Еңбек озаттарына құрмет көрсетті
Шағандық шаруалар үшін биыл ерекше жыл болды. «Шаған жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңа директоры сайланып, іске білек сыбана кірісті. биылғы жылды қорытындылаған серіктестік «Алтын дән – 2020» мерекелік іс-шарасын өткізді. Дала диқандарының дүбірлі тойында жаз бойы тынымсыз тірлік еткен азаматтарға зор құрмет көрсетілді.
– Биыл шаруашылық еңбеккерлері жақсы табысқа қол жеткізіп, егінді ысырапсыз жинап алдық. Ала жаздай еткен еңбек пен төккен тер босқа кетпей, диқандарымыз мол өнімге қол жеткізді. Егілген 2872 гектар күріш алқабының әр гектарынан 62 центнерден өнім алып, ел қамбасына 177 858 центнер Сыр салысы құйылды. Құрметті дала диқандары, бұл шын мәнінде соңғы 44 жылда жиналған рекордтық өнім болды. Жеңісті еңбектеріңізбен құттықтаймын, – деп бастады өз сөзін серіктестік директоры Жеңісбек Шәкімбайұлы.
Құттықтаудан кейін шаруашылықтың әр саласында еңбек етіп жүрген бірқатар дала диқандарына «Алғыс хат» пен ынталандыру сыйлығын табыс етті. Мұнымен қоса, серіктестіктің жүйелі жұмысын жыл бойы ақпараттандырып келген баспасөз өкілдері де марапат биігінен көрінді. Өз саласында жоғары нәтиже көрсетіп, адал еңбек еткен дала еңбеккерлеріне 10 күндік «Жаңақорған шипайына» жолдама берілді.
Баяндама жасаған шаруашылық директоры алда атқаратын бірқатар жобаларға тоқталды.
– Осыған дейін ауыл тұрғындары мен ұжым тарапынан үлкен сұрақ тудырып келген орталық қырманның таразысы жаңартылды. Соның нәтижесін егін жинау науқаны кезінде қаншалықты таза өнім жиналғанын байқадыңыздар. Жанар-жағармай құю бекетінің құрылғысы жаңартылды, ескі болса да арнайы техникаларды жөндеп, пайдаландық. Жұмыс қажеттігін қамтамасыз ету үшін арнайы «Дрон» құрылғысы алынды, монша қызметі іске қосылды. Бүгінде жылыжай құрылысының жұмысы жүруде. Алдағы қысқа уақыт ішінде пайдалануға беріліп, ауыл тұрғындары өзімізден шыққан өнімдерді тұтынатын болады. Сонымен қатар ауыл әкімдігі жанындағы ескі ғимарат жөнделіп, онда дүкен ашу жоспарда бар. Алдағы уақытта әуез мектебінің ескі ғимараты да күрделі жөндеуден өткізіп, мәдени-демалыс орыны ретінде қолданысқа беру және шұжық цехын іске қосу секілді тағы басқа тың жобалар бар. Мұның барлығы біз үшін зор жауапкершілік жүктейтін болса, ауылымыз үшін жаңа жұмыс орындары, соған сәйкес салық базасы артатын болады. Бұл жобалар тек шаруашылығымыздың ғана емес Шаған ауылының дамуына тың серпін береді деп сенемін, – деді Ж.Сыздықов.
Еңбек мерекесінде өз саласында озат шыққан дала диқандары марапатталды. Атап айтқанда, «Озат күрішші» номинациясының І дәрежелі дипломымен және 500 000 (бес жүз мың) теңге қаржылай сыйлықпен Кенжетай Омаров, «Озат комбайнер» номинациясының І дәрежелі дипломымен және бағалы сыйлықпен (теледидар) Сабыр Примов, «Озат жаткист» номинациясының І дәрежелі дипломымен және 500 000 (бес жүз мың) теңге қаржылай сыйлықпен Ербол Ешмағанбетов, «Озат тасымалдаушы» номинациясының І дәрежелі дипломымен және бағалы сыйлықпен (теледидар) Нұрхан Сапаров, «Озат бригадир» номинациясының І дәрежелі дипломымен және 700 000 (жеті жүз мың) теңге қаржылай сыйлықпен Әбдікәрім Серікбаев озаттар қатарынан көрінді.
Ағымдағы жылы саналы ғұмырын серіктестіктің өркендеуі жолына жұмсаған 9 ардагер құрметті зейнет демалысына шығарып, сый-құрметке бөледі.