Pfizer екпесі – коронавирусты тежеудің жолы
Пандемияны тоқтатудың жолы – вакциналау. Жаппай вакциналау арқылы әлемді дүрліктірген коронавирусты тежейміз. Бұл жайында ел Президенті Қ.Тоқаевтың биылғы Жолдауында да айтылды. Вакцинадан бас тартқандар жақындарының денсаулығына қауіп әкелетіндіктен олардың арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігін айтты.
Пандемияны тоқтатудың жолы – вакциналау. Жаппай вакциналау арқылы әлемді дүрліктірген коронавирусты тежейміз. Бұл жайында ел Президенті Қ.Тоқаевтың биылғы Жолдауында да айтылды. Вакцинадан бас тартқандар жақындарының денсаулығына қауіп әкелетіндіктен олардың арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігін айтты.
Жақында еліміз бойынша тағы бір науқан басталды. Бұл жолғысы вакциналаудың жаңа түрі «Pfizer» деп аталады. Вакцинаның артықшылығы – жасөспірімдерге, жүкті, бала емізетін аналарға арналғандығы. Шетелдік тәжірибеден сыналған вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған. Бүгінде әлемнің ондаған елінде 12 жастан бастап салынса, АҚШ-та 5 жастан асқан балалар жаппай «Pfizer»-ді қабылдауда. Вакцинаны өндіруші америкалықтардың вакцинасына сұраныс жоғары. Қытайдың өзінде миллиондаған балалар коронавирус құрбанына айналмас үшін «Pfizer»-мен егілді. Балалардың жасы 3 пен 17 жас аралығын қамтыды.
Қазақстанда коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина бүгінде қолжетімді әрі тегін жүргізіледі. Сырдария ауданында да басталған егу жұмыстары туралы аудандық аурухана бас дәрігерінің бастапқы санитарлық-медициналық көмек жөніндегі орынбасары Ж.Жұмабаева:
– Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 77-бабына сәйкес кез келген медициналық рәсім, оның ішінде вакциналау егілушінің келісімімен ғана жүргізіледі. Жасөспірім үшін 12 жас пен 17 жас аралығындағы балаларға ата-анасының немесе заңды өкілінің хабардар етілген жазбаша келісімімен ғана жол беріледі. Егуден бас тартқаны үшін қандай да бір жаза қарастырылмайды. Яғни, ерікті түрде жүргізіледі. Вакциналау мектептерде егу кабинетінде жүргізіледі. Егер ата-анасы медициналық ұйымның егу пунктінде егілуін қаласа, оған ешқандай қарсылық жоқ. Бүгінде ауданға 180 доза «Pfizer» вакцинасы жеткізілді. Осы күні 114 вакцина егілді. Оның 56-ын жасөспірім, ересектер, яғни 58-ін жүкті әйелдер қабылдады. 1 құтыдағы вакцина 6 адамға салынады. Егілгендер арасында ешқандай кері әсер немесе басқа да жағдай тіркелген жоқ, – деді.
«Pfizer» вакцинасы туралы ақпарат беру үшін медицина ұйымының өкілдерімен арнайы жұмысшы топ құрылды. Барлық білім беру мекемелерінде ата-аналардың қатысуымен жиналыс өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Түсіндіру барысында вакциналау алдында, одан кейін және күтілетін реакциялар туралы толық ақпарат берілуде.
Ең алдымен, ата-анасының немесе заңды өкілінің қатысуымен егілетін жасөспірімге тексеру, сұрау жүргізеледі. Болуы мүмкін реакциялар, егуден кейінгі жағымсыз жағдайлар туралы толық ақпарат берілген соң және иммундауға қарсы көрсетілім болмаса, егуге рұқсат алынады.
– Егуден кейін кері әсер туындаса медициналық көмекке жүгіну қажет. «Pfizer» вакцинасымен егуге қарсы көрсетілім ретінде белсенді затқа немесе препараттың кез келген басқа компоненттеріне аллергия, жұмыртқа немесе желатинге аллергияның болуын атап өткен жөн. Сонымен қатар, вакцина 12 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен 16 аптаға дейінгі жүктілігі бар әйелдерге салынбайды. Инфекциялық және созылмалы аурулары бар адамдар ауруы асқынған кезеңде егуді кейінге қалдырғаны жөн. Екі кезеңде салынатын вакцина алғашқы дозасын алғаннан соң екіншісі 21-ден 28 күнге дейінгі аралықта алынуы тиіс. Жалпы, коронавируспен ауырып жазылған адамдарға 6 айдан соң егілуге рұқсат беріледі, – дейді дәрігер Жанар Әшімқызы.
Қай кезде де екпе туралы екіұдай пікір айтатын жалпы жұрттың алдында таңдау тұр. Дегенмен, жеткіншектердің денсаулығын қорғауға арналған арнайы екпенің артықшылығы жайында көп пікір бар. Соның негізгісі әлі де қоғамға қауіп төндіріп отырған инфекцияның ауыр ағымы мен асқынуының алдын алады деген ақпарат. Сонымен қатар, вакцина қабылдау арқылы «ұжымдық иммунитетті» қалыптастырып, жақындарыңызды қорғайсыз. Ал «вакцинация паспорты» кез келген жерде сіздің және балаңыздың еркін жүріп тұруыңызға берілетін жеңілдік екенін ұмытпаңыз.
Бибісара ЖАНӘЛІ