Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Майжарманың» жыры қашан бітеді?!

«Майжарманың» жыры қашан бітеді?!

«Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген мәтел бар. Тұрғындардың игілігі мен қоғамның қажеттілігі үшін туында­ған мәселені шешу – биліктің басты мақсаты. Осы орайда былтыр «Майжарма» каналын заман талабына сай абаттандыру ісі қолға алынатынын, бұл жөнінде әкімдіктің уәде бергенін жергілікті басылымда, әлеу­меттік желілерде жазған болатынбыз. Сүйінші хабарды естіген көпшілік оң пікір білдіріп, «дұрыс болған екен» дескен. Бүгін сол жұмыстардың орындалу барысының қай сатыда келе жатқанын зерттеп, зерделеп, осы тақырыпты қаламымызға ар­қау етпекпіз.

Мәселенің мәнісін зерттеп, зерделеуімізге кент тұрғындарынан, газет оқырмандарынан келіп түскен сауал түрткі болды. Кенттің бір топ тұрғыны қол қойған сауалды мұқият оқып шықтық. Мәні мен маңызына зер салсақ, тұрғындардың талап-тілегі, ұсыныс-пікірі орынды секілді. Расында да Майжарма каналының маңың сарқырамаға айналдырып, демалыс аймағы ретінде абаттандыратын уақыт келді емес пе?!

«Тереңөзек кентіндегі «Майжарма» кана­лы­ның тарихы мен ауданымыз үшін маңызы жақсы белгілі. Ауданды кесіп өтетін мұндай тамаша каналды Тереңөзектің бағы мен құты десек те жарасады» деп басталыпты тұрғын­дардың жазбаша шағымы. Олар осындай тамаша каналдың жағасын абаттандыру, көркейту, адамдар демалатын жақсы орынға айналдыру, ішін бетондау жұмыстары осы уақытқа дейін мүлдем жүргізілмегеніне наразы. Былтыр біз бұл мәселені көтеріп, «Майжарма» каналының жағасы абаттандырылып, арбат жасалуы ке­ректігін көтерген болатынбыз. Сондықтан жер­гілікті халықтың айтып отырған мәселесі дұрыс. Оның үстіне «Майжарма» каналының та­рихы мен ауданымыз үшін маңызы жоғары.
«Былтыр осы мәселе көтеріліп, әлеуметтік желілер мен аудандық газетте бірнеше рет мақалалар жазылды. Кент әкімімен бірге ау­дандық мәслихат депутаты келіп бізбен кездесу өткізіп, каналдың жағасын заман талабына сай абаттандыру жұмысы қолға алынатыны айтылды. Алайда, осы мәселе әлі күнге реттеліп, шешімі табылмады, тіпті жұмыстар басталған да жоқ. Бір сөзбен айтқанда, біздің ұсыныстарымыз жүзеге аспай қала ма деген көңілімізде күдік пайда болды» дейді тұр­ғындар. Осы ретте мәселені көтеріп, халық пен билік арасына дәнекер болып жүрген ауд­андық мәслихат депутаты А.Ибрагимұлын сөз­ге тарттық.

– «Жаңа қызметке білек сыбана кіріскен лауазым иелері халық сұранысынан туындаған депутаттық ұсынысымды толықтай қолдады». Бұл менің былтыр жариялаған жазбамнан үзінді. Оның толық нұсқасын «Фейсбук» әлеу­­меттік желісіндегі жеке парақшамнан оқы­саңыздар болады. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген мәтел бар. Енді осы мәселе айтылды ма, орындалуы қажет! Терең­өзектің құ­ты мен бағы болған «Майжарма» секілді тамаша каналдың маңын абаттандыру, көркейту, тіпті ішін бетондап, ыза теппейтіндей етіп реттеу, жаяу жүргіншілер демалатындай орынға айналдыру, жарықшамдар мен орындықтар орналастыру биыл міндетті түрде жүзеге асуы тиіс. Өйткені былтыр тұрғындар талап етіп, билік уәде берген болатын. Енді сол уә­денің орындалуын сұрайтын уақыт келді. Оның үстіне аудандық мәслихат депутаты, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы Сая­­си кеңесінің Бюро мүшесі, аудандық газет­тің бас редакторы ретінде тұрғындар осы мәселені тағы да көтеруімді сұрауда. Осыған байланысты апта басында аудан әкімінің орынбасары Ғ.Еркебаймен кездесіп, тұрғындардың талап-тілегін жеткіздім. Әкім орынбасарына атқарылуы тиіс жұмыстар жөнінде халықтың сұ­ранысын қаперге алу қажеттігін айттым. Мен қоғам белсендісі ретінде әрі депутаттық өкілет­тілігім негізінде «Майжарма» каналын абаттандыру ісін аяғына дейін жеткізуге бекініп отырмын» дейді депутат.

