«Бақ–Нұр бөбектегі» мереке
Осы мереке аясында, «Бақ–Нұр бөбек» жеке балабақшасы да «Әрқашан күн сөнбесін» атты мерекелік концерт өткізді. Кәсіпкер Гүлстан Ақшалова, сала қызметкерлері мен ата-аналар және бүлдіршіндер қатысқан шараны балабақша меңгерушісі Ақтоты Әбдуова ашты. Балғындарды мерекесімен құттықтап келген ауданға белгілі кәсіпкер Гүлстан Әбілқасымқызы бүлдіршіндерге әкелген сыйлықтары мен тәттілерін тапсырды.
Бірнеше сайыстан тұрған шарада балақайлар өз өнерлерін ортаға салды. «Ең әдемі балақай» сайысы нда балалар сәнді киінсе, «Мен спортшы боламын» спорт сайысында бүлдіршіндер эстафета, шар жару т.б. спорт түрлерінен өздерін көрсете білді. Әрі қарай «Айгөлек» ән байқауы мен «Биле–биле» би байқауы да балалардың өнерден кенде емес екендіктерін байқатты. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» демекші балабақша тәрбиеленушілері «Әлем балалар көзімен» тасқа сурет салу сайысы бойынша да гүл, тау, күннің суреттерін салып, өздерін тәуелсіз бейбіт елдің ұрпағы екендіктерін білдіргендей болды. Ашылғанына бір жыл толған балабақшаның концерттік бағдарламасы жоғары дәрежеде өтті.
Айдана МАРАТҚЫЗЫ