Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Азат елдің озат оқушылары

Азат елдің озат оқушылары

Ел Тәуелсіздігінің жар­қын болашағы өскелең ұр­пақ­пен тікелей байланыс­ты. Осы­ған бай­ланысты аудан әкімі Мұрат Ер­геш­баев С.Сейфуллин ауыл­­­дық округіндегі №137 орта мек­­­тепте ауданның дарын­ды оқу­шыларымен кездес­ті.

«Тәуелсіздік ұрпақтары» тақырыбындағы іс-ша­рада аудан басшысы жас ұрпақ Тәуел­сіздіктің қаді­рін білу керектігін атады.

– Азаттық бізге ата-бабаның небір зұлматты бас­тарынан өткізіп, көптеген қиындықтарды жеңе білуінің арқасында келді. Бұл жолда қаншама қазақ құрбан болды. Ата-бабамыз аңсаған азаттықты бү­гінгі ұрпақ, яғни сіз бен біз көріп келе жатырмыз. Бүгінде Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып, осы уақыт аралығында дамудың даңғыл жолынан өтіп келеміз. Ендігі егемендігімізді мәңгі ету жас ұрпақтың қо­лында. Сондықтан сіздер білімді де дарынды болып өсіп, ел дамуына үлес қосуларыңыз керек. Бұл жолда ең алдымен білімді болу қажет. Аға ұрпақ жас ұрпаққа зор сенім артады, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.

Кездесуде пәндік олимпиадалар мен ғы­лы­ми жобалардың, халықаралық, республикалық өнер бай­қауларының жүлдегерлері, аудан мектептеріндегі дарынды оқушылар, егемен елдің ұландары сөз сөйледі. Атап айтқанда, ғылыми жоба байқауларының же­ңімпазы, №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-ли­цейінің 11-сынып оқушысы Нұрбек Әбіласан, олим­пиада жеңімпазы, №36 Ә.Тәжібаев атындағы мек­теп-лицейінің 11-сынып оқушысы Жансая Әл­таева, спорт шеберлігіне үміткер, шахматтан ҚР чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы, №129 Ә.Жәмішев атындағы мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Жайнел Жұ­маділдақызы сапалы бі­лім алып, ел дамуына үлес қосатындарына сенім білдірді. Ал өнер байқауының жеңім­пазы, №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Дулат Әбдікәрім «Өмір өткелдері» термесін, жас ақындар айтысының жеңімпазы, №137 орта мектебінің 8-сынып оқушысы Нұрахмет Мансұров арнау орындады.

Кездесу барысында егемен елдің ұландары аудан басшысына жетістікке жету жолдары, кәсіпкерлік, кітап оқу секілді сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды. Аудан әкімі барлық жетістіктің бастауы білімде екенін айтып, білімді әрі өнерлі өрендерді әрқашан қолдауға дайын екенін жеткізді.

Іс-шара соңында дарынды оқушыларға аудан әкімінің «Алғыс хаты» мен сыйлығы табыс етілді.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
16 желтоқсан 2021 ж. 318 0