Нағи спортшыларының бәсі биік
Нағи Ілиясов ауылы әкімдігінің қолдауымен «Сырдария – Ақпарат 2050» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен оқушылар арасында спорттық іс-шара ұйымдастырылды.
Спорттық іс-шараға ауылдық округтегі мүмкіндігі шектеулі, бірақ денсаулығына кері әсер етпейтін спорт түрлерімен шұғылдануға рұқсаты бар жасөспірімдер қатысты.
Іс-шараның ашылуында Нағи Ілиясов ауылы әкімі аппаратының жастар ісі жөніндегі маманы А.Мәлібекова мен «Сырдария – Ақпарат 2050» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Ибрагимұлы сөз сөйлеп, спорттық іс-шараға қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Карантин талаптары спорттық іс-шаралардың өткізілу форматын өзгертті. Сондықтан көп адамды жинамай, іс-шара мейілінше санитарлық талаптарды қатаң сақтау арқылы ұйымдастырылуда. Бүгінгі спорттық ойындарға қатысушылардың барлығын жеңімпаз деп есептейміз. Өйткені, Сіздер өмірге деген құлшыныстың, жетістікке еген ұмтылыстың нақты көрінісі болып табыласыздар. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін, – деді Аймереке Мәлібекова.
Өз кезегінде «Сырдария – Ақпарат 2050» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Ибрагимұлы Н.Ілиясов ауылының республика бойынша үздік ауыл болып саналатынын айтып, елді мекеннің жастар да үздік, озық ойлы және белсенді болуы қажет екенін атап өтті. Ауыл әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып жатқан іс-шараға қатысушыларды Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесімен құттықтап, тілектестігін білдірді.
Дартс, қол күресі, шашка және Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығындағы жетістіктерімізді айшықтайтын суреттер салу бойынша ұйымдастырылған жарыстың жоғары деңгейде өтуіне ауылдық спорт кешен меңгерушісі Б.Мығымбаев, грэпплинг күресінің жаттықтырушысы Д.Кеңесов және әлеуметтік қызметкер А.Садықова атсалысты.
Іс-шара қорытындысында барлық қатысушыларға Алғыс хат және бағалы сыйлықтар берілді. Марапат иелері естелік суретке түсті. Сондай-ақ сурет байқауына қатысушылардың туындылары алдағы уақытта аудандық газетке жарияланатыны белгілі болды.