Ойыннан от шығады
Статистикалық көрсеткіштер бойынша өрттің жалпы санының 2-3 пайызы балалардың отпен ойнау салдарынан туындайды. Балалар ойнау кезінде ересек адамдарға еліктейтіндігі бізге мәлім. Олар сіріңкемен ересек адамдардан жасырын от ошақтарын жағады, соның салдарынан тілсіз жаудың қаупі төнеді.
Ата-аналар назарына!
Балалардың отпен ойнауының салдарынан өрт туындап, қиындыққа душар болатынын, орны толмас шығын келетіндігін ұмытпаңыздар. Әсіресе, балалар үлкендердің қарауынсыз жеке қалғанда өрт жиі туындайды. Сондықтан пеш, газ плитасы, керосиндік шам, майшам жанып тұрған бөлмелерде балаларды бақылаусыз қалдырмау қажет.
Балаларды бөлмелерде немесе пәтерлерде жалғыз қалдырып, есікті құлыптап жауып кетпеу керек. Сондай-ақ балаларға отпен байланысты әртүрлі ойындарды ойнауына қатаң тиым салған жөн. Балалардың құрылыстарға жақын жерлерде темекі шегуі, сіріңкемен ойнауы және от ошақтарын жағуы сияқты жағдайларды болдырмау үшін қатаң қадағалауда болғаны дұрыс.
Жасөспірімдерді үнемі қадағалап отыру өте қиын. Сол себепті сіріңкені балалардың қолы жетпейтін жерлерде сақтап, үйлердің шатыры мен жертөлелерін ашық тастамаған абзал.
Аудандық газет арқылы оқырмандарға жеткізетін ескертпелер көп. Оның ішінде ата-аналарға балаларды үнемі қадағалау ұтсауға, оларға көп назар аударуға шақырамыз. Егер бәріміз бірге өрт қауіпсіздігі ережесін қатаң сақтасақ, біз балаларды оттан аулақ болуына үйретеміз. Соның нәтижесінде өрттің саны айрықша кемиді.
Өрт немесе төтенше жағдайлар туындаған жағдайда өрт сөндіру қызметіне «101», «112» телефондарына хабарлаңыздар. Сырдария ауданы төтенше жағдайлар бөлімінде 21-4-94 номерлі сенім телефоны жұмыс жасайтынын естеріңізге саламыз.
Сырдария ауданының төтенше жағдайлар бөлімі