Енді тұрғындардың пікірін назарларыңызға ұсынайық. Еңбек ардагері Бақытжан Мәмбетов биыл «Майжарма» каналының тым болмаса бір бөлігі абаттандырылса дейді.

– Өзге аудандарда ауданның орталығын кесіп өтетін, кент халқын аяқсумен қамтамасыз етіп отырған «Майжарма» секілді канал жоқ шығар. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегендей, бірақ біз осы каналдың қадірін дұ­рыс түсінбей жүрген секілдіміз. Каналдың екі жақ бетіне жаяу жүргіншілерге арнап жол салу, демалыс аймағына айналдыру ұзақ жылдардан бері айтылып келе жатқан мәселе. Был­тыр осы мәселенің шешілуіне ықпал ету жөніндегі өтінішімізді депутаттарға айтқан едік. Тұрғындармен кент әкімі Н.Бисембаев пен депутат А.Ибрагимұлы кездесті. Кейін бел­гілі болғандай «Майжарманың» мәселесі аудан әкімдігінде көтеріліпті. Енді сол жұмыс аяқсыз қалып қоймаса деп ойлаймыз. «Мәскеу де бір күнде салынған жоқ» деген тәмсіл бар. Сол секілді облыс орталығындағы сарқыраманы да салу оңай болмағанын білеміз. Қазір қала­дағы сарқыраманың бойы қандай тамаша, тұр­ғындар серуендейді, демалады. Біз де «Май­жарманың» жиегі қаладағыдай абат­танды­рылғанын қалаймыз, – дейді еңбек арда­гері.
Тұрғындардың талап-тілегін, депутаттың мәселеге билік назарын аударғанынан хабардар болдық. Біз осы мәселе төңірегінде аудан әкімінің салаға жауапты орынбасары Ғалымжан Еркебаймен де пікірлестік. Әкім орынбасары бұл мәселе аудан басшысының назарында екенін, был­­­­­­тыр аудандық мәсли­хат­тың тұрақты ко­миссиясының отырысында депутаттық сауал жолданғанын айтты.

– Тұрғындардың талап-тілегі мен ұсынысы орынды. Аудан орталығының инфра­құ­ры­лымын, абаттандырылуын, көркеюін қамти­тын нақты жоспарларымыз бар. Оның ішінде биыл «Майжарма» каналын абаттандыру да жоспарға енгізіліп отыр. Аптаның басында тұрғындардың жазбаша өтініші бойынша депутат А.Ибрагимұлының бастамашылығымен кездесу өткізіп, атқарылуы тиіс жұмыстарды тағы да бір талқыладық. Қазіргі таңда 137 млн теңгені құрайтын жоба сметалық құ­жаттар әзірленді. Сараптамаға берілді. Сараптама қорытындысы шыққаннан кейін заң­дылыққа сәйкес басқа да жұмыстар ұйым­дастырылатын болады. Бұл мәселені биылдан қалдырмай шешіп, көпшіліктің сұра­нысын қанағаттандырамыз деп ойлаймын. Өйткені каналдың бойы абаттандырылса, кентіміздің келбеті көркейе түседі. Ал аудан орталығының сәулеттенгені бәрімізге де жақсы, – дейді аудан әкімінің орынбасары.

Мақаламызға «Майжарманың» жыры қа­шан бітеді?» деген тақырыпты бекерден-бекер қойған жоқпыз. Біз жұмыстардың қай сатыда келе жатқанын, қашан аяқталатынын білгіміз келді. Жоғарыда жергілікті атқарушы орган өкілінің мәлімдемесін жаздық. Ол жыл аяғына дейін Майжарманың мәселесі түбе­гейлі шешілетінін, тиісті жұмыстар аудан әкі­мінің назарында екенін айтты. Ендеше жылдың алғашқы айында көтерген мәсе­лемізді жыл аяғына дейін, яғни «Май­жар­маның» жыры біткенше назарда ұстай­тын боламыз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ 

29 қаңтар 2022 ж. 446 0