Ептілік пен мықтылық жарысы
Кеше Аманкелді ауылында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен және "Жалын" еріктілер штабының қолдауымен ұлттық спортты насихаттау мен дамыту бағытында "Көкпардан" ауылішілік турнир барлық карантин талаптарын сақтай отырып, жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Аталған турнирді Аманкелді ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Нұрғалиев ашып, ауыл ардагерлеріміз Мырзағали Кенбаев пен Бижан Сейдалиев қатысушыларға сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
Ұйымдастырушылар ардагерлерді ардақтап, қарттарымыз қазынамыз екендігін айтып, қазақы үрдіспен шапан жапты.
Шара барысында өнерпаздар өнер көрсетіп, патриоттық әндермен шабандоздардың намысын қайрады. Әсем әндер арқылы елін, жерін шын құрметтеуге үндеді.
Бүгінгі жарыс Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру:болашаққа бағдар» мақаласын қолдаудың, оны жүзеге асырудың негізгі нышаны.
Жалпы, ұлттық спортты дамыту арқылы салауатты өмір салтын насихаттау және Аманкелді ауылында ұлттық спортты жандандыру басты мақсатқа айналып отыр.
Қазіргі таңда елді мекенде ұлттық спортпен 30-дан астам спортшы-шабандоздар шұғылданады. Жасыратыны жоқ, ұлттық спорт - көкпардан ауылымыздың намысын осы азаматтар қорғап жүр. Демек, біздің алар асуымыз бар, биік мақсаттарға жетуге мүмкіндік мол. Осы спорт түрін дамытуға тұрақты жұмыстар атқарылатын болады.
Барлық жарысқа қатысушылар ауыл әкімінің арнайы алғыс хаты мен еріктілер штабы мүшелері мен ауыл азаматтарының дайындаған қаржылай сыйлықтарымен марапатталды.
Мұнан соң аталған шараға әділ қазылық жасап, ат спортының шын мықтыларын анықтауға септігін тигізіп, жоғары деңгейде өтуіне зор үлесін қосқан бірқатар азаматтар алғыс арқалады.
Ауыл азаматтарының ауызбірлігін арттыруға және ұлттық спорт түрін дамытуға үлес қосып жүрген барлық турнирді ұйымдастырушы жандарға алғыс білдіреміз.