Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ер мұғалімдер неге аз?

Ер мұғалімдер неге аз?

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Баланы ұлша тәр­биелесең, ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең, құл болмақшы» деген-тін. Яғни мектеп табалдырығын аттаған оқушыны кім және қалай тәрбиелейді, білім береді, баланың болашағы соған байланысты болмақ. Ал Ахмет Байтұрсынов айтып отырған ұлды ұлша тәрбиелеу үшін білім мекемесінде ер мұғалімнің бәсі әрқашан биік тұрады. Өйткені Отанды, елді, жерді қорғайтын еркек кіндіктіге қайсарлық, батылдық, өжеттік қасиеттерді ер адамнан басқа ешкім бере алмайды. Осы орайда «Мектептерге ер мұғалімдер неге аз» сауалына жауап іздеп көрелік.
Бұл мәселе бұған дейін талай көтерілген, қазір де күн тәртібінен түскен емес. Себебі кейінгі кезде сылбыр, жасқаншақ балалардың қатары көбейіп барады. Бұған ең алдымен отбасындағы басты тәрбие тұлғасы – әкенің балаға көп көңіл бөлмеуімен байланысты болса, екіншіден мектепте де ер мұғалімдердің аздығы осыған алып келіп отыр. Бұған мысалды алыстан орағытудың қажеті жоқ. Қарапайым ғана үйдегі жағдайды айтуға болады. Бала енді жетіліп, айналасын танығанда жұмысбастылықпен әкесі кейде көп көңіл бөле бермейді. Сол арада барлық тәрбиені ана береді. Әрине бала тәрбиесінде ананың орны бөлек. Алайда әке тәрбиесінің орнын ештеңе алмастыра алмайтыны белгілі.
Мектеп қабырғасына барғанда да баланың алдынан ағай емес, апай шығады. Оқушы тек дене шынықтыру, тарих және басқа да пәндерден беретін санаулы ғана ер мұғалімдерден тәлім алады. Ал қалған уақытта әйел мұғалімдердің тәрбиесін көреді. Әрине әйел мұғалімдер дұрыс тәрбие бермей, білімі төмен болады деуден аулақпыз. Біздің айтқымыз келіп отырғаны қазіргі таңда кішкентай мәселені көтере алмай, түрлі іс-әрекеттерге баратын, қиындыққа төзе алмайтын, жасқаншақ ұлдардың көп болуы алаңдатады.
Осы төңіректе сөз қозғалғанда үлкендер жағы өткен ғасырдың еншісінде мектепте ер мұғалімдердің үлес салмағы басым болғанын айтады. Сынып жетекшілерінің көпшілігі ер мұғалімдер болған. Бала қашанда балалығын жасайды, ол кезде де бұзық, сотқар, үлгерімі төмен оқушылар көп кездескен. Алайда қанша жерден бұзық болғанымен ағайдың алдында тік тұрған. Олармен оңаша сөйлескенде бұзақы балалардың өзі моп-момақан болатын көрінеді. Міне осындай қарапайым қалыптарымен-ақ ұстаздар көптің есінде қалған. Шәкірттерін көз қарасымен, қас-қабағымен ықтыратын сол ер мұғалімдердің тәрбиесі бүгінгі мектептерге жетіспей тұрғандай көрінеді.
Статистикаға сүйенер болсақ, елімізде 80-85 процент әйел мұғалімдер жұмыс істесе, ерлердің үлес салмағы аз екені байқалып-ақ тұр. Яғни білім мекемелерінде санаулы пәндерден сабақ беретін 7-8 ер мұғалім бар да, қалғаны әйел ұстаздар. Ал ауданның білім саласында 75 процент әйел мұғалімдер сабақ берсе, ер мұғалімдер – 25 процент . Осының өзінен-ақ бұл мәселе дабыл қағарлық жағдай екенін аңғаруға болады.
Тәжірибеде ер мұғалімдердің мектепте жетіспеу мәселесі 60-70-жылдары Түркияда байқалған екен. Сонда мемлекет тарапынан бағдарлама жасалып, ерлерді мектепке тарту мәселесін алдыңғы кезекке қойған. Олар «ер мұғалімдердің аздығынан ер балаларымыз жібектей сызылып, қыз мінездес болып барады, қыздарымыз еркекшоралыққа бой алдырды, ұсақ бұзақылық, сөзге тұрмаушылық, сатқындық, жалған сөйлеу оқушылар арасында білінуде» деп мәселе көтереді. Тез арада мектеп ұстаздарының тең жартысын ер мұғалім етуді қолға алып, айналасы екі-үш жыл ішінде бұл мәселе шешілген. Осы тектес жұмыс елімізде де қолға алынса, білім саласындағы біраз мәселе ретке келіп қалар еді. Соңғы жылдары мемлекетте осыған баса назар аударылып, ер мұғалімдердің үлес салмағын көбейтуге күш салынуда. Оның нәтижесі алдағы жылдардың еншісінде болмақ.
Мектептерде ер мұғалімдердің үлесі әйел­дерге қарағанда басым немесе тең болғаны оқу-тәрбиеге жағымды ықпал етпек. Сол арқылы бала тәрбиесінде де айтарлықтай нәтиже болмақ. Сондықтан білім саласындағы ер мұғалімдерге қатысты батыл реформа қажет.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
09 маусым 2020 ж. 779 0