Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың Ұстаздар күнімен құттықтауы
Қадірлі сала ардагерлері!
Баршаңызды Ұстаздар күнi кәсiби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын ұстазға деген халқымыздың құрметі қашанда ерекше. Өйткені, қоғамның басты байлығы – адам болса, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Мектептің жаны – мұғалім» деп жоғары баға берген. Мектепті жас ұрпақ білім алатын бастау десек, мұғалім – Тәуелсіздікке тірек болар сол бастаудың басты тұлғасы. Ақиық ақын Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» дегендей, біз үшін білікті ұстаздар бәрінен де қымбат.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Бүгінде еліміздің болашағы жарқын болып, дамыған мемлекетке айналуы үшін мұғалімдер қауымы аянбай еңбек етіп жүр. Жалпы, кім-кімнің де жақсы адам, мықты маман болуы ұстазына байланысты» деп мұғалім мәртебесінің биік екенін атап көрсетті.
Қазіргі заманда білім деңгейі жоғары ұлт қана жаһандану талаптарына жауап бере алады. Сол себепті мемлекет дамуында білім саласы әркез жаңашылдықты талап етеді. Бұл жауапкершілік ең алдымен ұстаздарға жүктелетіні анық.
Дана халқымыз «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» дейді. Білім берген шәкірттеріңіз мерейлеріңізді асырып, биіктерден көрінсін. Мерейлі мерекеде Сiздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ұстаздық жолда шығармашылық табыс тiлеймiн!
Құрметпен,
Берік Сәрменбаев
Сырдария ауданының әкімі











