Суды үнемдеуге басымдық беріледі

Жалпы, үш елді мекен бойынша 2000 гектар жерге суды аз қажет ететін дәнді-дақылдар мен мал азығын егу жоспарланған. Алдағы уақытта Аманкелді ауылындағы «Қосапан» Жетікөл ауылындағы «Жыңғылдыкөл» мен «Хозцентр», Айдарлы ауылындағы «Ақтам» су арнасын тазарту үшін бюджет есебінен қаржы бөлінген. Егін маусымы басталған сәтте үш елді мекенде жоңышқа, бидай, картоп, жуа, сәбіз, қауын-қарбыз егу қолға алынады. Өзбекстан елінен келген агроном мамандар егін шаруашылығына арналған жерлерді тиімді мақсатта пайдалану тетігі бойынша шаруалармен тәжірибе алмасатын болады.
– Бірнеше жылдан бері су тапшылығы салдарынан шаруалар жұмысы құлдырап кеткені рас. Сыр салысымен қатар, бақша өнімдерін егуді жетілдіру күн тәртібінен түспейді. Бүгінде аудандық шаруашылығы бөлімі елді мекендердегі кәсіпкерлер және егіншілермен бірге дәнді-дақылдар мен мал азығын егуге қолайлы жерлерді анықтауда. Әрине, қайта жаңғыртудан өткен су арналарының бойында бақша өнімдерін егу қолайлы. Биыл да өңірде аяқ су тапшылығы болатыны болжануда. Сондықтан мол өнім беретін дәнді-дақылдарды егу маңыздылығын жоймайды. Бұл ретте, жоғарыда аталған ауылдарға инвестор тартып, ауыл шаруашылық өнімдерінің көлемін көбейтуге күш саламыз, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Жұмабеков.
Аудан әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша әр ауылда зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Осы зерттеудің негізінде Іңкәрдария ауылының тұрғындарының картоп дақылын егу мақсатында кооператив жүйесіне бірігуге арналған ұсынысы қолдау тапты. Өз кезегінде аудан әкімінің бастамасымен облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, «Егінші» серіктестігінің директоры Ерұлан Өмірсеріков Іңкәрдария ауылы бойынша тың жоба дайындады. Егер жоба мемлекет тарапынан қолдау тапқан жағдайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр отбасының табысын арттыруға және «Егістіктен-сөреге дейін» тапсырмасын орындауға мүмкіндік туады.
Сонымен бірге, жоба аясында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистральды жолының бойында бақша өнімдерін сатуға арналған сауда алаңы салынады деп күтілуде. Тиісінше, халықты сапалы, табиғи өніммен қамтуға тиімділігі зор.
Балтабай ОРДАБЕКОВ