Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерейлі белестер жылы

Мерейлі белестер жылы

Өткенсіз бүгін, бүгінсіз келешек жоқ. Сондықтан біз әр жылдың басында өткенді ой елегінен өткізіп, бүгінімізді бағамдап, болашаққа байыпты бағдар жасаймыз. Осы ретте, өткен жыл жалпы әлем, оның ішінде еліміз үшін оңай болған жоқ. Дегенмен, мемлекетімізде карантиндік талаптар шеңберінде Алтын Орда хандығының 750 жылдығы, Ұлы Жеңістің 75 жыл­дығы, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жыл­дығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы кең көлемде аталып өтілді. Енді 2021 жылға қадам бастық. Бұл жыл да ме­рейлі белестер жылы екенін атап өтуі­міз керек.

Жаңа жылдың алғашқы күндерінде «Егемен Қазақстан» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміз үшін биылғы жылдың маңызын атап көрсеткен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» тақырыбында мақаласы жарияланды. Онда ата-бабамыз сан ғасыр бойы аңсаған Азаттыққа биыл 30 жыл толатыны айтылған. Мақала шеңберінде биылғы жылда бостандықтың үш ондығын атап өтуге қатысты ауқымды шаралар өткізуге нақты тапсырмалар жүктелген.

– Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз, – деп басталатын мақаланың өн бойында бодандықтан арылған елдің егемендік жылдарда жеткен жетістігі мен ендігі ат­қарар міндеттері көрсетілген.

Бізге Тәуелсіздік оңай келген жоқ. Бұл жолда сан мыңдаған бас көтерулер орын алды. Ұлттық мүдде жолында қаншама адам құрбан болды. Азаттықтың арайлы таңының атарына сеніммен қараған еліміз қиындықтарға төзе біліп, бодандықтың құрсауынан шыға білді. Егемендікке қол жеткізгеннен кейін аяққа нық тұрып, жас мемлекеттің өсіп-өркендеуі үшін тұтас ұлт болып біріге білдік. Міне, бүгінде бекем бірлік пен жарқын істердің нәтижесінде 30 жыл уақыт өтіп, Тәуелсіз Қазақстан төрткүл дүниеде адуынды мемлекетке айналды. Алғашқы үш ондық еліміздің қалыптасып, дамуын қамтыса, ендігі уақыт – қуатты мемлекет пен кемел халық болу кезеңі. Яғни, ел егемендігі мәңгі болу үшін мемлекетіміздің қуаттылығы өте маңызды. Бұл жөнінде Ел Президенті «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дә­йекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты Тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс» деп нақты айтты.

Жалпы осы жылы біз Тәуелсіздік құндылығын, азаттықтың қадірін, егемендіктің еңселілігін дәріп­тейтін боламыз.

Одан бөлек, 2021 жыл атаулы даталарға толы. Атап айтқанда, халық азаттығын көксеген күрескер, халық батыры Исатай Тайманұлының 230 жылдығы, қазақтың ағартушы педагогы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы, дәулескер күйші Дина Нұрпейісованың 160 жылдығы, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығы, Алаш қозғалысының жетекшісі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар аталып өтілмек. Сондай-ақ Әлімхан Ермеков (130 жыл), Манарбек Ержанов (120 жыл), Ахмет Жұбанов (115 жыл), Латиф Хамиди (115 жыл), Қасым Аманжолов (110 жыл), Баубек Бұлқышев (105 жыл), Мұқағали Мақатаев (90 жыл), Өзбекәлі Жәнібеков (90 жыл), Олжас Сүлейменов (85 жыл), Сайын Мұратбеков (85 жыл) және тағы да басқа қазақ зиялылары мен көрнекті тұлғалардың мерейлі даталарына орай арнайы іс-шаралар өткізіліп, олардың өмір жолдары мен елге жасаған қызметтері, шығармалары дәріп­телмек.

Бұл жылда халық жазушысы Қабдеш Жұма­діловтің 85 жылдығы, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров пен композитор Кеңес Дүй­секеевтің 75 жылдық мерейтойлары екенін атап өткен жөн. Сонымен бірге қазақтың қоғамдық са­насының оянуына және ұлттық мәдениеттің дамуына үлкен үлес қосқан «Айқап» журналының шыққанына да 110 жыл толады.

Жалпы, атаулы мерейтойларға байланысты жыл басынан іс-шаралар бекітіледі. Оны кеңінен атап өту барысында бейбітшіліктің, бекем бірліктің ел үшін маңыздылығы насихатталады, тұлғалардың өнегелі өмір жолдары тағылым етіледі. Сол арқылы мерейлі белестер жылы дәріптеліп, өскелең ұрпақ өткенді біліп, келешекке кемел көзқараспен қарайтын болады.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
19 қаңтар 2021 ж. 774 0