ЖАСӨСПІРІМДЕР НЕГЕ ҚАТЫГЕЗ?
Ана жылады. Жылағанда елдің алдында кешірім сұрап жылады. Түн ұйқысын төрт бөліп, мұздай бесік таянып, балам – жанымның бір бөлшегі деп білген ұлы оны осындай кейіпке түсірді. Күні бойына соның қамы үшін тырмысып еңбек етіп жүр. Асты-үстіне түсіп, ауызынан жырып, ас-суын қамдап беруі де міндет. Ал көйлегі көк, тамағы тоқ баласы әлі келгенге әлімжеттік жасап, әркімді бопсалаумен жүр. Шыр етіп дүниеге келгеннен төгілген шексіз ана мейірімі бала бойында қалайша қатыгездікке ұласты?!
Қазір елімізде жасөспірімдер арасындағы қылмыс белең алып тұр. Екі-үш жыл бұрынғыны қозғамай-ақ жылдың басынан бері болып жатқан жантүршігерлік оқиғалардың өзі осыған дәлел. Бір-бірін бопсалау, қорқыту, қорлық көрсету. Тіпті, мұны видеоға түсіріп, көпшілікке таратқанын қайтерсіз. Яғни, бүгінде кемел келешектің иелері деп сенім артып отырған жасөспірімдер келеңсіздіктің «көкесін» көрсетуде. Олардың мұндай оғаш қылықтары қоғамды алаңдатып отыр.
Тобыр болып жиналған мектеп оқушыларының қатыгездікке баруы қоғамдық резонанс тудырды. Әрбір өңірде болып жатқан жағдай жаға ұстарлық дәрежеге жеткізді. Ата-ананың білім алуға кетті деген баласы мектеп қабырғасында көргенсіз қылықтар жасап, қылмысқа баруда. Ойына келгенін істеп, олқылықтарға жол беруде. Соның нәтижесі емес пе, қазір жасөспірімдер арасындағы қылмыс өршіп барады.
«Бала жетіге жеткенше жерден таяқ жейді» деуші еді. Енді жігіттік шаққа дейін қатарластарынан қорлық көрсе, оның болашағына әсер ететіні анық. Жасқаншақ болып өскен жігіт бойынан жігерлілік, қайсарлық қасиетті көрудің өзі неғайбыл. Жалпы, мектеп қабырғасында әлімжеттік көрсету кеше ғана болған жағдай емес. Бұл бұрында да болған. Алайда, кезінде мұндай бұзақыларды тыйып тастап отырған. Оның үстіне, білім алып жүрген бала мектепте жүріп еңбекке де жегілді. Яғни, баланың бос жүрмеуі қадағалауда болды.
Қазір де бақылау жоқ емес бар. Тіпті, ата-анадан бастап мектеп басшылығы, мұғалімдер, полиция инспекторлары қадағалау жүргізеді. Бірақ, бұл арада жауапкершілікпен бақылау жетіспей тұрған секілді. Өйткені, бала бойында бір кемшілік байқалып қалса, бірі – ата-анаға, енді бірі – ұстаздарға сілтейді. Алайда, бала тәрбиесі бір-біріне сілтей салатын дүние емес. Бұған үлкен жауапкершілік қажет.
Ал жоғарыдағы жағдайға ең алдымен ата-ананың жауапты екені белгілі. Оны халық даналығындағы «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген нақылымен түсіндіруге болады. Мәселен, мектеп жасы балалардың үлкен өмірге қадам басатын ұшар шағы. Жас жеткіншек ес білгеннен әке мен ананың қамқорлығында болып, тәрбиесін алады. Отбасындағы кикілжің, ұрыс-керіс оған кері ықпалын тигізуі мүмкін. Жас жұбайлардың жараспай кетуі де балаға әсер ететіні анық. Одан бөлек, отбасындағы әлеуметтік жағдай да мұндайға себеп. Осындай жәйттерді ұяда көрген бала жан-жағына қатыгездік танытуы ықтимал. Оған қоса, бүгінде жұмысбастылыққа салынған ата-ананың кейде балаға қарауға мұршасы келмей жатады. Ал «әй» дейтін ажа, «қой» дейтін қожа болмаған соң баланың бұзақылыққа, қылмысқа, ұрлыққа баруы көптеп кездесіп жатыр.
Білім мекемесінде де бала тәртібі қатаң бақылауда болуы тиіс. Агрессивті, тәртібі нашар мектеп оқушыларымен ерекше жұмыс жүргізілгені жөн. Себебі, «бір қарын майды бір құмалақ шірітедінің» кесірі келіп, сапалы білім алуға тәртібі нашар баланың кедергі тудырып жататыны бар. Осы орайда, тәртіпсіз, тәрбиесіз берілген білімнің – адамзаттың қас жауы екені айтпаса да түсінікті.
Самал Ілиясова,
аудандық аурухана психологі:
Жасөспірімдер арасындағы қылмыстық іс әрекеттердің көбеюі ауыр, әрі күрделі тақырып. Жалпы, жасөспірімдер мінез-құлқының ерекшелігі өмірлік тәжірибенің аздығы және онымен байланысты өзіне деген сыни көзқарастың төмен болуы, өмірлік жағдайларды жан-жақты бағалай алмаушылық, жоғары эмоционалдылық, қимылдық және вербальді белсенділік, кез келген нәрсеге сеніп қалу, еліктеушілік болып табылады. Бұл кезеңде олардың тұлға болып қалыптасуына қоғамның әсері мол. Сабаққа үлгермеушілік, отбасылық қақтығыстар, жасөспірімнің пайдалы қызығушылықтарын анықтамау қоғам үшін қауіпті.
