Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті

Сырдариялық шаруалар қала тұрғындарына арналған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізді.

Жанқожа батыр көшесінде өткен жәрмеңкеге ауданға қарасты 13 елді мекен өздерінің өнімдерін ұсынды. Атап айтқанда, нағилықтардың ақ маржаны, Шаған ауылындағы «Қожабек бағының» алмасы, Қалжан ахунның асқабағы мен Бесарықтық көкөністерді сұраушылардың қарасы қалың болды. Таңсәріден басталған сауда сағат санап қыза түсті. Бұдан бөлек Аманкелдінің шұбаты мен Іңкәрдарияның тіл үйірер қауыны да тиімді бағада тұрғындарды қуантты.

Сырдария ауданы биыл 32 652 гектар алқапқа ауылшаруашылығы дақылдарын орналыстырды. Жәрмеңкеге 18 тонна ақталған күріш, 6 тоннадан астам картоп пен пияз, 5 тонна сәбіз, 19 тонна қауын-қарбыз бен 4 тонна бақша дақылдарын, 600 кг ет және 500 кг-дан астам балық өнімдерін әкелді. Аталған өнімдер нарықтан 10-15% төмен бағада сатылды.

Ауданға қарасты шаруашылықтар ағымдағы жылы 13 мыңға жуық алқапқа сыр салысын орналастырса, оның 66%-ы егінді төкпей-шашпай жинады, 53%-ы бастырылып үлгерді. Егін жинау науқанына 963 техника жұмылдырылды.
26 қыркүйек 2021 ж. 472 0