Қолөнері шебері ұстаздармен тәжірибе алмасты

Танымдық іс-шараны ашқан музей директоры Марат Омаров Қазақ ССР оқу ісінің үздігі», «Сырдария ауданының Құрметті Азаматы», ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Жәнібек Маханбеттің шығармашылығы мен өмір жолына тоқталды.
– Бүгінгі кездесудің маңыздылығы жоғары. Жәкеңнің өз қолынан шыққан туындыларын көрме ретінде ұсынып, ұстаздармен пікір алмасуға бас қосып отырмыз. Көркем еңбек пәнінен беретін ұстаздардың қызметі ерекше. Балаларды еңбекке баулып, тағылымды тәрбиені бойына сіңіріп келеді. Шәкіртеріңіздің арасынан суретші, қолөнерші шығып жатса қуанамыз. Қашанда аудан мерейін тасытатын, рухани құндылықтарымызды дәріптейтін келер ұрпаққа сенім мол. Арнайы көрмеде әріптесіміз Жәнібек Маханбеттің талай жылғы көз майын тауысып жасаған еңбектері қойылған. Негізінен, балалар арасында балға мен шегені дұрыс ұстай білетін епті, іскер жандарды тәрбиелеп шығаруымыз керек, – деді Марат Омаров.
Өз кезегінде кездесу қонағы Жәнібек Асанұлы авторлық туындыларын жиналғандарға таныстырды.
– Бала кезімнен қолөнерге құштар болдым. Қазақтың танымал тұлғаларының еңбектеріне қызықтым. Соларға бой түзедім. Барлық жасаған еңбегімді жоғары бағалаймын. Кездесуді пайдаланып, ұстаздар қауымымен тәжірибе алмассам деймін. Менің туындарым жайлы толымды ойларыңызды тыңдауға дайынмын, – деді қолөнер шебері.
Осылайша көркем еңбек пәнінің мұғалімдері өзара пікір алмасып, қолөнер туындыларының жасалу жолдарына қанықты. Сонымен бірге ұстаздар ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібековтің «Алғыс хатына» ие болды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