ИГІЛІГІ МОЛ ШАРА
Дана халқымызда «Өткенін білмеген, болшағын болжай алмайды» деген сөз бар. Осы ғибратты ой Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған тұжырымды пікірімен сабақтаса түскендей. Маңызды құжаттағы жолдарға назар аударайық «... Иісі Алашты құрметтеу туған өлкеңді танудан ел есінде сақталған біртуар перзенттерін, оның адамдарын ардақтаудан басталады. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс...» Ол өнегелі де, салиқалы ісімен халқына қызмет жасаған, есімі белгілі тұлғаларды дәріптеп еске алып отыру дегенге саяды.
Осындай игі жұмыс жақында Шаған ауылындағы № 37 мектеп – лицейінде көрініс тауып, өзінің ерекшелігі мен мән – мағынасымен айқындалды. «Асыл туған адамның баға жетпес нарқы бар» дегендей, халықтың құрметтісі, ұлағатты ұстаз Тұрсынай Шәймерденова апайды еске алуға арналған шара болатын. Шараның беташары – Елбасының рухани құндылықтарды айқындайтын құнды құжаттың талабын жүзеге асыратын, тәрбиелік маңызы биік «Оқу – тәрбие» кабинетінің ашылу салтанатымен басталды.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» мерейі биік, өнегелі шуағы мол ұстаздарға деген іске ардагер ұстаздар, әр жылдардағы түлектері, ағайын – туыстары, ауыл тұрғындары, мұғалімдер мен оқушылар қатысты.
Бірінші қабаттың кең залында елу оқушыдан жасақталған хор ұжымы «Ұстазым» әнін асқақтата шырқаса, бишілер атақты «Сыр сұлуы» әуенімен вальске дөңгелене билеп, көпшілікті бір серпілтіп тастады. Бұл көрініс өнерге етене жақын, қадірін бағалай Тұрсынай апайға кейінгі толқын шәкірттердің құрметі деп бағаладық.
Қонақтардың назарын «Оқу – тәрбие» кабинетіне орналасқан ұстазға арналған «Қалдырған ізің мәңгілік...» тақырыбындағы бұрыш өзінің мазмұндылығымен аударды. Ол жерде апайдың өмір және еңбек жолын бейнелейтін фотосуреттер, алған мадақтамалары, алдынан дәріс алған шәкірттерімен бірге түскен шежіре суреттер бар. Пайдаланған қажетті кітаптарға да орын берілген.
«Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп ұлы Абайдың тұңғиық тұжырымдамасына тәнті боласың.
«Артында ұлы қалса – көзі қалғаны, артында сөзі қалса – өзі қалғаны» дейтін терең түйінді қағида да бір – бірімен қабысып, ортақ пікірдің өмірлік өлшемін беріп тұрғандай. Ұрпақ бойына ұлағаттың ұрығын сепкен, асыл қасиеттерімен із қалдырған ұстаздың ізгілікті жолы,салиқалы тұлғасы – жылдар жылжыған сайын жарқырай түсетін алтынның сынығы. Ұстаз күннің құдіретті сәулесіндей жан – жағына нұрын шашып, шуағын себетіндігі сияқты Тұрсынай Шәймерденованың бойында нағыз ұстаздыққа тән қасиеттер орын алған еді.
Әңгіме кейіпкері – Т. Шәймерденова 1941 жылы 1 қазанда Шаған ауылында дүниеге келді. Жасынан – ақ, білімге құштар, ақылы мен өжеттілігі тұрғысынан көзге түскен талапшыл жас № 37 орта мектепті бітіріп, Н. В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының «тарих факультетін» 1966 жылы сәтті аяқтады. Өмірінің соңына дейін осы білім ұясында сапалы білім, саналы тәрбие беру ісіне арнады. Өз пәнінің шебері, ұстаз жүрегі «шәкірт» деп соқты.
Жақсы адаммен бірге жұмыс істеу де бір ғанибет ғой. Ол кісімен таныстығым 1977 жылы жас маман ретінде аталған мектепке мұғалім болып қызметке орналасқан кезден басталады. Сыйласа білдік. Өмірден бақилыққа аттанған 2001 жылға дейін ақылшы – ұстаз ретінде, ақыл – кеңесін тыңдап білгенім де, байқағаным да, көргенім де, ұққаным да, аңғарғаным да көп болды.
Алға қойған мақсатына жету үшін күресе білді. Айтқанын ашық айтатын, бұқпантайлығы жоқ еді. Өтірікке жаны қас, жаңалыққа деген ұмтылысы мол еді.
Қашанда асықпай, байыпты сөйлейтін, қоңыр үні құлаққа жағымды, күлгендегі түрінен мейірім шуағы төгіліп тұратын. Сұлулықты бағалайтын. Өзі секілді әрбір оқушыны таза жүруге, талапқа сай киініп жүруге үйретті. Сахналық қойылымдарды балаға үйретуге, өнерге баулуға мән бере отырып, өз бойындағы қабілеті мен талантты ұшқынды дарытудан әсте жалыққан емес. Ән салу, би билеуге баулу да еңбеккер ұстаздың тынымсыз еңбегінен байқалды. «Гәкку» деп ән салған үні әлі күнге дейін бәріміздің құлағымызда. Ұстаз Тұрынай апай өз пәнінің білгір маманы болатын. Көп ізденетін, оқитын. Бірнеше рет облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтына шақырылып, әріптестеріне өзінің тәжірбиесі туралы лекция оқыды.
