Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Майжарманың» тарихы

«Майжарманың» тарихы

"Армансыз адам – қанатсыз құспен тең" дейді халық да­налығы. Біз арманшыл ха­лық­пыз. Өзімізді көбіне шет мемлекеттермен салыстыра­­мыз. Англияның астанасы – Лон­донды Темза өзені қақ жа­рып өтеді. Сол айтқандай Не­ва өзені Санкт-Петербургтің орта­лы­ғын­да орналасқан. Біздің мақтанышымызға айналған Май­жарма да Тереңөзекті қақ жарып өтеді. Жергілікті ақын­да­ры­мыздың Майжарманы жыр­­­­­­ла­мағаны кемде-кем.
Мен көрші облыста қызмет етіп жүр­генде аудан басқарып тұрған азамат бала күнінде Тереңөзекте тұратын туысқан ағасының үйіне келіп, жаздай Майжар­маға шомылғанын айтқан еді. Менің Терең­өзектен екенімді біліп, Майжарма туралы айтқан жылы сөзі жүрегімді майдай ерітті емес пе?
Бұрыннан да ойлап жүретінмін. Майжарма деп неліктен қойылған екен деп. Оған жауапты арна тарихын зерттеп, осы мақаланы жазу барысында таптым. Тереңөзек бірде Қараөзек, бірде Аламесек болыстығына кіреді. 1926 жылы Кеңес Үкіметі егіншілік шаруашылықты ұйымдастыруға күш салады. Соның ықпалымен Майжарма каналы қазылған.
Ресей патшалығы кезінде Перовскі (Ақмешіт) қаласындағы түземдік орыс-қазақ мектебінде оқып, білім алған тереңөзектік Серікбай Бедебеков уезд бастығына тілмаш болып жүреді де, Кеңес Үкіметі орнағасын ауданда су шаруашылығы маманы болады. Сол Серікбай ақсақал: «Майжарма каналын қазуға Тереңөзек пен Қараөзек өңірінен 400 кетпенші қатысты. Жұмыс торғай шырылдамастан басталып, ымырт үйірілгенше жүргізілді. Адамдарға тамақ беріліп, кедейлердің бүйірі бір шығып қалды. Ақыры жарма май (мамыр) айына әзір болып, табанымен жүйіткіп су жүре бастады. Перовскіден өкілдер келіп, салтанатты жағдайда ашып, май айында пайдалануға берілгендіктен Майжарма аталған» деп естелік айтыпты.
Майжарма арнасы кезінде білгір қариялардың көрсетіп берілген сызба жобасы арқылы қазылған. Содан бері арада ғасырға жуық уақыт өтсе де, елдің асыраушы арнасы болып келеді.
Майжарма сағасын «Әйтек» каналынан алады. Биылғы жылы Тереңөзекті қақ жарып өтетін елді асыраушы каналды қазу жұмыстары жүргізілді. Сағасынан бастап ұзындығы үш километр аумақ тереңдетіліп қазылды. Бұл жұмысты «Құндыздымай» шаруа қо­жалығы демеушілік есебінен атқарып шықты.
– Майжарма – ауданымыздағы байыр­ғы арнаның бі­рі. Ел­дің игілігіне жарап келе жатқан су көзінен біз­де егістігімізге су аламыз. Осы мақсатқа орай биыл Май­жарма каналына қазу жұмыстарын жүргіздік, – деді «Құндыздымай» шаруа қожалығының төрағасы Бөлеген Рахмет.
Осының нәтижесінде биыл арнада су мол болып, арнаны жағалай қоныстанған тұрғындардың бау-бақшасы жайқалып өседі деген сенімдеміз.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ 
14 сәуір 2020 ж. 1 236 0