Шіркейлідегі шуақты шара

Спорттық іс-шараны ауыл әкімі Т.Құламқадіров ашып, қатысушыларды келе жатқан егемендік мерекесімен құттықтады.
– Тәуелсіздік – басты құндылығымыз. Елбасының және Мемлекет басшысының тапсырмасымен азат елде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын жақсы білесіздер. Оның ішінде, Сырдария ауданында да, біздің ауылымызда да жоспарлы жұмыстар жоғары деңгейде орындалуда. Бұл – біздің тату тірлігіміз бен бекем бірлігіміздің жемісі. Сіздерді Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Спорт бәсекесіне белсенділікпен қатысып, марапат биігінен көрінулеріңізге тілектеспін, – деген ауыл әкімі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дендеріне саулық, отбасыларына амандық тіледі.
Мұнан соң спорттық іс-шара басталды. Қатысушылар бірнеше ойын түрлерінен сынға түсті. Оның ішінде, дартс, шашка және қол күресі тартысты өтті. Жеңіске ұмтылғандар жігері мықты екенін дәлелдеді. Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне ауыл әкімдігінің, ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері, спорт мектебінің жаттықтырушылары ерекше атсалысты. Нәтижесінде, іс-шара жоғары деңгейде қорытындыланды. Ауыл әкімі жарысқа белсене қатысып, үздік көрсеткішке жеткен қатысушыларға «Алғыс хат» пен естелік сыйлық табыстады. Шіркейлідегі шуақты шара соңында аға буын өкілдері ақ батасын беріп, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Іс-шара барысында ән мен жырдан шашу шашылып, қатысушылар көтеріңкі көңіл-күйге бөленді.
А.СЕЙІЛОВ