Еңбек еленді, құрметке бөленді
Ала жаздай танапта тынымсыз тіршілік еткен шағандық еңбеккерлер ел егемендігінің 30 жылдығында «Алтын-дән» мерекесін атап өтіп, қос тойды қатар тойлады. Ауылдағы мәдениет үйінде «Шаған Жер» ЖШС жылды қорытындылап, межелі асуды бағындыруға атсалысқан серіктестік қызметкерлері марапатталды.
Биыл үшінші жылда серіктестікті басқарып, шаруашылық жұмысын әртараптандыруға ден қойған басшы Ж.Сыздықов еңбеккерлерді мерекемен құттықтады.
– Ең алдымен, Сіздерді Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Тұғырлы Тәуелсіздігіміздің арқасында бейбіт елде еселі еңбек етіп келеміз. Қасиетті Шаған ауылында «Социалистік Еңбек Ері» Цой Ги Хва, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Күләш Әсімовалар ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Кеңестік кезеңде Сейілбек Асанов, Шамахан Құндызбаевтар шаруашылық жұмысын жүйелі ұйымдастыра білді. Тәуелсіздік жылдарындағы Қожабек Дәдікбаевтың есімі республикаға танылды. Бүгінде күріш фабрикасы аталған Шағандағы толымды тірлік пен еңбек жолын Сіздер жалғап келесіздер. Бұл ата-баба жолын жалғаған игі істің, батырлықтың үлгісімен сусындаған дала диқандарының өлшеусіз еңбегі іспетті. «Егінді өсіре білу – алғашқы асу ғана. Ысырапсыз жинап алу – мәре» деген даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев. Күз маусымында дала еңбеккерлерінің мерейі тасып, абыройы асқақтайтын кезең екені баршаңызға белгілі. Осы салада еңбек етіп, мерейге бөленіп келесіздер. Шаруашылық жұмысын ілгерілетуге атсалысып келе жатқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін, – деді Жеңісбек Шәкімбайұлы.
Өз құттықтауында серіктестік басшысы шаруашылықта атқарылып жатқан аутулы жұмыстарға тоқталып, биылғы нәтижені атап өтті.
Жалпы, шаруашылық диқандары биыл 2900 гектар алқапқа күріш дақылын орналастырды. Оның әр гектарынан орта есеппен 59,1 центнер өнім алып, қамбаға 171 500 центнер тонна астық құйды. Сонымен қатар, 550 гектар алқапқа бидай мен жоңышқа және 100 гектар алқапқа мақсары дақылдары егіліп, мол өнім жиналды.
Серіктестік жұмысын әртараптандыру мақсатында 320 шаршы метрді құрайтын жылыжай кешені салынған. Тамшылатып суару әдісімен егілетін қияр әр маусым сайын 700 келіге жуық өнім беруде. Сонымен бірге, осы жылдың мамыр айынан бастап «Шаған» сауда үйі іске қосылған. Нарық бағасынан бірнеше есе төмен дүкеннен ауыл халқы азық-түліктен бастап, тұрмысқа қажетінің бәрін таба алады.
Ардагерлердің бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында шаруашылық демеушілігімен демалыс кешіні ашылды. Спорттың шахмат, үстел теннисі және бильярд түрлерінен арнайы кабинеттер бар. Ал алдағы уақытта серіктестіктің тарихынан сыр шертетін мұражай ұйымдастыру жоспарланыпты.
Одан бөлек, биылдан бастап «Қожабек бағы» қайта қолға алынды. 900 түп алма ағашының екі сорты өсетін баққа көкөністер мен бау-бақша өнімдері орналастырылған. Алғашқы жылы жақсы өнім берген бақ тұрғындардың игілігіне қолданылуда. Айта кету керек, шаруашылықтың қолдауымен «Қожабек Дәдікбаев атындағы» шәкіртақы тағайындалған. Ол білім саласындағы жоғары нәтижеге жеткен мектеп озаттарына берілмек. Серіктестік мұнан басқа мәдени, спорттық сайыстарға және білім бәсекелеріне демеуші болып, ауылдың әл-ауқатының артуына септігін тигізуде.
Құттықтаудан соң еңбек озаттары мен жыл қорытындысы бойынша жоғары нәтиже көрсеткен 80-ге тарта шаруашылық қызметкері «Алғыс хат», қаржылай және бағалы сыйлықпен марапатталды. Оның қатарында озат болған бригадирлер, күрішшілер, комбайнерлар, механизаторлар бар. Сондай-ақ, серіктестің жүйелі жұмысын ақпараттандырып жүрген республикалық, облыстық және аудандық БАҚ өкілдері де марапат тұғырынан көрінді.
Мерекелік салтанатта елді мекеннің дамуына айрықша үлес қосқан еңбек ардагерлері мен сала мамандарына аудан әкімінің «Алғыс хаты» табыс етілсе, ұзақ жылдан бері шаруашылықта жұмыс істеп келе жатқан майталман мамандар сый-құрметке бөленіп, құрметті зейнет демалысына шықты. Серіктестік директоры құрмет иелеріне шынайы ризашылығын жеткізді.
Қос мерекені қатар өткізген шағандық еңбеккерлердің құрметіне аудан және ауылдық өнер мектебінің өнерпаздары өз өнерлерін көрсетіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