Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерекелік медальмен марапатталды

Мерекелік медальмен марапатталды

Бү­гінде ел егемендігін еркін тойлауымыз – халқы үшін қасық қаны қалғанша күрескен ардагерлеріміздің ерен еңбегі мен данагөй ақсақалдарымыздың ақ тілеу, батасының арқасы.

Қастерлі мерекеге орай аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қарияларға құрмет көрсетіп, ақсақалдардың шаңы­рағына арнайы сәлем бере барды. Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров, тыл және еңбек ардагері Рақымжан Бәйменов, ардагер журналист Мұхтар Сақтапов және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Муса Келдібаевтардың отбасында болып, ардагерлерді ауданның экономикалық дамуына елеулі үлес қосқаны үшін «Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығы» мерекелік медалімен наградтады.

– Тарихты тұлғалар жасайтыны рас. Бүгінгі ұрпақтың алаңсыз, қамсыз тіршілігі мен ел егемендігін сақтау үшін жасаған еңбектеріңіз үшін мың алғыс. Қарты бардың – қазынасы бар. Ендігі жерде Тәуелсіз Қазақстанды одан әрі көркейту, Алаштың аспанкөк туын желбіретіп, атамұрасын келер буынға аманат ету – біздің парызымыз. Жол көрсетер алдыңғы буын, сіздер аман болыңыздар, – деп тілек білдірді Мұрат Нәлхожаұлы.

«Көп қарттың ортасында жүрген дана болар» деген. Құрмет көрсетіп, көкке көтеріп жатқан басшылыққа алғысымыз шексіз. Ертеңгі ұрпақтың болашағы жарқын болсын. Ел егемендігі мәңгі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бейбіт заман болсын» деген ақсақалдар ел экономикасы мен әл-ауқатының одан әрі артуын тілеп, ақ баталарын берді.


Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

14 желтоқсан 2021 ж. 289 0