Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ер мұғалімдер неге аз?

Ер мұғалімдер неге аз?

Әуелі үй тәрбие­сін, одан соң мектептен тәлім алған баланың жасқаншақ болуы неден? Қазір сәл қиындық көрсе, қи­сынсыз іс-әрекетке ба­ра салатын ер балаларда өжеттік мінез қайда? Қоғам бүгінде осыған алаң­даулы. Әсілінде, ұлт ұстазы айт­қан «ұлды ұлша тәр­биелеуге» көп мән бер­мейтін болып барамыз. Бүйте берсек, ер балаға ел қорғаны деп айтудан да қалатын сияқ­тымыз.

Әке көрген оқ жонар...
Қазақстандық белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қа­батов әке туралы айтқан әзілдерінің ішінде «Әкеңе айтамын» дегенді көп насихаттайды. Мұның астарында ол әкенің қадірі, отбасындағы әкенің рөлі мықты болу керектігін алға тартып әлек. Шынында, бұл тақырыа қазір үлкен мәселеге айналып барады. Неге десеңіз, кейінгі кезде сылбыр, жасқаншақ балалардың қатары көбеюде. Бұған ең алдымен отбасындағы басты тәрбие тұлғасы – әкенің балаға көп көңіл бөлмеуі тікелей әсер етуде. Оған мысалды алыстан орағытудың қажеті жоқ. Қара­пайым ғана үйдегі жағдайды айтуға болады.
Бала енді ғана жетіліп, айналасын танығанда жұ­мысбастылықпен әкесі кейде көп көңіл бөле бер­мейді. Сол арада барлық жауапкершілік, тәрбие беру ауыртпалығы анаға түседі. Әрине бала тәрбиесінде ана махаббатының орны бөлек. Алайда оның әке тәр­биесінің орнын баса алмайтыны белгілі. Мәселен, ұлдардың кейбір қателік, бұзықтықтарында оларға тыйым салуда әкенің қатулы қабағы, сұсты көзқарасы керек. Сол кезде бала именеді. Ал мұндайда ана ана­лық махаббатқа, эмоцияға салынады. Ал қой дейтін қожа болмаған соң ұл бала бетімен кетеді. Оның арты жақсы болмасы белгілі.
Ауданда өткен жылы 155 жас шаңырақ көтерсе, 11 отбасы дәм-тұзы жараспай, ажырасыпты. Осы екі айы­рылысқан жанұяларда бала-шаға бары рас. Көбіне ажырасқан отбасыларда ұл-қыздың анасымен бірге тұруына сот шешімі шығады. Ал оларды бағып-қағу әлегімен ана күндіз-түні тыраштанып әлек. Осы жерде ұлдың тәрбиесінде олқылық жіберіп алатынымыз жасырын емес. Әкенің «тәк-тәгі» болмаған соң, ер бала сылбыр болып жетіледі. Оның бойынан қайсарлықтың болмауы бек мүмкін. Жасқаншақ болып жетілген соң оларға Отан алдындағы борышты өтеу, ел қорғаны болу дегенді айтып әуре болудың қажеті шамалы. Тү­сінгенге «Атасыз ұлдың ауызы үлкен» дегеннің астарында үлкен мән бар.

