Ғұмыры өлеңмен өрілген
Ақын, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Мұхтар Сақтаповтың есімі Сыр жұртына жақсы таныс. Ақын ағаның сыршыл өлеңдері алғаш рет аудандық баспасөз бетінде жарияланып, талантты азаматты туған жері бозбала шағынан таныды. Мерейлі 85 жасқа келген қаламгердің өнегелі өмір жолы мен шығармашылығын дәріптеу мақсатында жазба ақындардың мүшәйрасы аудандық Мәдениет үйінде өтіп, оған 16 талапкер қатысты.
Аудандық газеттің ұйытқы болуымен Сақтаповтар әулетінің идеясына сәйкес, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған мүшәйра туралы алдын ала хабарланған талапкерлер ережеге сай екі өлеңнен оқыды. Қара өлеңнен маржан терген сөз зергерлеріне ақын ағаның қос шәкірті – Бағдат Есназар мен Ақтөре Ибрагимұлы және аудандық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы Әбдірайым Тоқаяқов қазылық етті.
Мүшәйраға қатысушыларды құттықтап алғысөз сөйлеген аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеңісбек Төрәлиев:
– Ауданның бас ақыны атанған Мұхтар Жаңалханұлының өмірі мен шығармашылығына арналған мүшәйраға жырсүйер қауым қатысып отыр. Өнегеге толы ақын өмірі өлеңмен өрнектеліп келеді. Тума талант үздіксіз 40 жыл бойы аудандық газетте қызмет етті. Оның қаламынан туындаған сан түрлі тақырыптағы мақалалары мен өлеңдері, сықақтары мен фельетондары оқырман жүрегіне жол тапты. Ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетовтен бата алған ақынды Сырдан шыққан танымал ақындар ұстаз етті. Ауданның бас ақыны бүгінде 85 жастың төрінде, ұрпақтарының ортасында отыр. Жырдан шашу шашамын деп талаптанып, өлеңді қадір тұтқан жазба ақындарға сәттілік тілеймін. Оза шауып бәйге алып, қуаныштарыңыз еселей түссін, – деді.
Сахна төріне кезек-кезекпен көтеріліп, өлең оқыған талапкерлер алдымен ақын ағаға арнаған арнауларын оқыса, екінші өлеңнің тақырыбы ауданға арналды.
Қатысушы 16 талапкердің арасында талай бәйгеден оза шапқан шын жүйріктер мен енді ғана жыр өлкесіне қанаттанған жас ақындар да болды. Ауданның Іңкәрдария, Қоғалыкөл, Шаған, Шіркейлі, С.Сейфуллин, Жетікөл ауылы мен Тереңөзек кентінен қатысқан талапкерлер ақын Мұхтар Сақтаповтың талантын, шынайы болмысын, шығармашылығын өлеңдеріне арқау етті.
Туған жері Тереңөзекті шын сүйген дара ақын – Мұхтар аға Сақтапов. Ақынның «Тереңөзек» атты өлеңі жерлестерінің мақтанышы айналып, кеудеге қуаныш сезімін сыйлады. Жергілікті халықтың гимніне айналған өлеңге ақынның баласы Махмұт Мұхтарұлы әсем саз жазды. Әншілердің бағын ашқан, талай байқаулардың жүлдесін алған көркем ән «Сырдария» квартетінің репертуарына енді.
Мүшәйрада сөз алған ақын Бағдат Есназар ақын ұстазының Тереңөзек туралы жазған өлеңін оқып, ақынның мәртебесін биіктетті.
– Мұхтар ағаның өлеңдері өмірінің өзегіне айналды. Ақынжандылардың асқар тауы болған, дарынды азаматқа бас имейтін жан кемде-кем. Әсіресе, өлең сөздің қадірін білетіндер үшін орны бөлек ақын ағаға күн сайын сәлем беруге асығып тұрамыз. Оның батасын алуға тырысамыз. Атақты Иран-Ғайып ақын ағаны ұстаз тұтты, сырласты. Ақындық жол – қиын жол. Сол қиын жолда өнегелі өмір сүрген ақын ағаның шыққан биігі, алған мәртебесі – біздер үшін үлгі-өнеге. Мінезі жібектей жұмсақ тұлға мейірімге толы жүрегімен туған жерді аялауға, құрметтеуге үйретті. Жақсылыққа балаша қуанатын ақын аға ауданның мәдени, рухани дамуына қырық жыл атсалысты. Мұхтар ағаның ғұмыры ұзақ болсын, талантты ақындарға батасын беріп ортамызда жүре берсін, – деген қазылар алқасының мүшесі Бағдат Есназар 10 талапкерге «Алғыс хат» тапсырды.
