Тәрбиешілер топқа түсті
Егемендіктің мерейлі мерекесіне орай Ақжарма ауылындағы «Бүлдіршін» бөбекжай балабақшасында топтық сайыс өткізілді. «Тәуелсіз елім» тақырыбындағы іс-шараны өткізудегі мақсат – мерейлі белестегі еліміздің жеткен жетістіктері, ұрпақ тәрбиелеудегі балабақша қызметкерлерінің Тәуелсіздікке деген құрметін көрсету. Іс-шара басында мемлекеттік Гимн орындалып, балабақша меңгерушісі Рабиға Баекеева көпшілікті Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Желтоқсан оқиғасының куәгері арайлы азаттыққа жету жолында қазақ халқы небір қиындықтарды бастан өткергенін, оның қатарында Желтоқсанда жалынды жастардың егемендікке деген талпынысын атап өтті. Бүгінде тұғырлы Тәуелсіздіктің 30 жылдығында мемлекетіміз толайым табыстарға кенелгенінен тоқталып, оның ішінде жас ұрпақ тәрбиесіне, олардың білім алуына жақсы жағдай жасалғанын тілге тиек етті.
Топтық сайысты балабақша әдіскері Мария Сағындықова жүргізіп, іс-шараға балабақша тәрбиешілерінен құралған 5 топ қатысты. Олар 4 кезең бойынша сайысқа түсіп, өз өнерлерін көрсетті. Нәтижесінде, бас жүлдені «Қыран» тобы жеңіп алды. Ал І орынды «Бегім ана» тобы, ІІ орынды «Жалын» тобы, ІІІ орынды «Егемен ел» және «Бәйтерек» тобы иеленді. Жеңімпаздар бағалы сыйлықпен және «Алғыс хатпен» марапатталды.
Е.БЕРКІНБАЕВ