Ер мұғалім көп болса, тәртіп орнайды
«Еті – сенікі, сүйегі – менікі». Ұл-қызын мектепке бергенде бұрынғының тәмсілі осы-тұғын. Ал қазіргі жағдай басқа. Ұл балалардың мектеп қабырғасында бұзақылығы көп болатыны жасырын емес. Ал оларға кейде әйел мұғалімнің әлі келмей жатады. Бұл тұста ер мұғалімнің салмағы басым. Мұнымен «ұлдардың әйел ұстаздарды қадірлемейді, құрмет тұтпайды» деуден аулақпыз. Дегенмен ұлдардың бұзақылығын тыюда ер мұғалім­дердің көмегі көп. Тәртіп тезіне түсіруде оларды жеке қалғанда «сығып» алатын кездері болады. Үйде әкеден сескенсе, мектепте ер мұғалімнің тәр­тібімен тыныш жүреді. Асылында тәртіпсіз, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы.
Бүгінде мектеп қабырғасына барғанда баланың ал­дынан ағай емес, апай шығады. Оқушы тек дене тәрбиесі, технология, алғашқы әскери дайындық және бірлі-екілі басқа да пәндерден санаулы ғана ер мұғалімдерден тәлім алады. Бала тәрбиелейтін негізгі пәндердің басым бөлігін әйелдер жүргізеді екен. Осыдан-ақ мәселенің мәнісін ұға беруге болар. Осы төңіректе сөз қозғалғанда үлкендер жағы өт­кен ғасырдың еншісінде мектепте ер мұғалімдердің үлес салмағы басым болғанын айтады. Сынып жетек­шілерінің көпшілігі ер мұғалімдер болған. Бала қа­шанда балалығын жасайды, ол кезде де бұзық, сот­қар, үлгерімі төмен оқушылар көп кездескен. Алайда қанша жерден бұзық болғанымен ағайдың алдында тік тұрған. Олармен оңаша сөйлескенде бұзақы бала­лардың өзі моп-момақан болатын көрінеді. Міне осындай қарапайым қалыптарымен-ақ ұстаздар көп­тің есінде қалған. Шәкірттерін көзқарасымен, қас-қабағымен ықтыратын сол ер мұғалімдердің тәрбиесі бүгінгі мектептерге жетіспей тұрғандай көрінеді.
Статистикаға сүйенер болсақ, Сыр өңіріндегі мұ­ғалімдердің 80 пайыздан астамы әйелдер. Педагог ерлердің үлес салмағы қай өңірді алсақ та 20 пайыздан аспайды. Ал ауданда 1267 мұғалім білім берсе, олардың 307-і ерлер. Айырмашылықты байқап отырған боларсыз. Сонымен қатар оқу-тәрбие орталықтарының басым бөлігінде әйел мұғалімдер басшылық етеді. Атап өту керек, ауданда 17 мектептің 11-ін ер мұғалімдер басқарады. Тіпті, қазірде дене тәрбиесі, алғашқы әске­ри дайындық пәндерінен қыз-келіншектер сабақ бере бастады. Бұл да дабыл қағарлық жағдай. Сондықтан отбасында ер бала үшін әке қаншалықты қажет болса, мектептегі ер мұғалімнің де орны соншалықты бөлек.

Түріктер тәжірибесі
Тәжірибеде ер мұғалімдердің мектепте тапшылық мәселесі 1960-1970 жылдары Түркияда байқалған екен. Сонда мемлекет тарапынан бағдарлама жасалып, ер­лерді мектепке тарту мәселесі алдыңғы кезекке қойыл­ған. Олар «ер мұғалімдердің аздығынан ер балаларымыз жібектей сызылып, қыз мінездес болып ба­рады, қыздарымыз еркекшоралыққа бой алдырды, ұсақ бұзақылық, сөзге тұрмаушылық, сатқындық, жал­ған сөйлеу оқушылар арасында білінуде» деп мәселе көтереді. Тез арада мектеп ұстаздарының тең жартысын ер мұғалім етуді қолға алып, айналасы екі-үш жыл ішінде бұл мәселе шешілген.
– Мектепте ер мұғалімдер көп болып, олардың беделі жоғары болса тәрбие мәселесінде көп шу шықпайтынына сенімдімін. Әйтпесе қазір ата-ана­лар жиналысына бара қалсаң көбінесе ұлдардың тәрбиесінің нашарлығын айтып мұғалімдері шырылдап жатады. Ең болмаса мектеп директорының орын­басарларының бірі ер адам болуы керек. Қанша жерден әйел ұстаз қаталдық танытқанымен ұлдарды тәртіпке келтіруде ер мұғалімнің орны бөлек. Сон­дықтан осы бағыттағы жұмыс елімізде де қолға алынса, білім саласындағы біраз мәселе ретке келіп қалар еді. Соңғы жылдары мемлекетте осыған назар аударылғандай болып еді, бірақ әлі нәтижесі білінер емес, – дейді тұрғын Д.Жүнісбаев.

Түйін
Мектептерде ер мұғалімдердің үлесі әйелдерге қа­рағанда басым немесе тең болғаны оқу-тәрбиеге жағымды ықпал етпек. Сол арқылы бала тәрбиесінде де, білімінде де айтарлықтай нәтиже болмақ. Сон­дықтан білім саласындағы ер мұғалімдерге қатысты батыл реформа қажет.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
12 ақпан 2022 ж. 570 0