Аудан әкімі кент көшелерін аралап көрді
Аудан әкімі Руслан Рүстемов Тереңөзек кентінің бірқатар көшелерін аралап, тұрғындардың пікірлерін тыңдады.
Аудан басшысы тұрғындардың ұсыныс-пікірлері бойынша кенттің А.Әлиакбаров, А.Тоқмағамбетов, И.Тоқтыбаев және Н.Ілиясов көшелерін аралап көрді. Сонымен бірге, кентті абаттандыру, жол құрылысын жүргізу және көпір салу жұмыстары бойынша алдағы жоспарларымен бөлісті.
Өз кезегінде тұрғындар аудан әкімі Руслан Рүстемұлына А.Тоқмағамбетов көшесіндегі автокөлік жолының бойындағы көпірдің ескіргенін, жақтаулары құлағанын айтып, мәселені шешуді қарастыру жөнінде ұсыныстарын айтты. Бұл мәселе бойынша аудан басшысы тиісті жұмыстар атқарылатынын, нақты шешім қабылданатынын, тұрғындардың мәселесі жақын арада түбегейлі шешілетінін атап өтті.
Тұрғындармен кездесу А.Әлиакбаров көшесі аумағындағы "Майжарма" каналының тұсында жалғасты. Мұнда тұрғындар тазалық жұмыстарына байланысты ұсыныстарын айтып, каналдың екі жақ бетін ретке келтіру керектігін жеткізді. Бұл мәселе бойынша кент әкімдігіне және аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне алдағы аптада сенбілік ұйымдастыру жөнінде тапсырма берілді.
Айта кету керек, биыл "Майжарма" каналының үстіне А.Әлиакбаров және С.Усабаев көшелерін жалғайтын көпір салынбақ. Сөйтіп, тұрғындардың ұзақ жылдардан бері шешімін таппай келе жатқан мәселесі оңтайлы шешіліп, көлік қатынасы жақсарады деп күтілуде.
Аудан әкімі Н.Ілиясов және Қ.Бөдеев көшелеріндегі жол құрылысы жұмыстарымен де танысты. Қазіргі таңға жолға топырақ пен асфальт төселіп, нығыздау жұмыстары жүргізілуде. Жол жабандысының астынғы қабатына қалыңдығы 25 см құм аралас тас (ГПС), үстіңгі қабатына қалыңдығы 8 см қара щебень төселген.
Жол құрылысын жүргізуге жауапты мердігер мекеме сонымен қатар «Майжарма» және «Айтпай арық» арналарына диаметрі 1,5 метр құрайтын темір бетонды су өткізгіш құбырларын орнату жұмыстарын жүргізуде. Барлық құрылыс-монтаждау жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес үйлестірілуде.
Облыстық бюджет есебінен жүргізліп жатқан жол жөндеу жұмыстарымен танысқан аудан басшысы мердігер мекеме өкілдерімен пікірлесіп, аудан халқының игілігі үшін тиісті жұмыстарды сапалы, уақытылы аяқтау қажеттігін ескертті.