңгілік пен жалғанды ажырата білуге және жүректегі сүйіспеншілік құндылығы жарыққа шыққанда барып оның қасиеттері көрінетінін түсіндірді.
Мектептегі үштік одағының белсендігін арттырып, ата-анамен тығыз байланыс орнатты. Бала тәрбиесіндегі жалпыадамзаттық құндылықтардың маңызы, бала бойындағы тумысынан салынып берілген рухани-құндылықтарды жарыққа шығаруға күш салды. Қайырымдылық жасаудың ерекше рөл атқаратыны туралы айтты. Сонымен қатар ұстазды мазалап жүрген сұрақ төңірегінде ашық әңгіме құрды.
– Менің бір ғана ұсынысым болды. Ол – сәбилерге сыйлық жасап, қуанту. Ол үшін ата-аналар балаларға үйден тәтті тоқаштар, айран, сүт, құрт жасап беріп, соны сатып, түскен ақшаға қайырымдылық акциясын жасау. Сонда балаларымыз мейірімділік пен қайырымдылықтың, бауырмалдылықтың, бар мен жоқтың қадірін білер еді деп қолқа салдым. Ата-аналарым бір ауыздан қуана келісе кетті. Ал сәбилер үйіне баратын кезде балалардың өздерін ертіп баруымды сұрады. «Ондағы жағдайды көздерімен көрсе, мүмкін балалар ойланар. Қазір балалар «дайын асқа тік қасық» болғысы келеді, армандары – қымбат смартфон. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді», барсын, көрсін» деп ұсыныс білдірді. Аптаның жұма күнінде мектепте ата-аналардың көмегімен «Жүректен-жүрекке» атты жәрмеңке өткіздік. Қоржынға 20 мың теңге түсті. Келер жұмада облыс орталығындағы сәбилер үйінің басшылығынан рұқсат алып екі оқушым Зарина мен Қасымды ертіп, балаларға киім-кешек, тәттілер алып барып қайттық. Балалар бара жатқанда керемет көңіл-күйде болды. Сәбилерді көзімен көріп, ойнатып, апарған киімдерін кигізіп мәз-мейрам болды. Ал мүмкіндігі шектеулі балғындарды көргенде көңілдері босап кетті. Кездесуге бөлінген жарты сағат ішінде сәбилер де бауыр басып қалды. Олармен қимастықпен қоштасып, «тағы да міндетті түрде келеміз» деп уәде бердік. Ертесіне сыныпқа келіп қалған балаларға өз көрген, білгендерін айтып, екі бала көз жастарына ерік берді. Олардың әсерлі әңгімесіне балалардың көңілі босап, «апай, қайырымдылық акциямызды жылына екі рет жасап, сәбилер үйіне барып тұрайықшы» деп өз тілектерін білдірді. Міне сол кезден бастап бес жыл қатарынан оқушыларым мектеп бітіргенше акцияны ұйымдастырып, уәдеде тұрып, жылына екі мәрте сәбилермен қауыштық. Бірте-бірте сыныбыма басқа сынып оқушылары да қосыла бастады. Қайырымдылық көкжиегі кеңейіп, бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді. 2019 жылы мектеп бітірген 11 «а» сынып оқушыларым берген серттерін ұмытпай, қайда жүрсе де, студент болса да сәбилер үйімен байланысын үзген емес, – деді жүрегі мейірімге толы ұстаз.
«Егер баланы сүймесеңіз мектепке бармаңыз. Өйткені, бала үшін сүйіспеншіліксіз жасалған кез келген әрекет жақсы нәтиже бермейді. Сондықтан да мұғалімнің басты парызы – балаларға деген шынайы сүйіспеншілік» деген ғұламалардың сөзін ұстанатын Гүлнар Ғанибайқызы осындай қасиетінің арқасында халықтан алғыс алып келеді.
Бүгінде дәстүрге айналған қайырымдылық акциясына ауылдағы қарапайым тұрғындар атсалысуда. Бір қуанарлығы – сәбилерге киім-кешек алу барысында қаладағы «Қорқыт ата» сауда үйінің балалар киімін сатушысы Рита есімді кәсіпкер өз атынан алты балаға киім берген. Бұл да болса айналамыздағы адамдардың жүрегіндегі жанашырлық, мейірімділіктің белгісі болса керек. Жыл сайын оқушыларын еңбексүйгіштікке баулу мақсатында ауыл мешітінің тазалық жұмысына, қыста қар тазалауға, «Жастар» аллеясының айналасын қоқыстан тазаруына атсалысып келетін ұстаздың тілге тиек етер ізгілігі мұнымен шектелмейді. Қолынан келгенше жаны жабырқаған жанның жанынан табылып, отбасымен көмек қолын созады.
Алғыс айту күнінде айналамыздағы болып жатқан жақсылықты көруге асығып, оны өзгеге насихаттауды мақсат тұтқандықтан, Ақжарма ауылындағы №130 Абай атындағы мектептің мұғалімі Гүлнар Ғанибайқызын үлгі еттік. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы: «Адам болып туылу оңай, адам болып қалу қиын» деген екен. Шын мәнісінде әрбір пенде адамгершіліктен ауытқымай, адам деген атқа лайық өмір сүрсе, жүректеріндегі сүйіспеншілік нұрын жан-жағына тарата білсе, қандай ғанибет десеңізші?! Әлемді мейірімділік пен қайырымдылық құтқарады, жүрегіміздегі жылылықты жоғалтпайық.
Бибісара ЖАНӘЛІ