Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Нағилық еңбеккерлер автокөлік мінді

Нағилық еңбеккерлер автокөлік мінді

Республикадағы үлгілі ауылдардың бірі – Н.Ілиясов елді мекенінің тұрғындары ата кәсіп болған егін шаруашылығынан нәпәқасын тауып келеді. Осы саладағы жан-жақты өркендеу мен серпін арқылы ауыл гүлденіп, көркейген. Оған қоса, ­жыл артқан сайын іргелі шаруашылық – «Мағжан және К» ЖШС еңбеккерлерінің де мерейі үстем болуда. Биылғы қиыншылықтарға қарамастан егіннен мол өнім алған шаруа­­лар жылды жоғары жетістікпен қорытындылап отыр.
Жыл қорытындысына орай дәстүрге сай батырлар ауылында «Алтын дән – 2021» мерекелік іс-шарасы өтті. Оған аудан әкімі М.Ергешбаев, Қазақстанның Еңбек Ері А.Ералиев, «Мағжан және К» ЖШС дирек­торы, аудандық мәслихат депутаты Д.Ералиев және еңбек­керлер қатысты. Алдымен, серіктестіктің жетіс­тіктеріне қатысты бейнеролик көрсетілді. Мұнан соң аудан басшысы шаруаларды молшылық мерекесімен құттықтады.
– Қасиетті қарт өзеннің жағасында орналасқан ын­тымағы жарасқан Нағи Ілиясов ауылының бүгінде әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты қарқынды дамып, аймағымыздағы алдыңғы қатарда жүрген елді мекен саналады. Бұл қасиетті топырақта еңбек майталмандары мен дала диқанының батырлары дүниеге келді. Елді мекен іргетасын қалаған Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясовтың еңбегі ұшан-теңіз.
Одан бертін келе шаруашылықты басқарған «Социалистік Еңбек Ері» Алдаберген Бисенов шаруашылық жұмысын жүйелі үйлестіріп, ел үшін еңбек етті. «Социалисттік Ең­бек Ері» Күләнда Әбдіраманова ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Ал Тәуелсіздік жылдарында еліміздегі ең жоғарғы награданың бірі «Қазақстан Республикасының Еңбек Ері» атағын Абзал Ералиев иеленді. Бұл ата-баба жолын жалғаған игі істің, ба­тырлықтың үлгісімен сусындаған да­ла диқандарының өлшеусіз еңбегі іспетті. Ауыл диқандарының зор табысы – біріншіден, тынымсыз ең­бек­тің жемісі болса, екіншіден, аг­рар­лық салаға көрсетіліп отырған қолдаулардың нәтижесі. Мемлекеттік қолдауларды тиімді пайдаланудың арқасында ауданның ауыл шаруа­шы­лығы өндірісінің дамуында оң нәтижелер қалыптасты. Сіздердің еткен еңбектеріңіз аудан экономикасына қосқан елеулі үлестеріңіз үшін ал­ғысымды білдіремін, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Сөз кезегінде Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев дала төсінде ала жаздай еңбек еткен еңбеккерлердің арқасында жұмыс жүйелі дамып, соның нәтижесінде жағдай жақсарып, ауыл көркейгенін атап көрсетті. Сонымен қатар, серік­тестік жұмысын әртараптандыру бағытындағы же­тіс­тіктермен бөлісті.
Іс-шарада «Мағжан және К» ЖШС-нің директоры Дархан Ералиев биылғы жылдың есебін берді. Атап айтқанда, серіктестігі ағымдағы жылы 4500 гектар алқапқа күріш дақылын орналастырып, оның әр гек­тарынан 67,4 центнер өнім алды. Ел қамбасына 303000 мың центнер астық құйып, аудан озаттары арасында алдыңғы қатардан көрінді. Сондай-ақ, жыл бойына әлеуметтік қолдау жұмыстары жүргізіліп, оған шаруашылық есебінен 200 млн теңгенің үстінде қаражат жұмсалған. Алдағы жылы серіктестікте 5000 гектар жерге егін егу межеленіп отыр. Осындай айтулы жұмыстарды атап өткеннен кейін өз саласында нәтижелі еңбек үлгісін көрсеткен шаруалар түрлі номинациялар бойынша арнайы диплом, «Алғыс хат» және бағалы сыйлықпен марапатталды. Одан бөлек, 10 еңбеккерге «Сарыағаш» шипажайына жолдама берілді. Ал жылдағы үрдіспен биыл да еңбектің үлгісін көрсеткен бірқатар еңбеккерлер автокөлік мін­ді. Атап айтқанда, егін саласында көп жыл еңбек сіңірген №5 өндірістік бригада бригадирі Жарқынбек Мейір­манов, серіктестік гидротехнигі Әсет Нұрмаханов, шаруашылық сушысы Мұрат Жақсыбаев, майталман механизаторлар Мейрам­бек Іскен­діров пен Ғабит Есжановқа су жаңа авто­көлік кілттері табыс етілді.
Жылды табыспен қорытындылаған еңбек­кер­лердің құрметіне ауданның көркемөнерпаздары кон­церттік бағ­дар­­лама ұсынып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
01 желтоқсан 2021 ж. 361 0