Пробация қызметі: Азаматтарды қоғам өміріне бейімдеу маңызды
Апта ағымында аудандық жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің қолдауымен «Алғыр ой» коммерциялық емес жеке қорының ұйымдастыруымен кент мәдениет үйінде семинар-кеңес өткізілді.
«Бас бостандығын айыру орындарынан босатылған және босатылатын, сонымен қатар пробация қызметі есебіндегі азаматтарға арналған қызметін ұйымдастыру» жобасы аясында жүзеге асқан семинар-кеңеске аудандық сот төрағасы Р.Алдамбергенов, аудан прокурорының көмекшісі Ж.Сиха және аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Е.Зұлқарнаев, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ғ.Оралов, аудандық пробация қызметінің аға инспекторы А.Сақыбеков, «Алғыр ой» коммерциялық емес жеке қорының төрағасы Ғ.Болғанбаев, сала мамандары қатысты.
Семинар-кеңесті ашқан аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев пробация қызметі есебінде тұратын азаматтарды қолдау барысы жайында айтты. Жыл сайын пробация қызметін үлестірудің кешенді жоспарларын таныстырды. Өз кезегінде аудандық пробация қызметінің аға инспекторы А.Сақыбеков аталған сала бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
– Бүгінде пробация қызметінің есебінде тұратын азаматтармен жан-жақты байланыс орнатылған. Жыл басынан бері арнайы жоба шеңберінде бірнеше іс-шара ұйымдастырылды. Сала мамандарымен кездесу барысында олардың түйткілді мәселелері шешімін тапты. Аудан бойынша пробация есебінде тұрған 42 азамат бар. 2-5 жыл көлемінде бақылауға алынатын жандарға осыған дейін 76 мәрте денсаулығына байланысты көмек көрсетілді. Он адам жұмыспен қамтылды. Алдағы уақытта нақты жоспар негізінде азаматтарды қоғамдық іс-шараларға тарту жалғасын табатын болады, – деді аға инспектор А.Сақыбеков.
Келесі кезекте аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Е.Зұлқарнаев аудандық полиция бөлімімен бірлесіп атқарылған жұмыстар жөнінде мәлімет берді.
– Есепті кезеңде бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетілді. Арнайы квота негізінде бос жұмыс орындарына азаматтарды орналастыру қарастырылған. Жалпы, аудандық жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен 2 жәрмеңке, 2 консультациялық-кеңесші органмен «Ашық есік» күні, әлеуметтік оңалту іс-шараларын жүргізу мақсатында 4 спорттық іс-шара ұйымдастырылды. «Мемлекеттік атаулы көмек туралы» ҚР Заңына сәйкес, 1 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. «Мектепке жол» акциясы аясында 10 балаға көмек көрсетілді, – деді Е.Зұлқарнаев.
Семинар-кеңесте аудандық сот төрағасы Р.Алдамбергенов пен аудан прокурорының көмекшісі Ж.Сиха пробация қызметі есебінде тұратын азаматтардың заң аясында шешілуі тиіс мәселелеріне тоқталды. Қоғам өмірімен тығыз байланыс орнатып, қайта қылмыс жасауға итермелейтін факторлармен жұмыс жасау керектігін ескертті. Әрбір азаматтың әлеуметтік жағдайына аса мән беріп, тұрмыстық әлеуетін саралау тетігін ұйымдастыруды тапсырды.
Аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары жиналғандарға арнап семинар-тренинг өткізді. Кент мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