Қазылар алқасының мүшесі Әбдірайым Тоқаяқов мүшәйраның үшінші орын жүлдегерлері атанған Ақтолқын Абылаева мен Әйгерім Советке диплом мен қаржылай сыйақысын тапсырды.
Жүлдегерлерді марапаттау салтанатында сөз кезегі қазылар алқасының төрағасы Ақтөре Ибрагимұлына беріліп, мүшәйраның екінші орын иегерлері марапатталды. Марапат иелері Гауһар Айғалиева мен Қанат Көзейбайға арнайы диплом мен қаржылай жүлде тапсырылды.
– Бүгін біз идеологиялық тұрғыдан маңызды, тағылымы мол әдеби іс-шарада бас қосып отырмыз. Ауданның бас ақыны Мұхтар Жаңалханұлы Сақтапов атамыздың құрметіне арналған іс-шараның үлкенге де, кішіге де берері мол деп есептеймін. Негізінен, іс-шараның ұйымдастырушысы біз болғанымен, ұйытқысы, идея авторлары һәм қолдаушысы – ақынның ұрпақтары. Сондықтан шын жүрегіммен ақынның ұрпақтарына алғыс айтып, ризашылығымды білдіремін. Мұхтар ата біздің ауданның ғана емес, айдынды Арал мен қарт Қаратау аралығын қоныстанған Сыр өңірінің ортақ ақыны. Мұны біздің аға буын өкілдері де айтып, жазып кеткен. Мысалы, Иран-Ғайып, Қайырбек Асанов, Жадыра Дәрібаева, арамызда жүрген Бағдат Есназар – ақынның ізбасарлары, төл шәкірттері, өлеңінің де, өнерінің де жалғастырушылары. Мен осы қатарға бүгінгі мүшәйраға қатысқан талапкерлерді де қосқан жөн деп есептеймін, – деді Ақтөре Ибрагимұлы.
Сонан соң «Nur Otan» партиясы облыстық филиал кеңесшісі, ақын ағаның немересі Әсет Мұхтаров мүшайраның бірінші орын иегері Мұхамеджан Мансұровқа жүлдесін тапсырып, іс-шараны ұйымдастырушыларға риясыз алғысын білдірді.
Мүшайраның бас жүлдесін Іңкәрдария ауылындағы №191 орта мектептің мұғалімі Марал Сағындықова жеңіп алды. Жүлдені аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеңіс Төрәлиев тапсырды. Ақынжанды ұстаз Марал Сағындықова мүшәйрада «Ағамызға ақ тілек» және «Тереңөзек – терең өзегім» атты өлеңдерін оқыды.
– Бүгін шын мәнінде аға ұрпақты ұлықтаған керемет іс-шараны көріп, тамашаладық. Әкеміз Мұхтар Сақтаповтың ауданға сіңірген еңбегі, оның шығармашылығы жан-жақты ақындардың өлеңдерімен жыр жолдарына жазылды. Жыр мүшәйрасын ұйымдастырушыларға отбасымыздың атынан айтар алғысымыз шексіз. Әсіресе, әкеміздің шәкірттері осы кештің жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Сексеннің сеңгірінен асқан әкемізді құрметтеп, қадірлеген ел-жұртқа үлкен ризашылықпен басымызды иеміз, – деді ақын ағаның қызы, №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектептің директоры Света Сақтапова.
Айту керек, ауданның бас ақыны Мұхтар Сақтаповтың шығармашылығын дәріптеуге арналған іс-шара аудандық кітапханада «Өлке болып оқимыз» жобасы негізінде жыл бойы өтіп, қорытындыланған болатын. Жалпы ақынды құрметтеу, қадірлеу тоқтап қалмақ емес. Ақынның ұлағатты ұрпақтары, ойлы оқырмандары, ардақтайтын шәкірттері бар кезде алдағы уақытта да осы тектес іс-шаралар өтетін болады.
Бибісара ЖАНӘЛІ