Делинквентті мінез-құлық (делинквентное поведение) деген ұғым бар. Бұл мінез-құлық көбінесе отбасылық тәрбиенің қолайсыздығынан, кей кезде «гиперқамқорлықтың» көп болуы немесе керісінше шектен шыққан қаталдықтан, микроортаның жағымсыз әсерінен пайда болады. Делинквентті мінез-құлықтың белгілеріне сабаққа қатыспау, өзінің қатарластарымен жиі төбелесіп қалу, ұсақ қылмыстық әрекеттерге бару, өзінен әлсіздерге күш көрсетіп, ақшасын тартып алу, оларды бопсалау, велосипед, мотоциклдарды ұрлау және қоғамдық орындарда оғаш мінез-құлық көрсету жатады. Осы мінез-құлық бірте-бірте тұрақты антиәлеуметтік мінез-құлыққа айналуы мүмкін.
Жасөспірімдер арасындағы қылмыстық істермен күресудің тиімді жолы бұл кәмелетке толмағандардың бос уақытын, мектептегі уақытын педагогикалық тұрғыдан оңтайлы ұйымдастыру. Тәрбиелеудің маңызды бөлігі – мұндай жасөспірімдерді жағымды әлеуметтік ортаға қосу. Отбасындағы тәрбие жасөспірім өмірінде маңызды рөл атқарады. Жанұядағы оңтайлы тәрбие баланың бүкіл өміріне, өмірдегі мүмкіндіктеріне жол ашады. Сондықтан әрбір адам отбасында бала бойындағы ізгілік, мейірімділік, адамгергершілік қасиетін арттырып, дұрыс тәрбие бере білсе, жеткіншектердің қылмысқа бармайтыны сөзсіз. Бұл бәрінің қолынан келеді деп ойлаймын.
Сәуле Көштаева,
жасөспірімдер инспекторы:
Аудан көлемінде кәмелетке толмағандар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу және болдырмау мақсатында Ювеналды полиция қызметкерлері жұмыс жүргізіп, үнемі бақылауда ұстайды. Ол үшін кешенді жоспар жасалған. Атап айтқанда, ең алдымен, білім беру ұйымдарында жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен кездесулер өткізіліп, балаларға ұрлық жасамау, құқық бұзушылыққа бармау түсіндіріледі. Мектептердегі бұзақы балалармен жеке жұмыс жүргізіліп, тәртіп, тәрбие мәселесі полиция инспекторы, мектеп басшылығы және ата-ананың қатысуымен үш тарап болып қаралады. Егер жасөспірімдер арасында қылмыс жасалса, оған қатысы бар жеткіншектер есепке алынады. Сондай-ақ, ата-анаға шара көріледі.
Сонымен бірге, жасөспірімдер қылмысын болдырмау бағытында мектеп мұғалімдерімен түнгі рейдтер ұйымдастырылады, Яғни, кәмелетке толмаған балалардың түнгі сағат 23.00-ден кейін жүрмеуі бақылауда болады. Ал оған жол бергендер болса тағы да ата-ана жауапты болып, шара көріледі. Атап айтқанда, ҚР ӘҚБТК-нің 442 бабы 2 бөлігімен алдымен ескерту жасалады, содан кейін айыппұл салынады. Және де тағы айта кететін жәйт, жасөспірімдерге қарсы жасалатын қылмысты болдырмау, яғни кешкілік оқушылар мектептен шыққанда үйлеріне аман-есен жетуі үшін күнделікті полицияның кешенді күштерін қызметке тарату кезінде жеке құрамды аудан көлеміндегі жарықтандырылмаған көшелерді, бос қалған ғимараттарды тексеруге бағыттау басшылық тарапынан ерекше назарға алынған.
Жақында теледидардан анасынан қорлық көрген павлодарлық 14 жасар қыз жайлы көрсетілді. Қыздың денесінде сау-тамтық жер жоқ. Осы жасқа келгенше анасы қыздың қолын сындырған, қысқашпен тісін жұлған, құлағының жартысы жоқ. Тіпті, айтуға аузың бармайтын айуандық әркеттермен зорлық көрсетіп келген. Аналық құқығынан айырылған әйел бұл әрекетін «тәрбиеледім» дегенге келтіреді. Бірақ, ата-анадан мұндай қорлық көрген баладан мейірім күтуге болады ма?!
Жалпы, бала – болашақ. Ал сол болашақтың белсенділері бесіктен белі шықпай жатып балағат пен бопсалауға бейім болса, не үміт, не қайыр? Жасөспірім кезден әлімжеттік жасап, қатігездік таныту дегеннен асқан қаскөйлік болмас. Олар бұлай жүгенсіз кете берсе, қоғамға кесапаты тиюі мүмкін. Сондықтан балаға дұрыс тәрбие беріп, тәртібін үнемі қадағалап отыру міндет. Олардың қылмысқа баруына қоғам болып тосқауыл қою қажет.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