Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жалған ақпарат жарға жығады

Жалған ақпарат жарға жығады

Төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратқандар қылмыстық кодекстің 274 бабының 4-тармағына сәйкес үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұл жөнінде мемлекет басшысы төтенше жағдайға орай Қазақстан халқына жасаған үндеуінде баса мән беріп атап өтті.

Әлеуметтік желілердің қоғамға ықпалы орасан. Әсіресе, елдегі соңғы жағдайларға орай түрлі пікірлер мен алыпқашпа әңгімелерге орын бермеу қажет. Осылайша әр адам құқық қорғау органдарына елдегі тәртіпті тезірек қалпына келтіруге көмектесе алады. Мемлекет күрделі кезеңмен бетпе-бет келіп, қаскөйлердің шабуылына тап болды. Соған орай, елдегі интернет желісі уақытша өз жұмысын тоқтатты. Бұл уақыт аралығында ұлттық және республикалық арналар халықты соңғы жаңалықтармен құлақтандырып отырды. Сондай-ақ, ресми сайттар үздіксіз хабар таратты. «Aqorda», «Aqparat» орталықтары маңызды ақпараттарды SMS хабарлама арқылы жеткізіп отырды. Ал 8 қаңтардан бастап елімізде интернет желісінсіз-ақ, ресми сайттардан жаңалық оқу мүмкіндігі қолжетімді болды. Яғни, тұрғындар шектеулі интернет желісі арқылы «Aqorda», «Baq.kz», «24.kz», «Inform.kz», «Qazaqstan.kz», «Tengrinews.kz» сияқты бірқатар ресми ақпарат көздерін қолдана алады.

Ауқымды мәселе төңірегінде аудандық полиция бөлімінің бастығы, аудан коменданты, полиция полковнигі Н.Ибраев та пікір білдірді:

– Әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратушыларға қатысты заң бұрыннан бар. Әсіресе, қазіргідей қиын уақытта жалған ақпарат таратуға болмайды. Онсыз да ел алаңдап отырғанда фейк ақпар таратып, елді дүрліктірудің қажеті жоқ. Ескерту ескерілмеген жағдайда құқық қорғау органдары іске кіріседі. Сондай-ақ аудан тұрғындарына төтенше жағдай тәртібін қатаң сақтай отырып, белгіленген уақыттан кейін көшеге шықпауды қатаң түрде ескертеміз. Кез келген күдікті деректі арнайы органға хабарлауларыңызды сұраймыз, – деді полиция полковнигі.

Қазақ халқы небір алмағайып заманды бастан кешірген. Бұл да өтпелі кезең екені анық. Тек осындай сәтте бірлік пен татулықтың жарқын үлгісін көрсетіп, сын сағаттан сүрінбей өту маңызды. Бұл ретте, бас-басына би болмай, биліктің – біреу, қалғанымыз – тіреу екенімізді ұмытпайық. Тәртіпке бағынғанның құл болмайтынын есте сақтаған абзал.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
11 қаңтар 2022 ж. 175 0