Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Полиция қызметкерлеріне қолдау көрсетілді

Полиция қызметкерлеріне қолдау көрсетілді

«Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай біртұтас ел болып еңсере білдік». Бұл Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің отырысында айтқан сөзі. Иә, расында да бірлік пен ынтымақтың арқасында қауіпті кезеңдер артта қалып, елімізде қалыпты тіршілік орнады.

Күрделі әрі сынақты кезеңде ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында ең бірінші кезекте полиция қызметкерлері қажырлы еңбек етті. Осыған орай құқық қорғаушыларға қолдау көрсету, оларға алғыс білдіру және жұмыстарына жеміс тілеу мақсатында бүгін аудандық мәслихат депутаты, аудандық газеттің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы тосқауыл бекетінде болып, түнгі ауысымда қызметтерін атқарып жатқан тәртіп сақшыларымен кездесті. Кездесуге аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі, аудан коменданты Нұрлан Ибраев пен күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқан полиция қызметкерлері қатысты.

Кездесуде аудандық мәслихат депутаты А.Ибрагимұлы полиция қызметкерлеріне сын сағатта көрсеткен ерліктеріне шынайы алғысын жеткізіп, ел қорғаны бола білген азаматтардың рухын көтеріп, күш-жігер сыйлайтын жалынды сөздер арнады.

«Сын сағатта еліміздің бар билігі мен жауапкершілігін өз қолына алған Қасым-Жомарт Кемелұлы бірден-бір дұрыс шешім қабылдап, елдігімізді, Тәуелсіздігімізді қорғап қалды. Мемлекет басшысы қаңтардың ызғарлы күндері күн сайын дерлік ел алдына шығып, халқына жігерлі сөздерін арнады. Әрқашан туған елімен бірге екендігін танытып, өзінің нағыз халықтық Президент екендігін көрсетті. Бұл барша отандастарымыздың сенімін шыңдап, намысын қайрады. Ендігі жерде барша қазақстандықтар Президентіміздің төңірегіне тығыз топтасып, оның әрбір шешіміне қолдау көрсетуіміз қажет. Тәуелсіздікті қорғау – жалғыз Президенттің міндеті ғана емес, әрбір қазақстандықтың азаматтық абзал борышы, айрықша парызы. Ендеше осындай сын сағатта ең қасиетті киемізді қорғауға бәріміз бірге ат салысуға тиіспіз. Аудандық газет аудандық полиция бөлімінің жұмысына жан-жақты ақпараттық қолдау көрсетуге дайын. Бұл ретте журналистерге тиісті тапсырма беріліп, міндеттер жүктелген. Сіздерге уақытпен санаспай халық тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында атқарып жатқан жұмыстарыңыз үшін мың алғыс, жұмыстарыңыз жемісті болсын! Мұндай қақтығыстар енді елімізде болмасын» деді А.Ибрагимұлы.

Өз кезегінде аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі, аудан коменданты Нұрлан Ибраев ауданда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Коменданттық сағат талаптарын сақтаудың маңызына назар аударып, бұл жұмыстарға аудандық газет редакциясының ақпараттық қолдау көрсетіп келе жатқанына ризашылығын білдірді.

«Аудандық мәслихат депутаттары бізге жан-жақты қолдау көрсетуде. Міне, соның бір жарқын дәлелі ретінде өзіңіз қызметтік міндеттерін тосқауыл бекетінде атқарып жатқан полиция қызметкерлерін ыстық тамақпен қамтамасыз етіп, рухты сөздер айтып, қолдау танытып жатырсыз. Өзімнің және аудандық полиция бөлімінің жеке құрамының атынан алғысымды айтамын. Аудандық газет ұжымының жұмысына жеміс тілеймін» деді Нұрлан Ибраев.

Айта кету керек, тосқауыл бекетінде түнгі ауысымда қызметтік міндеттерін атқарып жатқан тәртіп сақшыларымен кездесуге аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Н.Қордабаев, аудандық газет бас редакторының орынбасары Е.Беркінбаев, журналист Б.Ордабековтер де қатысты. Тәртіп сақшыларына ыстық тамақ, сорпа, сусындар және азық-түлік өнімдері үлестірілді.



12 қаңтар 2022 ж. 414 0