АҚЫЛШЫ ЕНЕ, ИБАЛЫ КЕЛІН
Отбасының ұйытқысы қашанда әйелге байланысты. Ер адам табыс тауып, отбасы асыраушысы болса, үйдің берекесін келтіруші, ондағы ырыстың артуы әйелдердің қолында. Оның үстіне, көп нәрсе үйдегі ене мен келіннің жарастығына, жақсы қарым-қатынасына тәуелді. Инабатты келінге ене әркез ақылшы болып отырса, сыйластық та, сый-құрмет те молынан болатыны сөзсіз.
Қазіргі таңда ене мен келіннің арақатынасы жайлы көп айтылып жүр. Екеуара кереғар қарым-қатынас жанұя жанжалын жандырып жатқаны жөнінде жазылып та жатыр. Десе де, білген-түйгенін тізбектеп үйретіп, тәлімін көрсетіп жүрген енелердің көптігі салт-дәстүріміздің, босаға бақытының сақталуына себепші болуда. Үлгі-өнеге болатындай салиқалы енелердің жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі ұғып-білген келінге өмір бойғы азық. Міне, осы орайда, Н.Ілиясов елді мекенінде ауылдық мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Ақылшы ене, ибалы келін» байқауы өткізілді. Оған ауылдағы ардақты аналар мен инабатты келіндер қатысты.
Байқауды ауыл әкімі С.Нұрмағанбетов сөз сөйлеп ашып, құрметті жандар мен келіндерге жылы лебізін білдіріп, сәттілік тіледі. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау, жас келіндерге ізгі істерді үйрету мақсатындағы байқау бес кезең бойынша өрбіді. Онда байқауға қатысушы ене, келіндер таныстырылуынан бастап қазақы салт-дәстүрімізді дәріптеу, өзара қарым-қатынастағы сыйластық, өз өнерлерін көрсету, отбасындағы татулықты тұрақтату тұрғысындағы тағлымды тірліктер көрсетілді. Бұл сайыс барысында ақ бесікке сәуле сыйлаған, өмірдің өзегі, тіршіліктің күре тамыры болған ардақты, ақ жаулықты аналар жас келіндерге өнегелі әңгімелерін айтып, бала тәрбиесіне қатысты басты қағидаларды түсіндірді. Сонымен қатар, жат жұрттық болған қыздың бөтен үйге келін болып, сол үйге сіңісіп, үйреніп кетуіне қатысты әңгімелер де өрбіді.
Өнегеге толы сайысқа ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қазылар алқасының төрағасы Т.Жұмабекұлы, Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Н.Қуандықов, «Ақ әжелер» ансамблінің мүшесі М.Оразбекова әділ бағасын берді. Байқау нәтижесінде, «Ақылшы ене, ибалы келін» атағын Зәуре Досымбекова мен келіні Раушан Қадірова иеленді. Ал «Бармағынан бал тамған» номинациясымен Боранкүл Келісова мен келіні Гүлзира Алматова, «Өнерлі» номинациясымен Гүлбарам Әлшоразова мен келіні Гүлфайрубен Пірназарова, «Ұшқыр ой» номинациясымен Үміт Тілеубергенова мен келіні Мөлдір Осмағанбетова және «Шебердің қолы алтын» номинациясымен Айымкүл Жұбанышова мен келіні Анар Мамытова марапатталды. Олар арнайы диплом және бағалы сыйлыққа ие болды.
Е.БЕРКІНБАЕВ