Қамданған қапы қалмайды
Аудан орталығына биыл ақпан айында көгілдір отын берілді. Содан бері тереңөзектіктер үйлеріне табиғи газ орнатып, игілігін көруде. атап айтсақ, Бүгінде 14 әлеуметтік нысан мен 457 жеке тұрғын үй газға қосылған. Аудан орталығында халық көп шоғырланғанын ескерсек, сұраныс әлі де жоғары. Осы тұста, біз «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесінің Тереңөзек кенті бойынша учаскесінің бастығы Бекнұр Искаковтан табиғи газ орнатудың реттілігін сұраған болатынбыз.
– Ең әуелі, газ орнату жұмыстары барысында қауіпсіздікке баса мән беруіміз қажет. Өйткені, тілсіз жау саналатын өрт пен су секілді газ да адам өміріне қауіпті. Сондықтан газды дұрыс пайдаланып, ереже талаптарын толық сақтауымыз қажет, – деген учаске бастығы тұрғын үйге газ кіргізуді реттілігімен айтып берді.
Алдымен, жеке тұрғын үй иесі өз үйіне газ орнату үшін «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесінің Тереңөзек кенті бойынша учаскесіне екі түрлі өтініш жазады. Мекеме кенттің А.Әлиакбаров көшесі №68 мекен жайдағы «Сырдариясушар» мекемесінің ғимаратының бірінші қабатында орналасқан. Өтініш үлгісі мекеме тарапынан беріледі. Бірінші өтініш техникалық шарт алу үшін жазылса, екінші өтініш жүргізілген газ желісінен газ реттегіш пунктіне көгілдір отынның берілуі жөнінде болады. Өтінішке үйдің құжаттары, яғни мемлекеттің орган шешімі, меншік иесі екенін растайтын анықтама, мемлекеттік актісі, техникалық куәлігі, тұрғын үй иесінің жеке куәлігі, жер учаскесінде орналасқан тұрғын үйдің сызбасы қоса тігіледі. Өтініш қабылданғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесі тарапынан техникалық шарт беріледі. Атап өту керек, техникалық шарт тегін беріледі.
– Келесі кезекте техникалық шарты бар тұрғын монтаждау жұмыстарын жүргізу үшін мердігер мекемелердің көмегіне жүгінеді. Бүгінде Тереңөзек кентінде бірнеше мердігер мекеме өз қызметін халыққа ұсынуда. Олар монтаждау жұмыстарын шамамен үш немесе одан да көп жұмыс күні ішінде әзірлейді. Монтаждау жұмыстары барысында тапсырыс беруші тұрғын дәнекерлеу жұмыстарының сапалы жүргізілуін, трубалардың түзу жалғануын ескеріп, кейін қосымша сұрақтар туындамайтындай жағдайда қабылдауы керек. Бұл кезеңдегі жұмыстардың құжаттарын мердігер мекеме дайындайды. Оның ақысы мекеме мен тапсырыс беруші арасында келісіледі. Өйткені, әр мекеменің ұсынатын қызметінің бағасы әртүрлі. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін мердігер мекеме құжаттар топтамасын «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесінің Тереңөзек кенті бойынша учаскесіне өткізеді. Құжаттардың талапқа сай екенін тексеруге шамамен екі жұмыс күні кетеді. Міне, осы жұмыстар аяқталғаннан кейін тұрғын үй көгілдір отынға қосылады, – дейді Б.Искаков.
Учаске бастығы жақында газ тарифінің құны бекітілгенін де жеткізді. Яғни, 1000 м3 – 15863,38 теңге ҚҚС-сыз, 17669,99 теңге ҚҚС-мен болып газ тарифі бекітілген.
Жалпы, қазіргі мезгіл құрылыс науқаны саналады. Осындай шақта «қыстың қамын жаз ойлап», тұрғын үйге табиғи газ орнатып алған абзал. Өйткені, күзде күн суыған кезде мердігер мекемелерге «газ орнатып беріңіздер» деп ағылатынымыз анық. Сол уақыттарда олардың да жұмысы қызып, кезек күтіп қалатынымызға шүбә жоқ. Сондықтан ерте қамданғанның қыста қапы қалмайтыны айқын.
Ердос БЕРКІНБАЕВ