Вакциналау – індетті тоқтатудың жолы
Коронавирус індеті елді қайта әбігерге сала бастады. Күн сайын ақпарат құралдары арқылы індеттің өршіп бара жатқандығы туралы естіп біліп отырмыз. Біздің ауданда індетке шалдығушылар қатары күн сайын артып барады. Әсіресе кент бойынша коронавирус ушығып тұр.
Алаңдатарлық жағдай. Біршама уақытқа бәсеңдеген вирусты инфекция адамдардың салғырттығынан қайтадан күшейе түсуде. Бұлай айтуымызға халық арасында той-томалақтың көптеп жасалуы мен санитарлық талаптарды орындамау салдары тұрғаны себеп болуда.
Әрине, жұқпалы аурудың ошағы індетке шалдыққан адам саналады. Сондықтан өзін ғана емес, өзгенің, жақындарын ойлаған адам барынша сақтануы керек. Көпшілік орындарға бармай, тығыз қарым-қатынастан абай болғаны жөн.
Қазір мектеп оқушыларының арасынан да індетке шалдыққандар тіркеліп, бірқатар білім ошақтары карантинге жабылды. Қатаң санитарлық талаптарды сақтамағандықтан вирустың тырнағына жас балалар ілінуде. Ендігі жерде науқастарды оқшауландырып, аурудың асқынуына жол бермеу мақсаты тұр. Бұл бір ғана денсаулық сақтау саласының немесе санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы мамандарының міндеті емес, баршамыз болып атсалысатын жағдай.
Мемлекет тарапынан қабылданған вакциналау міндетіне де атүсті қарауға болмайды. Вакцина салғызу арқылы індетті тежейміз, қарсы тұра аламыз. Ел арасындағы екпеге сенбеушілік және екпе салғызуға немқұрайлық танытатындарға айтарымыз, біздің қызметкерлер алдыңғы қатарда екпе салғызды. Барлығымыздың денсаулық жағдаймыз жақсы. Арамызда кері әсермен шағымданушылар болған жоқ. Сондықтан, ел-жұртты денсаулық жағдайына қарайлай отырып, түгелдей екпе салғызуға шақырамын. Коронавирусты тоқтатудың жолы – вакциналау екенін тағы да айтқым келеді.
Ұлжан НҰРБАЕВА,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
қадағалау басқармасының жетекші маманы