Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің

Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің

Адам өмірі баспалдақ сияқты. Бір жақсы қадам жасасаң, бір баспалдақ жоғары шығып, тағы да алдыға ұмтыласың. Алға қойған мақсатыңа тек адамгершілік құндылықтары, ізгілік әрекеті арқылы жетуге тырысасың. Себебі ізгіліктің жауабы ізгілік болмақ.

Өмірдің ең қымбат сыйы – адам болып жаралу. Адамды адам ететін оның рухани адамгершілік қасиеті. Осындай керемет адамгершілік қасиеті бар, жүректері тек қана мейірім мен риясыз сүйіспеншілікке толы жастардың бар екені қуантады. Солардың бірі 2019 жылы Ақжарма ауылындағы №130 Абай атындағы орта мектепті бітірген түлектер. Түлектерге сынып жетекшісі болған ұлағатты ұстаз Гүлнәр Тұрғанбаева шәкірттері туралы жылы лебіз білдіреді.

– Өткен жылдың соңы болатын. Оқушыларым Ринат Өмірзақ пен Зарина Дәулетбаева хабарласты. Олар «Ұстаздарымыз бізге сапалы білім беріп қана қоймай, саналы тәрбие берді. Әсіресе, өзіңіз апта сайын оқытатын «Өзі өзі тану» пәні бізге көп ой салды. Мектеп табалдырығында жүрген кездегі дәстүрлі «Жүректен жүрекке» акциясын сыныбымызбен бірге жалғастырсақ дейміз. Елдегі жағдай адамдарды қажытып тастады. Ең болмаса сәбилерді жаңа жыл қарсаңында қуантсақ» деді. Мен әрине, қуана келістім. Оқушыларымның бұл ойын отбасым да құптады. Балалардың шәкірт­ақысынан жинап берген қаржысына отбасымның атынан қаржы қосып, облыстық сәбилер үйіне, ондағы тәрбиеленушілерге жаңа жылдық сыйлық жасадық, – деді ұстаз Г.Ғанибайқызы.

Мұғалім карантин ережесіне сәйкес, санитарлық талап­тарды сақтап, оқушыларының аманатын өткен жыл­дың соңғы жұма күні апарып табыстаған. Өз кезегінде сәбилер үйінің дәрігері басшылықтың және тәрбиеленушілердің атынан қайырымды жастарға бейнекөрініс арқылы алғысын жеткізді.


– Балалардың іс-әрекеті қатты қуантты. Себебі балалар «ертең студент болғанымызда біздер қайрымдылық іс-шарасын жалғастыратын боламыз» деген еді. Жалпы қайырымдылық іс-шарасы кеше немесе бүгін басталған жоқ. «Жүректен жүрекке» акциясы 2015 жылдан бері өтіп келеді. Жылына екі рет сәбилер үйіне сыйлық, киім-кешек алып барып тұрамыз. Оқушыларым мен ата-аналар бастаған игі істі қазіргі кезде мектептегі басқа оқушылар да жалғастырып келеді, – дейді қайырымды істің басы-қасында жүрген ұстаз Г.Тұрғанбаева.

Айта кету керек, ардақты ұстаздың сауапты ісіне Қызылорда қаласындағы «Тұран» сауда үйінің бір сатушысы қосылуға уәде беріп, жаңа жыл қарсаңында ол да сәбилер үйіне сыйлық апаратынын айтыпты.
Шын мәнінде адамдардың жасаған қайырымдылығы Алла Тағаланың қалауымен өзіне еселеніп қайтады деген сөз бар. Қоғамда жүрегі риясыз сүйіспеншілікке толы адамдардың көбейгені қуанышты жағдай. Мейірімді жастардың болашағы да жарқын болады. Мектептен алған тәлім-тәрбие балалардың нағыз елжанды азамат болып қалыптасуына септігін тигізері сөзсіз.

– Өзін өзі тану барысында ақпарат жинау емес, тұлғаның өзгеруі маңызды. Мұғалім үшін атақ та, даңқ та – ол шәкірттерінің жетістігі. Бір баланың ойын жақсы арнаға қарай өзгерте алсам, одан асқан бақыт жоқ ұстаз үшін, – деген ұстаздың сөзінде қаншама мағына бар. Болашағымыз қайырымды ұрпақтың саналы азамат болуымен нұрлы болғай!


Бибісара ЖАНӘЛІ

05 қаңтар 2021 ж. 1 406 0