«Жергілікті жер тарихын сабаққа және кластан тыс жұмыстарда пайдалану әдістерім» тақырыбындағы баяндамасы облыс мұғалімдеріне таратылды. Озат тәжірбиесі, үлгілі ісі аудандық, облыстық басылымдарда жарық көрді.
«Өзінен озған шәкірттері бар ұстаз бақытты» деп жақсы істерімен танылған жоғары жетістіктерге жеткен шәкірттеріне сүйсініп «Тәубе» деуші еді. Әрине Ақтанберді жырау сөзімен айтқанда «Әркім өзі талпынбақ, басына бітер бағы үшін», өзінің адал ісінен бақытын тапқан өнегелі, білімді шәкірттері бар ұстаздың ісіне қуанасың. Пән мұғалімі болумен бірге сынып жетекшілікті қоса атқарып абырой биігінен көрінді. Төрт сынып бітіртіп, ұясынан ұшырған. Екі «Алтын белгі» иелері Марфуға Күнтаева мен Гүлдана Айдарова, тарих ғылымының кандидаты Шолпан Айдарова, белгілі журналист Сәрсенкүл Биқожа, мал дәрігері Амантай Мыханов, ауылшаруашылық маманы Бақытбек Жаңабергенов, өндіріс бригадирі Мейрамбек Құттымұратов, дәрігер Бақытжан Тайманов, балабақша қызметкері Майра Мұстафаева, ұстаздар Гүлзира Мұхамеджанова, Гүлшат Боранбаева, ізін жалғастырушы тарих пәнінің мұғалімдері Алауаддин Сейітасқаров пен Дүйсенбек Тәуекелов сынды бүгінгі білгір мамандар, кешегі шәкірттері әрдайым ұстаздың өнегелі асыл – қасиеттерін тілге тиек етіп, мақтаныш тұтады. Адамгершілік пен азаматтық тұрғыда тәрбиеленген ондаған шәкірттер тобы еліміздің түкпір – түкпірінде мамандықтың әр саласына сай өз үлесін қосуда.
«Еңбегіне қарай өнбегі» демекші адал еңбегі ескерусіз емес. «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісі, «Аға мұғалім» атағы мен «Білім озаты» төс белгісі ұстаз мәртебесін биіктетіп тұр. Оған КСРО мемлекеттік білім беру комитеті мен республикалық, облыстық білім қызметкерлері кәсіподағының құрмет грамотасымен, аудан әкімінің, аудандық, облыстық білім басқармасының бірнеше Алғыс хаты мен Мақтау қағаздарын, бағалы сыйлықтарын қосыңыз. Ауылдық және аудандық кеңестің депутаты болып сайланды.
Еске алу шарасы барысында сіңілісі Өндірісқызы Нәбира, інілері Самат, Ертай мен Жаңагүл Балапановалар нағашы – апасы Әсемкүл, ол кісінің Алматы қаласында тұратын қызы, Тұрсынай апайдың тәрбиесін көрген желтоқсан оқиғасына қатысушы Гүлбахрам Есмұратқызы сөз алып, ұстаздың өнегелі адал ісі, мейірімді жүрегі мен ағайынға деген асыл қасиеттері жайлы үлкен тебіреніспен ой қозғады. Поэзияға да жүрегі жақын апайдың нағашысының 60 жылдық тойына шығарған арнауын оқушы Әлішер Оңғарбай жатқа оқыды.
Көп жылдар бірге еңбек еткен әріптестері мен шәкірттерінің, салиқалы пікірлерінде ұстаз жанының білімпаздығы, өмірге құштарлығы мен ұлттық өнерге жанашырлығы мол жан екендігіне тоқталды.
Көпшілікке үлгі – өнегесі мол игілікті шараны өткізуге ұстаздың 1987 – 1988 оқу жылындағы мектеп бітірген түлектері бастама көтерген.
Ұстаз рухына тағзым етіп, азаматтық парызым деп түсінген шәкірттері Марат Құсейінов, Жамал Әбдіреева, Құралай Имаш пен Феруза Әбілқасымовалардың адал ісіне көпшілік үлкен ризашылығын білдірді. Жақсы бастамаға мектеп – лицейінің ұжымы да үн қосып, жанашырлық таныта білді.
Әл – Фараби бабамыз: «Ұстаз білімді, өнерге құштар, әділ қажет десеңіз, ержүрек болуы керек» деген болатын. Осындай тұрғыдан көріне білген ұстаз бейнесі әрбір жанның жүрегінде сақталары сөзсіз. Шара соңында ұстаз рухына бағыштап шәкірттері ұйымдастырған ас беру рәсімі ауыл орталығындағы «Ақ бұлақ» тойханасында жалғасын тапты.
Нағыман Әйтенов,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
№ 37 мектеп – лицейінің тәрбие
ісі жөніндегі орынбасары
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
№ 37 мектеп – лицейінің тәрбие
ісі жөніндегі орынбасары