Ұлы мамандық иесі
Мамандықтың төресі – ұстаз болу. Қанша мамандық болса, барлығының басында мұғалім тұрады. Ұстаз алдынан тәлім-тәрбие алып, жаңа өмірге қадам басатын шәкірт – ең бақытты ұрпақ.
Ауданда ұстаздық жолында өнегелі өмірімен құрметке бөленген ардагер-ұстаз Сұлупан Шамшадинқызының есімі ерекше аталады. Өзінің 30 жыл ғұмырын мектепке, бала шамшырағы болуға арнаған ұстаздың еңбек жолын кейінгі толқын әріптестері үлгі-өнеге етеді.
Айдынды Аралдың Қамыстыбас ауылында туып-өскен қаршадай қыздың мамандық атаулының мәртебелісі мұғалімдікті таңдап, Сыр елінің бас шаһарына аттанғаны күні кешігідей есінде. Жас талапкердің арманы – жаратылыстану факультетіне оқуға түсіп, химия пәнінің мұғалімі атану болатын. Бақытына орай қалаған мамандығы бойынша студент атанып, жалындаған жастық шағында қатарының алды болып, қолына дипломын алады. Еңбек жолын Ақжарма ауылындағы №130 Абай атындағы орта мектепте бастап, зейнет демалысына шыққанға дейін 24 жыл бойы табан аудармастан №35 И.Тоқтыбаев атындағы орта мектепте ұстаздық етеді.
«Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» демекші, Сұлупан Шамшадинқызы ұстаздық жолында оқушыларға білім берумен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Облыс бойынша білім қоғамының мүшесі, Еңбекшілер депутаттарының ауылдық кеңесінің депутаты, аудандағы Халықтық бақылау тобының мүшесі болып белсенділігімен ерекшеленді.
Сұлупан Шамшадинова 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада науқанына да қатысты. Облыста «Жас спортшылар» сыныбын ашып, 44 шәкірт тәрбиелеген алғашқы ұстаз атанды.
Ұстаз қай кезде де мектептің жүрегі саналған, қоғамның тірегі ретінде бағаланған. Ауданда бірнеше жыл жаратылыстану пәні бойынша тереңдетілген сынып ашып, оқушыларды аудандық, облыстық, республикалық пән олимпиадаларына дайындап, жүлделі орын иеленді. Сұлупан апай оқытқан шәкірттер арасында сол жылдары химия пәнін сүйіп оқымаған оқушылар кемде-кем. Бұл ұстаздың мамандығына деген шынайы сүйіспеншілігін білдірсе, екінші жағынан пәнді оқытудағы озық әдіс-тәсілін терең меңгергенін айқындайды. Білікті ұстаздың өз ісінің шебері ретінде іс-тәжірибесі аудан көлемінде таратылғаны осының дәлелі болса керек. Сонымен қатар 1988 жылы «Қазақстан мектебі» журналында «Химия пәнін оқытудағы өнегелі ұстаз» атты іс-тәжірибесі де таратылды.
– Мұғалімдердің мәртебесі әрқашан биік тұрады. Шәкірттердің таудай талабына қанат бітіріп, олардың ғылымға деген қызығушылығын арттыруда ізденіп әрі қызығып жұмыс істедік. Оқушыларым жетістіктерге жеткенде, еңбегімнің еш кетпегенін көріп, мерей-мәртебем арта түседі. Еліміз бойынша кабинетте оқыту жүйесі қолға алынғанда өз күшімізбен жаңа пән кабинетін жабдықтадық. Д.Менделеевтің кестесін электрлендіріп, механикалық жылжымалы алты бірдей тақта жасап, оқушылардың білімін тереңдетуге күш салдық. Кезінде ауданда «Атаулы мектеп» ашып, мұғалімдердің білімін жетілдіріп, сабақ берудің әдіс-тәсілін меңгертуге атсалыстық. Нәтижесінде, 15 мұғалім «Ұстаздардың ұстазы» деген дәрежеге жетті, – дейді ардагер-ұстаз С.Шамшадинқызы еңбек еткен жылдарын еске алып.
Ұстаздың ең жоғарғы жетістігі – әріптестерінің Ресей, Украинаның атақты Шаталов, Аманашвили, Ильин сияқты педагогтардың сабақта озық тәжірибелерін, әдіс-тәсілін қолдана отырып, оқушылардың білім сапасының көтерілуіне ықпал еткені. Сұлупан апайдың осындай еңбегі лайықты бағаланып, жоғары санатты мұғалім атанды.
Ардақты ұстаз өз пәнін жетік меңгерумен қатар, оқушылардың тәрбиесіне де аса мән берді. Оның сынып жетекшісі ретінде өткізген «Бірінші мүшел – балалық шақ» атты әдеп сабағы радио желісі арқылы көпке танылды.
Атақты француз философы Жан-Жак Руссоның «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, басқаның бақытын аялау» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Ардақты ұстаз – өз білгенін үйретіп қана қоймай, бойындағы өнегесін ұрпаққа жеткізуші таза ниетті ана ретінде сый құрметке бөленген абзал жан. Отағасы Бақытжан Сауытбаевпен бірге бес бала тәрбиелеп, өнегелі отбасы атанды. Бүгінде перзенттері Мәскеу, Алматы қалаларында жоғарғы оқу орындарында оқып, өмірден өз орындарын тапты. Әрқайсысы бір-бір сала маманы атанып, еліміздің дамуына үлес қосып келеді. Бір сәтке де өзі еңбек еткен ұжымнан ажырамаған, немере-шөберелерін жетектеп жүретін, құттыхана мектептің тыныс-тіршілігінен алыстамаған аяулы ұстаз әлі тың, қоғамдық жұмыстың бел ортасында. Мектептің ата-аналар ұйымының мүшесі ретінде тәлім-тәрбиеге атсалысудан қол үзген емес. Ақ жаулықты ана аудандағы «Сыр Ана» әжелер ансамбілінің мүшесі. Ұстаз есімі «Ай дидарлы аналар», «Сырдария», «Сырдария-Тереңөзек», «Сыр өңірінің мәдениеті» атты кітаптарға енді.
Ұстаздың бойындағы қасиеті мен еңбек еткен жылдарындағы алған атақ абыройы көп. «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Аға мұғалім», бірнеше мәрте министрліктен, облыс, аудан әкімдігінен алған «Құрмет грамоталары», «Еңбек ардагері», «Сырдария ауданының 90 жылдық» медалі ұстазға деген құрметтің белгісі ретінде көздің қарашығындай сақтаулы.
Бір сөзбен айтқанда, Сұлупан Шамшадинқызы – ұстаз атты ұлы мамандықтың туын жықпаған, ойы салмақты, сөзі де, ісі де ірі, жаны таза, кішілік пен кісіліктен жаралған, тұғыры биік ұстаз. Өмір жолы өнегелі ардагер-ұстазды мерейлі мерекемен құттықтаймыз. Ұзақ өмір, деніне саулық тілейміз.
Бибісара ЖАНӘЛІ