Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіз елдің ұланымын

Тәуелсіз елдің ұланымын

Ел егемендігінің 30 жылдығына орай мектеп оқушылары арасында «Тәуелсіз елдің ұланымын» тақырыбында аудан­дық эссе және сурет байқауы өткізілді. 5-8 сынып оқушылары белсенділік та­нытқан іс-шараны аудандық білім бөлімі ұйымдастырды.

Шығармашылыққа икемді жас таланттарды анықтау, оқу­шыларды көркемдік пен әсемдікке бағыттауды мақсат еткен байқау №131 мектепте өтті. Эссе номинациясы бойынша сынға түскен оқушылар егемендіктің қадір-қасиетін көркем сөзбен жеткізе алса, суретшілер қылқаламға тіл бітіріп, сырлы бояумен Тәуелсіздіктің нышанына айналған мемлекеттік рәміздердің суретін салды. Өскелең ұрпақ бойына патриоттық тәрбиені сіңіріп, отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған іс-шара алға қой­­ған мақсаттарына жете ал­ды.

Оқушылардың белгіленген уақыт ішінде жасаған шы­ғар­машылық жұмыстары ашық түрде арнайы мамандармен талданып, байқау қорытындысы шығарылды. Нәтижесінде, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» тақыры­бындағы эссе бай­қауы бо­йынша бірінші орынды №35 мектеп-лицейдің 8-сынып оқушысы Зере Мұхтар жеңіп алса, екінші орынды №37 мектеп-лицейінен Айжан Сәкенқызы, №42 мек­теп-лицейінің оқушысы Ақнұр Амангелдиева, №130 ор­та мектебінен Ханшайым Орынбекқызы өзара бөлісті. Ал жүлделі үшінші орын №131 орта мектептің 6-сынып оқушысы Гүлсезім Тимурқызы мен №174 орта мектептің 8-сынып оқушысы Гүлнафис Есенғараеваларға бұйырды.

Ал сурет номинациясы бойынша І дәрежелі дипломды №174 орта мектептің 8-сынып оқушысы Асқар Амангелді алды. ІІ дәрежелі марапатты №137 орта мектептен қа­тысқан Асылай Тұрсынбаева мен №36 мектеп-лицейінің 5-сынып оқушысы Аслан Ғалымұлы өзара бөліске салды. ІІІ орын №131 орта мектептен Мақсат Нәби мен №191 орта мектептің намысын қорғаған Зейнеп Нұрланқызына табысталды.

Байқау жеңімпаздарына білім бөлімі басшысының арнайы «Алғыс хатымен» қоса бағалы сыйлықтар табысталды.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

23 қараша 2021 ж. 688 0